Елдегі өзекті мәселенің бірі – тұрғын үй мәселесі.
Ринат Зайытов: Тұрғындар алаяқтық бойынша арыз жазса да, іс қозғалмаған
934
оқылды

Осыған байланысты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденовке, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасы Асхат Жұмағалиге депутаттық сауал жолдады.

Құрметті Ержан Сапарбекұлы! Құрметті Асхат Жұмағалиұлы! 

Еліміздегі өзекті мәселелердің бірегейі ол тұрғын үй мәселесі екенін жақсы білесіздер. Және де ол бір жақты ғана емес, жан-жақты. Иә, проблема барлық аймақта бар. Бірақ Астананың жайы ерекше. Үлескерлердің өз баспанасынан айырылып қалуынан бастап, елордада апта сайын бой көтеретін тұрғын үй кешендерінің сын көтермес сапасына дейін. Жүгенсіз заңсыздықтар мен мыңдаған халықтың естілмей, естілсе де ескерілмей жатқан мұңы бар бұл жағдайды бір жақты қылмаса, іс насырға шабуы әбден мүмкін.

Мысалы, «Азия плюс» тұрғын үй кешенінде тұрғындар, яғни қариялар, кішкене балалар мен жүкті аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар тұлғалар өз үйіне кіретін есігінің не кіреберісінің болмауына байланысты, күнделікті паркинг арқылы кіруге мәжбүр. Соның салдарынан бір баланы көлік қағып, күні кеше ғана 16 наурызда екі жеткіншек арсыз педофилдің қолына түсе жаздаған фактілері анықталған. Онымен бұл мәселе біткен жоқ, бұл үйді тұрғындарға сатар кезде «Бизнес» санатындағы үй деп сатып, бірер жыл өткен соң пайдалануға қабылдау кезінде «Эконом» санатына ауыстыра салулары да мүмкін екен. Сонымен қатар «Успешный дом» тұрғын үй кешенінің тұрғындары да алаяқтық іс-әрекеттерге ұшырап отыр. Бұл көп өзекті мәселелердің біразы ғана, айта берсек, айлап тауыспайтындай зар бұл.

Мәселенің мән-жайын анықтамақ оймен бір емес бірнеше әрекет жасап көрдік. Халықты ойлап жатқан бірде-бір құзыретті орган көрмедік. Олар халықты ойлауға емес, халықпен ойнауға машыққандай көрінді өз басыма.

Биылғы жылдың 20 наурызында Парламент қабырғасында өткізген дөңгелек үстел де осы сөзімді растады.

Тұрғындар алаяқтық фактісі бойынша арыз жазса да, іс қозғалмаған.

Халықтың пайдасына шешілген сот шешімі орындалмаған.

Осындай да біздің заңдар қарапайым халықтың мүддесін қорғауға келгенде неге қауқарсыз бола қалады? Ал жауапты органдар кінәні бір-бірінен іздеп, әдеттерінше ақсерек-көксерек ойнап отыр.

Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлейтін, көзі қисық болса да, көкесі барлар көсем болатын әдеттен қашан арыламыз?!

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша депутаттық сауал жолдаған әріптестерім депутаттар Д. Тұрлыханов пен Д. Мұқаевқа берген жауабында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Скляр мырза «Үкіметтің бақылауында» деген сүйікті сұйық жауабынан аса алмады. Қашқақтап қағаз шығындай бергенше, іске көшіңіздер мырзалар!

Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, Сіздерден:

1) Астана қаласы әкімдігі және құрылыс саласындағы оларға қарасты басқармалар қызметкерлеріне кешенді тексеру жүргізуді;

2) Сәулет және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуді;

3) Құжаттарға заңсыз қол қойып, лауазымын пайдаланып, заңды бұзған қызметкерлерге шара қолдануыңызды сұраймын, – деді депутат Р. Зайытов.