Ғылымды қолдау – келешекті ойлау. Ғылымға инвестиция құйған мемлекеттердің қалай алға озып бара жатқанын да көзіміз көріп отыр.
Нартай Сәрсенғалиев: Биыл ғылымды қаржыландыруға 204 миллиард қарастырылған, бұл – аз
916
оқылды

Осыған орай «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдады.

Бүгінгі депутаттық сауалым – Қазақстан деген алып мемлекетте қатарынан қалып, ырзығынан қағылып, теңгеден таршылық көрген саланың сөзі. Ол – ғылым! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда: «Біз қоғамда білімпаздықты дәріптеуге, білім және ғылым саласын дамытуға баса мән беріп келеміз» деді. Ақиқат сөз. Себебі қазір дөңгеленген дүниеде ғылымы дамыған елдер ғана топ жарып, экономикасы қарыштап дамып, қажет десеңіз жаңа технологиямен адамзатты айға тасуға тырысып жатыр.

Ал біздегі жағдай қалай? Қазақта «Ғылым  теңіз, білім  қайық» деген қанатты сөз бар. Бірақ біздегі бүгінгі байламмен қарасақ, теңізіміз тартылып, қайығымыз қайраңға шығып қалды. Себебі отандық ғылымға бөлінетін қаражат «жетім қыздың жүгіндей» болып тұр. Әлем, келесі кезекте ғылымның қай саласында тыңнан түрен саламыз, қай биікті бағындырамыз деп жүргенде біз ғылымға ақшаны қайдан табамыз деп түбі тесік қалтамызды түрткілеп отырмыз. Содан кейін елден ақылды бастар кетіп жатыр деп сан соғатынымыз және бар.

Ғылымға жауаптылардың «жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 1 пайызы ғылыми-зерттеулер мен өндіріске жұмсалса» деп жақ сауып айтып жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Бірақ айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман дегендей, ғылым жыл сайын тек бюджетке қол жаюға мәжбүр. Биыл республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыруға 204 млрд теңге қарастырылған. Бұл сома 2025 жылы 242,6 млрд теңгеге, 2026 жылы 259,5 млрд теңгеге жетеді.  Бір елдің ғылымын аяққа тұрғызып, дамыту үшін бұл қаржы жеткіліксіз. Дегенмен онсыз да ішер асқа, киер киімге жарымай, жұмыссыздықтан қиналып жүрген жұрттың аузынан артық ақшаны жырып алу мүмкін емес, оған ешкім құқығы да жоқ!

Бұл мәселені шешудің, онсыз да кім көрінген бүйірінен теспей сорып, түбі көрінген бюджетке салмақ салмаудың бір тәсілі бар. Ол талап заңда тайға таңба басқандай жазылған. Яғни, Қазақстанның жерасты байлығын қалағанынша игеріп, қисапсыз қаржы тауып отырған компаниялар ақшасының 1 пайызын ғылымды дамытуға беруі тиіс. Заңда солай көрсетілген. Бар болғаны 1 пайызын ғана. Бірақ сол талаптың өзін көкпарға салған алып компаниялар ақырында отандық ғылымды бюджетке мөлитіп қойды. Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бірінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жер қойнауын пайдаланушылардың өндіріске жұмсайтын қаржысының 1 пайызын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға міндетті инвестиция ретінде құюына айрықша назар аудару қажет. Бұл ретте өндіруші компаниялардың аталған шығындарын орталықтандыруды жалғастыру керек», деді. Алайда қазақтың жеріндегі байлықты барынша қазып отырған жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сол 1 пайыз қаржысын ғылымға жолдап жатқаны жөнінде ашық ақпарат жоқ. Ғылымның нақты қай саласына қаржылық қолдау көрсетілгені туралы да анық дерек жоқ.

Жер қойнауын пайдаланушы қай компания ғылымның қай саласына қанша ақша салды деген нақты сұраққа салаға жауапты министрлік өкілдері нақты жауап бере алмағанын да бәріміз көрдік. Қазақтың жеріндегі байлықты қалағанынша игеріп, қымбатшылықтан әбден зәрезап болған қазақ халқының ғылымын дамытуға ақшасының 1 пайызын қимай, заңды тиісінше орындамай отырған компанияларды қатаң тәртіпке шақырар кез келді.

Ұсыныстар:

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың бүгінге дейін ғылымға нақты қанша қаржы бөлгенін, оның қайда жұмсалғанын қатаң тексеру керек;

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген 1 пайыз қаражатқа жасалатын ғылыми жобаларға арнайы ашық байқау жариялануға тиіс. Қай жобаның ұтқаны, оған қанша теңге аударылғаны анық көрсетілуі қажет;

1 пайыздық межені орындамаған компанияларға заңға сәйкес шара қолдану керек;

Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар ғылымға деп бөлген  қаржының орталықтандыруының тетігін іздеу керек. Сол үшін арнайы қор құрып, ғылымды қолдауға арналған қаражаттың барлығы соның қамбасына аударылуы тиіс. Бұл қордың жұмысын тәуелсіз комиссия бақылауы керек, оның құрамына қоғам белсенділері міндетті түрде кіруі қажет. 

Осы депутаттық сауалға заңнамада белгіленген мерзім ішінде жазбаша жауап күтеміз, – деді депутат.