Мәжіліс Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялады.
Қазақстан мен Өзбекстан арасында тауар айналым артады
999
оқылды

Құжат 2022 жылы 22 желтоқсанда Ташкентте жасалған. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады. 

Мақсаты – қазақ-өзбек қатынасын өзара іс-қимыл мен екіжақты ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне көтеру, екі мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін, аумақтық тұтастығын және тұрақты экономикалық дамуын одан әрі нығайтуға жәрдемдесу.

Шарт негізінде тараптар қандай да бір блоктарға немесе одақтарға қатыспау міндеттемесін растайды, сондай-ақ басқа тарапқа бағытталған қандай да бір іс-әрекеттерге қатысудан бас тартады.

Құжатқа сәйкес тараптар өзара экономикалық кооперацияны тереңдету, сауда айналымын, инвестициялық қызметті, кәсіпкерлік және өзге де шаруашылық қызметті нығайту және ұлғайтуға көмектеседі. Сондай-ақ өзара байланысты көлік жүйесін дамыту, екі елдің рухани және мәдени жақындығын сақтау, ғылым, білім, медицина, спорт, мәдениет, туризм, ақпарат алмасу саласындағы байланысты тереңдету үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Сонымен қатар шартта тараптар трансшекаралық су ресурстарын ұтымды пайдалану және су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу жөнінде шаралар қабылдайтын ережелер көзделген.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан баяндама жасады.  

Айгүл Құспанның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның әрқашан үйлестірілген, сындарлы сыртқы саясат жүргізетінін бірнеше рет атап өтті. 

Біз белді де беделді де ел ретінде көпжақты интеграция бағдарын ұстанып келеміз. Өңірімізге ерекше көңіл бөлеміз.

Президентіміз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейту бүкіл Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізетініне сенімді. 

Өзбекстан біз үшін бауырлас ел, тату көрші ғана емес, сонымен қатар стратегиялық серіктес және одақтас мемлекет.

Біздің халықтарымызды мыңдаған жыл бойы адал достық, өзара сенім мен түсіністік, ортақ тарих, мәдениет, тіл және туыстық қарым-қатынас байланыстырып келеді. 

Президенттеріміз арасында екіжақты іс-әрекеттің барлық спектріне оң әсер ететін өзара сенімді, достық қарым-қатынас қалыптасқан. 

Екі ел арасында орнықты шарттық-құқықтық база жасалған.

Сауда-экономика саласындағы ынтымақтастық қарқынды дамып, мәдени-гуманитарлық байланыстар үздіксіз кеңейіп келеді.

Бүгін қаралып отырған Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шарт екі ел халқының достық пен тату көршіліктің, өзара сыйластықтың мызғымас қағидаттарына негізделген ғасырлар бойғы тарихи, рухани және мәдени тұтастығынан тамыр тартады.

Шарт екі мемлекеттің дамуы мен өркендеуіне септігін тигізеді: 

- одақтастық қатынастар орнатуға, 

- Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге;

- қауіпсіздіктің жаңа сынақтары мен қауіп-қатеріне қарсы күш-жігер жұмылдыруға;

- екі мемлекеттің әскери-техникалық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға;

- экономика, энергетика, инвестиция, агроөнеркәсіп салаларындағы, ғылыми-техникалық, мәдени-гуманитарлық өзара іс-әрекетті күшейтуге ықпал етеді.

Шартты ратификациялау Қазақстан-Өзбекстан стратегиялық әріптестігі мен одақтастығын нығайтып, кеңейтуге елеулі үлес қосуға мүмкіндік туғызады. 

Бауырлас елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуда парламентаралық байланыстар маңызды  рөл атқаратынын ерекше атап өткім келеді.

Біздің міндетіміз – екі ел президенттерінің уағдаластықтарын орындау үшін берік заңнамалық негіз құру.

Мемлекет басшыларының тапсырмасы бойынша Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстанның Олий Мажлисі заң шығару палатасы арасында Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі құрылды.