ҚР Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов «Парламент институтының қалыптасуы – сайлау жүйесін жетілдірудің нақты нәтижесі» тақырыбында баяндама жасады.
Елімізде парламентаризм институтын дамыту мәселелері талқыланды
789
оқылды

ҚР Президенттік орталығында биліктің заң шығарушы тармағының трансформациясы және жаңа бағдарларға арналған дөңгелек үстел өтті.

Астанада бүгін, 19 наурызда қоғамда «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету мен нығайтудағы өкілді органдардың рөліне арналған «Биліктің заң шығарушы тармағы: трансформация және жаңа бағдарлар» атты дөңгелек үстел форматында сараптамалық талқылау өтті. Іс-шараны Қазақстан Президенті Іс басқармасының Президенттік орталығы ұйымдастырды.

ҚР Президенттік орталығының директоры Бақытжан Темірболат биліктің заңнамалық тармағының қазақстандық қоғамда заңдылық пен тәртіпті сақтау үшін қажетті құқықтық инфрақұрылымды қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Никита Шаталов қазіргі кезеңде Қазақстандағы парламентаризм институтын дамыту мәселелерін қозғады.

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы бас хатшысының орынбасары Талғат Адуов парламенттік дипломатия арқылы түркі халықтары мен мемлекеттерінің ортақ мәселелерін талқылауға арналған саяси диалог форумы ретіндегі ТҮРКПАНЫҢ рөлі туралы айтып берді.

ҚР Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов «Парламент институтының қалыптасуы –  сайлау жүйесін жетілдірудің нақты нәтижесі» тақырыбында баяндама жасады. 

Сонымен қатар дөңгелек үстел барысында Мақсұт Нәрікбаев университетінің Конституциялық және саяси зерттеулер институтының директоры Индира Әубәкірованың («Биліктің заң шығарушы тармағы: құндылықтар бағдарларын жаңғырту тұрғысындағы шындық пен сын-қатерлер»), «AMANAT» партиясы Қоғамдық саясат институты саяси талдау бөлімінің бас сарапшысы Ерлан Ахмединің («Қазақ парламентаризмінің эволюциясы және рационалды демократия») баяндамалары тыңдалды.

Іс-шараға депутаттар, қазақстандық және шетелдік сарапшылар, ғылыми қауымдастық, даму институттары мен азаматтық қоғам өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттері, БАҚ өкілдері қатысты.

Сарапшылар кездесу барысында түрлі тарихи кезеңдерде жоғары заң шығарушы органды институттандырудың негізгі мәселелерін талқылады. Сонымен қатар бүкіл қоғамдық-саяси жүйені жаңғырту процесінде Қазақстандағы парламентаризмнің болашағы мен дамуы бойынша түрлі сараптамалық бағалауларды, сондай-ақ «Заң және тәртіп» қағидатын сақтауды құқықтық қамтамасыз етудегі өкілді органдардың рөлін талқылауға мүмкіндік алды.