Жылдағы дәстүрге сай Сыр диқандары дала жұ­мыс­­тарын бастап кетті. Өңір аграрийлері биылғы егін егу науқанына қызу дайындықпен келіп, алтын күз­де берекелі өнім алуға үмітті.
Егістік алқаптағы еңбек дүбірі
369
оқылды

Соңғы жылдары елімізде су ресурстарына бай­ла­нысты болған мәселе  шаруа­лар­ды біраз әбігерге салғаны белгілі. Қиындықты еңсеру үшін Сыр­дың басты дақылы – күріш алқа­бы­ның көлемін қысқартып, су­ды аз қажет ететін дақылдарды егу­ге шешім қабылданды. Со­ның негізінде суды үнемдеуге ба­ғытталған бірегей жобалар же­місін көрсете бастады. Өңірде күріш­тік алқап қысқарғанымен, өнім көлемі кеміген жоқ. Был­тыр­ғы науқан берекелі болып, қамба алтын дәнге толды.

Жалпы, Сыр елінің ауыл шаруа­шылығы саласында жыл ба­сынан бері айтарлықтай өсім бай­қалады. Атап айтқанда, қаң­тар-ақпан айында аталмыш са­лада 12 379,8 млн теңгенің өнімі өн­дірілген. Бұл тиісінше был­тыр­ғы жылмен салыстырғанда 102,2 пайызға артқанын аңғар­тады. Ал тамақ өнімдерін өңдеу кө­лемі бойынша 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110 пайызға артық көрсеткішке ие. 

Несібесін жерден терген ең­бекші қауым биыл 187 мың гек­тарға ауыл шаруашылығы да­қыл­дарын егуді жоспарлауда. Оның ішінде 83,9 мың гектарға Сыр салысын жайқалтып, қам­баны алтын дәнге толтырамыз деп отыр. 

«Биылғы егін науқанына облыс диқандары тыңғылықты дайын­дықпен келіп отыр. Со­ны­мен қатар облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқан ауқымды шаруа бар. Бұл тұрғыда жергілікті тұрғындарды өзін-өзі әлеуметтік маңызы бар картоп, көгөніс, бақша өнімдерімен қам­тамасыз ету мақсатында қо­сымша жер дайындау үшін Қы­зылорда қаласы мен аудан әкім­деріне тиісті тапсырма берілген. Қазір шаруашылықтарда ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарын себу дәрежесіне жеткізу үшін зертханалық тек­серу­ден өткізу жұмыстары жүр­гізілуде. Сонымен қатар шаруа­шы­­лықтар минералдық тыңайт­қыш­тарды арнайы жеткізуші ме­кемелермен келісімшарт жа­­сау арқылы сатып алуда. Нақ­ты уақытта қолда бар техни­ка­лар­дың әлеуеті көктемгі дала жұ­­мыс­тарын атқаруға жеткі­лікті», – дейді бұл жайында Қызылорда об­лыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқар­ма­­сының егіншілік және өсімдік қор­­ғау бөлімінің басшысы Жү­сіп­­бек Әжібеков. 

Басқарманың мәлімдеуінше, биылғы егіс үшін былтырғы жыл­дың күз айларында ауыл шаруа­шылығы құрылымдары тара­пынан 3,7 мың гектар күздік би­дай егу және 50,6 мың гектарға сүдігер айдау қамтамасыз етіл­ген. 

Негізінен, 2024 жылдың көктемгі егісіне облыс бойынша 21,3 мың тонна күріш тұқымы дайын. Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы құрылымдары ар­қылы биылғы науқанға 938 тонна жаздық бидай, 736 тонна күздік бидай, 48,9 тонна арпа, 10,8 тонна тары, 67,6 тонна дән­дік жүгері, 5,6 тонна күнбағыс, 108,5 тонна мақсары, 13,5 тонна соя, 21,8 тонна сүрлемдік жүгері жә­не 298 тонна жоңышқа тұқы­мы құйылған. 

Тыңайтқышпен қамту ісі де жүйелі. Нақты айтқанда, биылғы егіс­тікке қажетті тыңайтқыштың 84,4 пайызы сатып алынған. Да­ла жұмыстарына 3 799 техни­ка жұмылдырылуда. Яғни, ауыл шаруашылығы тауар өндіру­ші­лерінің техникалары толықтай жөн­деуден өткізіліп, тиісті мақ­сат­та пайдаланылып жатыр. Со­нымен қатар биылға құны 9,3 млрд теңгені құрайтын қ­о­сым­ша 253 бірлік ауыл шаруа­шы­лығы техникалары сатып алынған. Нәти­жесінде, егістік науқанына қа­жетті машина-т­рактор паркі 4,5 пайызға жаңар­тылған. 

Сол сияқты көктемгі егіс егу және дала жұмыс­тарын жүргізуге барлығы 12,9 мың тонна арзандатылған ди­зель отыны бөлініпті. Басқарма тарапынан бұл тұрғыда еш­қан­дай қиындық болмайтынын алға тартады. 

«Бүгінде көктемгі егін егу жұ­мыстарына дайындық барысы жоспарға сай жүріп жатыр. Со­ның ішінде тұқым дайындау, оны орналастыру жұмыстары қарқын алды. Биылғы науқанда шаруашылықтар техникадан да таршылық көрмейді. Қолда бар техникалар жөндеуден өткізіліп, дала жұмыстарына 100 пайыз дайын. Осы орайда, негізгі да­қыл күріштің көлемін азайтып, ор­нына  суды аз қажет ететін әр­та­раптандыру бағытындағы да­қылдардың көлемін  2,3 мың гектарға дейін ұлғайту межелену­де», – деп мәлімдеді басқарма тарапынан.

Қалай дегенде де егіс дала­сында ерте көктемнен еңбек кө­рі­гін қыздырған Сыр диқан­да­ры­ның алға қойған мақсаты ауқымды. Ауа райы қолайсыз мі­нез танытпаса, шаруалар кү­ріш егу жұмысын оңтайлы мер­зім­де аяқтауға иек артып отыр.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы