Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Женевада өткен Парламентаралық Одақтың 148-ші Ассамблеясының кезекті отырысына қатысты.
Парламентаралық ынтымақтастық дами бермек
769
оқылды

Мәжіліс Спикері өз сөзін жуырда Мәскеу облысында болған террорлық шабуылға байланысты Ресей халқына көңіл айтудан бастады.

Ерлан Қошанов Парламентаралық Одақ Ассамблеясында сөйлеген сөзінде «Парламенттік дипломатия: бейбіт­шілік пен өзара түсіністік жолында бай­ланыс орнату» атты кездесу тақы­рыбының өзектілігі айрықша екенін атап өтті. 

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың басшылығымен Қазақстан орнықты дамуға және бүкіл адамзаттың үйлесімді болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді. Оған, әсіресе соңғы жыл­дары елімізде жүргізіліп жат­қан ауқым­ды саяси реформалар айқын дәлел. Қазір демократиялық ел, әділетті Қазақстан құру үшін барлық жағдай жасалған. 

Бұл – бейбітшілік пен өркен­деудің кепі­лі. Қазақстан Парламенті де бұл жұмысқа белсене атсалысуда. Бұдан бөлек, елі­міздің ядролық, химиялық және био­логия­лық қаруға қарсы бастамаларын, тұрақты түрде өткізіліп келетін Әлемдік және дәстүрлі  діндер көшбасшыларының съездерін ерекше атап өтуге болады, –  деді Ерлан Қоша­нов.  

Мәжіліс Төрағасы БҰҰ-ның тұрақ­ты даму мақсаттарын ілгерілетуге бүкіл әлем парламенттерінің қатысуының маңыздылығына назар аударып, Алма­ты­да Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму жөніндегі өңірлік орталығын құру бағытындағы жоспарлары туралы айтты. Сондай-ақ Орталық Азия елдері әйелдерінің диа­логі мен TechnoWomen Central Asia қоғамдастығы алаңдарында өткізілетін гендерлік жұмысқа жеке тоқталды.

– Депутаттар халықаралық жанжал­дар­дың алдын алу және оларды реттеу үшін парламенттік дипломатия тетік­терін қолдану маңызды екенін құптай­ды. Жақында біз Парламентте Қазақ­станның бітімгершілік контингентін Голан асуларына жіберу жөніндегі шешімді мақұлдадық. Бұл – Біріккен Ұлттар Ұйымының мандаты бойынша біздің бітімгерлеріміздің алғашқы дер­бес миссиясы. Бұл Қазақстанның жа­һан­дық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан үлесі деп білеміз, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Төрағасы халықаралық көлік-логистика ынтымақтастығын да­мыту жөнінде ұсыныс айтып, Қазақ­стан бүкіл Еуразия құрлығы бойынша трансконтиненталдық тасымалдарды әртараптандыру бағытында тынымсыз жұмыс істеп жатқанына назар аударды. Осы орайда, Орта дәліздің нақты құқықтық режимін құрудың маңызы ерекше.

Мәжіліс Спикері азық-түлік қауіп­сіз­дігі жөніндегі Ислам ұйымының жұ­мысын мысал ете отырып, азық-түлік қауіпсіздігі мәселелеріне мән берді. Су ресурстарын тиімді пайдалану туралы айта келе, Мәжіліс Төрағасы Қазақстан мен Франция Президент­терінің бастамасымен Нью-Йоркте One Water саммиті өтетінін және 2026 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Өңірлік климаттық саммит өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. 

Парламентаралық Одақ Ассамблея­сы аясында Ерлан Қошанов Парламент­аралық Одақтың Төрайымы Ту́лия Аксонмен кездесті. Кездесудің басты тақырыбы Қазақстан Парламентінің Парламентаралық Одақпен өзара іс-әрекетін нығайту болды, оның жұмы­сына Мәжіліс депутаттары белсене қатысуда.

– Саяси, экономикалық және гума­ни­тарлық байланыстарға жәрдемдесу үшін парламенттік дипломатия әлеуетін пайдалану – еліміздің Сыртқы саясат тұжырымдамасы басымдығының бірі. Біздің еліміз жаһандық және өңір­лік деңгейде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен орнықты дамуды қамтамасыз етуде белсенді позиция ұстанады және оған елеулі үлес қосып отыр, – деді Мәжіліс Төрағасы. 

Өз кезегінде, Парламентаралық Одақ басшысы климаттың өзгеруі, демократия және адам құқықтары, бейбітшілік пен қауіпсіздік, гендерлік теңдік, жастардың белсенділігі мен ор­нықты даму сияқты бағыттар бойынша Парламентаралық Одақ Ассамблея­сы­ның құрамындағы қазақстандық депу­таттардың нәтижелі жұмысын атап өтті. 

Әңгіме соңында Ерлан Қошанов Ту́лия Аксонды Қазақстанға ресми сапармен келіп, 2025 жылы өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезіне қатысуға шақырды.  

