Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚТЖ» ҰК» АҚ Инновациялық ор­та­лығына барды. Жиын барысында Пре­зи­дент Сиань қаласындағы көлік-логистика орта­лығының ашылу рәсіміне телекөпір арқылы қатысты.
Транзит – табысты серіктестік кепілі
фото: Akorda.kz
676
оқылды

Мемлекет басшысы аталған сала мен жалпы Қазақстан – Қытай қатынастары үшін көлік-логистика орталы­ғын ашудың маңызды екенін атап өтіп, нысанды іске қосты.    

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин Қытайдың Шэньси қаласын Қазақстанмен, Орталық Азиямен және одан әрі Еуропамен байланыстыратын Сиань құрғақ портында логистика орталығын салу жөнінде уағдаласқан болатын.

Сиань – Қытайдың тораптық транзиттік орталығы және ең ірі құрғақ порт орналасқан қаласы. ҚХР мен Еуропа Одағы арасына қатынайтын контейнерлік пойыздардың 40 пайызына жуығы осы жерден жөнелтіледі.

Сиань қаласындағы құрғақ портта орналасқан Қазақстан терминалының жобалық қуаты – жылына 66,5 мың ЖФЭ (жиырма футтық эквивалент). Терминал еліміздің экспорттаушылары үшін жаңа өткізу нарықтарына жол ашады, жүктерді жеткізу мерзімін едәуір қысқартады және Қазақстанның Еуразиядағы сенімді транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға мүмкіндік береді.

Содан кейін Мемлекет басшысы «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамы мен Қытайдың Huawei компаниясы бірлесіп құрған жаңа Инновациялық орталықты ашты.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, аталған орталық «Ақылды темір жол» жобасын жүзеге асыру мақсатында құрылған. Мемлекет басшысына теміржол көлігі жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған цифрлық шешімдер таныстырылды. Жобалар IT және телекоммуникация салаларындағы әлемнің жетекші компанияларын тарта отырып іске асырылуда.

Бүгінде Қазақстан теміржолы PSA компаниясымен бірлесіп, Транскаспий бағытында тұтас цифрлық дәліз әзірлеп, іске қосты. Жүйе уақытты үнемдейді және тасымалдау процесін барынша ашық, ал Қазақстанды сауда ағындары үшін тар­тымды етеді. Wabtec компаниясының локо­мотивтерін тиімді пайдалану жөнін­дегі пилоттық жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Бұлтты шешімдерді, Big Data, Интер­нет заттар (IoT) және жасанды интеллектіні (AI) пайдалана отырып, «Қазақстан темір жолының» инфрақұрылымы мен қыз­меттерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

Президент Көлік-логистика және Инно­вация орталықтарын ашу маңызды екенін атап өтті.

– Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Қазақстан Төраға Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жоба­ны толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәти­жесі. Бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін бермек. Сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түседі деп санаймын. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген маманы атсалысты. Мен бүгін баршаңызға ризашылығымды білдіремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанды Еуразияның негізгі транзит хабына айналдыру мақса­тында қабылданып жатқан кешенді шара­ларды оң бағалады. Бұл ретте Мемлекет басшысы шын мәнінде бәсекеге қабілетті болу үшін заман талабына сай инновация­лық шешімдер қабылдаған жөн деп санай­ды.

– Жуырда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысын­да экономиканың барлық сала­сын цифрландыру мәселесіне айрықша мән бердім. Қазақстанда озық IT-ше­шім­дерді енгізу үшін берік негіз қалыптасқан. Отандық теміржол саласы «цифрлық жарысқа» уақыт оздырмай қосылуға тиіс. Бұған белгілі бір деңгейде әзірлік бар екенін көріп отырмыз. Цифрландыруды жеделдету есебінен таяу арада тасымал тиімділігін арттыру және шығындарды қысқарту міндеті тұр. Бұл тек көлік-логис­тика саласының ғана емес, жалпы эконо­мика­ның дамуына тың серпін береді. IT-шешімдер ретсіз енгізілмей, бір-бірін толықтырып, біртұтас экожүйе қалыптас­тыруы керек. Бұл – маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған міндетті жүзеге асыруға отандық компанияларды тарту қажет екенін айтты.

– Мен осы жұмысқа отандық ІТ-компанияларды тарту туралы ұсынысты толық қолдаймын. Елімізде сондай ком­пания­лар және мамандар аз емес. Әлемдік ІТ-компаниялармен тиімді байланыс ор­нату керек.  Экономиканың барлық сала­сын­да осындай стратегияны жүзеге асыр­ған жөн, – деді Президент.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларға атсалысып жатқан шетелдік компанияларға алғыс білдірді.

Сонымен қатар Инновациялық орталықта Huawei Technologies Kazakhstan компаниясының бас директоры Чжао Сюй, Lianyungang Port Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ян Лонг, Global DTC компаниясының бас дирек­торы Уи Тан Йонг, Wabtec корпора­ция­сының ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша аға вице-пре­зиденті Байхан Гохан, Alan TECH ЖШС-ның директоры Бауыржан Айтілеу сөз сөйледі.

ТӘЖІРИБЕЛІ МАМАН ТЕМІРЖОЛҒА АУАДАЙ ҚАЖЕТ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компания­сының инновациялық бастамаларымен танысқаннан кейін теміржол саласының ардагерлерімен жүздесті. Олардың қата­рында Қалтай Сәмбетов, Борис Есенаман­ов, Марат Хамзин, Болатбек Дүйсемәлиев, Қуаныш Котырев, Ескендір Рахметжанов, Оразғали Ахметбаев сияқты құрметті темір­жолшылар болды.

Мемлекет басшысы аталған салада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі маман­дармен теміржолдың даму перспективасы жөнінде пікір алмасты.

– Жол – тіршілік көзі. Теміржол болмаса, эко­номика дамымайды. Мен теміржол саласын өркен­детуге баса мән беремін. Бүгін Сиань қаласында жаңа құрғақ порттың ашылуына байланысты маңызды шара өтті. Шын мәнінде, көлік-логистика саласы – басымдыққа ие бағыт. Қазір мемлекеттер көлік-логистика мүм­кіндік­теріне ие болу үшін бәсекеге түсіп жатыр. Қазір, ең басты әлеует – табиғи ресурстар емес, тауар тасымалдау, логис­тика­лық тізбектерді жолға қою. Еңбек­теріңізді бағалаймын. Ең бастысы, сіздер­дің қызметтеріңізді қоғам айрықша құр­мет­тейді. Сіздер мол тәжірибелеріңізге сүйе­не отырып, тиісті министрлік пен те­мір­жол басшыларына ұсыныстар мен құнды кеңес бересіздер деп сенемін. Сондықтан бірге жұмыс істеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде ардагерлер теміржол саласында кадр мәселесі көп нәрсені шешетінін айтты. Олардың пікірінше, темірдей тәртіп, еңбекқорлық, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын кәсібиліктің арқасында теміржолшылар өздеріне жүктелген міндетті орындап келе жатыр.

Сонымен қатар олар көлік саласы ел экономика­сын­да жетекші рөл атқараты­нын атап өтіп, соңғы жылдары жүк тасы­ма­лының көлемі ұлғая түскенін, арнайы Көлік министрлігін құру нәтижесінде са­ланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.  

Ардагерлер биыл негізі қаланғанына 120 жыл толған, ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол тоқтау­сыз жүре берсін деген тілекпен Мемлекет басшысына шойынжол қызметкерінің қолшамын тарту етті.