Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды.
Қазақстанның Сыртқы істер министрі жұмыс сапарымен Арменияға барды
669
оқылды

Қазақстанның Сыртқы істер министрі жұмыс сапарымен Арменияға барды. Жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен келіссөздер жүргізді,  деп хабарлайды Aikyn.kz ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың басым бағыттары бойынша екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

«Армения – Қазақстан үшін жақын мемлекет және уақыт сынынан өткен сенімді серіктес. Қазіргі кезеңде Достық пен ынтымақтастық туралы шарт қазақ-армян қарым-қатынастарын кеңейту мен тереңдетудің берік негізін қалады, біз биыл оның 25 жылдығын тойлағалы отырмыз. Біздің ортақ тұстарымыз көп және біз екі ел халықтарының әл-ауқаты мен өркендеуі үшін ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін күш салуға дайынбыз», – деп мәлімдеді ҚР СІМ басшысы.

Достық, сыйластық және әріптестік негізінде мемлекетаралық іс-қимылды одан әрі тереңдетуге өзара міндеттеме білдірілді. Аса жоғары және жоғары деңгейлерде саяси диалогті одан әрі нығайтудың маңыздылығы аталып өтті.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, өзара сауданың оң нәтижелері байқалды, оның көлемі 23,1%-ға өсіп, 53 млн АҚШ долларына жетті. СІМ басшылары тауар айналымының қазіргі деңгейі қолда бар әлеуетке сәйкес келмейтіндігімен келісті, осыған байланысты жаңа мүмкіндіктерді айқындау үшін ортақ күш салуға және бірлескен шешімдер қабылдауға келісті.

«Бізде 25 жылдық серіктестікті қорытындылауға және екі елдің игілігі үшін қарым-қатынастарымыздың жаңа бетін ашуға жақсы мүмкіндік бар. Әрине, біз өзара іс-қимылымыздың негізін кеңейтіп жатырмыз. Саяси диалогіміздің жоғары деңгейі біздің қарқынды дамып келе жатқан сауда-экономикалық қатынастарымызға қажетті алғышарттарды көрсетеді. Біз көлік және логистикалық байланыстарды дамытуға мүдделіміз», – деді министр А.Мирзоян.

Сұхбаттастар сондай-ақ екі елдің өндірістік және қаржылық ресурстарын біріктіру негізінде инвестициялық саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылады. Жоғары технологиялар, цифрландыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізу салаларында, құрылыс саласындағы ынтымақтастық кооперация жолдарын белгіледі.

Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды дамытуға шағын және орта бизнестің қатысуын оң бағалап, Қазақстанда армян капиталының қатысуымен 435 кәсіпорын, Арменияда қазақстандық капиталдың қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейтіні аталып өтті.

Тараптар мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың оң динамикасын атап өтті. Мәдениет, білім, ғылым салаларындағы ынтымақтастықты арттыру бойынша ұсыныстармен алмасты. Қазақстан мен Арменияда Мәдениет күндерін өзара ұйымдастыруға маңызды мән берілді.

Сыртқы істер министрлері келіссөздер қорытындыларына көңілі толатынын білдіріп, одан әрі жемісті ынтымақтастыққа сенім білдірді.

Келіссөздер нәтижесі бойынша Қазақстан мен Арменияның сыртқы саяси ведомстволары арасында 2024-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.