Парламентаралық Одақ Ассамблея­сының алаңында Мәжіліс Төрағасы Египет Араб Республикасы Өкілдер Пала­тасының спикері Ханафи Дже­балимен және Пәкістан Ислам Респуб­ликасы Ұлттық Ассамблеясының төрағасы Сардар Садикпен кездесулер өткізді. Ерлан Қошанов шетелдік әріптестеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы мәлімет беріп, олармен парламентаралық дип­ломатия бағытындағы ықпал­дастық­тың жолдарын талқылады.

Женевадағы Парламентаралық Одақ Ассамблеясының жұмысына ұйым­ға мүше 150-ден астам елдің деле­гат­тары қатысты. Мәжіліс депутаттары негізгі сессиядан басқа тұрақты коми­­­теттердің, Азия парламенттік ассам­блея­сының үйлестіру кездесуіне, па­нель­дік пікірталастарға, сондай-ақ әйел-парламентшілер мен жас депутат­тардың форумдарына қатысты. Бұл сес­сияда 2023 жылы Луандада Бейбіт­шілік және халықаралық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі тұрақты коми­тет­тің үш жылға төрағасы болып сайланған Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан өз міндетін атқаруға кірісті.

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов­тың Швейцария конфедерациясына ресми сапары аясында Бернде Швей­цария Федералды Жиналысы Ұлттық кеңесінің төрағасы Эрик Нузбаумермен және Швейцария конфедерациясының фе­дерал­ды кеңесшісі, Сыртқы істер минис­трі Иньяцио Кассиспен кездесуі өтті.

Федералды жиналыстың Ұлттық кеңесі­нің төрағасымен кездесуде Ерлан Қошанов Эрик Нузбаумерге Швей­царияға ресми сапармен шақырғаны үшін алғыс айтты. Мәжіліс Спикері Швейцария Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті.

– Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Швейцарияға 2021 жылғы қарашадағы алғашқы ресми сапары екіжақты қарым-қатынасымыз­дың жаңа тарауын ашты. 2021 жылғы тамызда Қазақстанға Швейцария Феде­ралды Жиналысы Ұлттық кеңесі­нің төрағасы ресми сапармен келді. Біздің бүгінгі сапарымыз екі ел арасын­дағы парламентаралық диалогті нығай­туға септігін тигізеді деп ойлаймыз, – деді Мәжіліс Төрағасы. 

Ерлан Қошанов өз әріптесіне Пре­зидент реформалары туралы айтып бер­ді. Ол сондай-ақ VIII шақырылым­дағы көп партиялы Мәжіліс жұмысы, оның ішінде қабылданған жаңа заңдар туралы мәлімет берді.

Мәжіліс Спикері қазақстандық тарап­тың Швейцариямен құқықтық са­ладағы ынтымақтастықты дамытуға ниеті туралы айтты.

Тараптар достық топтары, комитет­тер мен партиялық фракциялар ара­сын­дағы өзара ықпалдастықты одан әрі дамыту жолдарын талқылады. Сондай-ақ сауда-экономика, көлік-логистика, экология, білім беру мен ғылым сала­ларында серіктестікті қолдау мәселе­леріне ерекше назар аударды.

Өз кезегінде Эрик Нузбаумер Қазақ­станда жүріліп жатқан реформалардың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар парламентаралық байланыстарды тереңдетуге дайын екенін жеткізіп, достық топтарының жұмысын белсене жалғастыруға мүдделі екенін айтты.

Сондай-ақ Швейцария Федералды Жиналысы Ұлттық кеңесінің төрағасы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін одан әрі дамытуға депутаттардың атсалысатынына назар аударды.

Кездесу соңында Ерлан Қошанов швейцариялық швинген балуандарын («қазақ күресіне» ұқсас күрестің ұлттық түрі) Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысуға шақырды.

Швейцария конфедерациясының Сыртқы істер министрі Иньяцио Кас­сиспен кездесуде Мәжіліс Төрағасы Қа­зақ­стан мен Швейцарияның әріптес­тігі өзара құрмет, достық және сенім рухында, оның ішінде парламенттер бағыты бойынша нығаятынына сенім білдірді.

Тараптар елдер арасындағы эконо­мика­лық байланыстарды дамыту жа­йын да талқылады.

– Қазақстандық нарық – бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін тиімді бастапқы алаң. Біз Швей­цариямен ерекше жетістікке жеткен салаларда тығыз ынтымақтастық орна­ту­ға мүдделіміз. Ол – энергетика, қазба байлықтарын қайта өңдеу, фарма­цевтика, машина және аспап жасау, туризм және қаржылық қызмет көрсету салалары. Қазақстан бизнес жүргізу үшін оңтайлы жағдаймен қамтамасыз етуге дайын, – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс Спикері Швейцария тара­пы­ның халықаралық аренадағы Қазақ­станның бастамаларын қолдауын жо­ғары бағалайтынын және БҰҰ алаңын­да кандидатураларды өзара қолдау бо­йынша ынтымақтасудың жоғары дең­гейін атап өтті. 

Тараптар Қазақстан азаматтары үшін Шенген аймағының визалық режимін жеңілдету және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы өзара түсіністік жөнінде меморандум жасасу мәселелері бойынша да пікір алмасты.