Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Нассер Әл-Хаджримен жүздесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Nebras Power компаниясының басшысымен энергетика саласының мәселесін талқылады
819
оқылды

Кездесуде энергетика саласындағы ынтымақтастықтың перспективалары және жаңартылатын энергия көздеріне инвестиция тарту мәселесі талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге баса мән беретінін айтты. Осыған орай Мемлекет басшысы Nebras Power компаниясының елімізде жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қызығушылық танытып отырғанын жоғары бағалады.

 

Өз кезегінде Мұхаммед Нассер Әл-Хаджри құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Қазақстанда су-энергетика жобасын жүзеге асыруға қатысты жоспарын жеткізді. Бүгін мүдделі тараптар арасында тиісті келісімге қол қойылды.

 

Сонымен қатар әңгімелесу барысында энергетика секторында метан қалдықтарын азайту жөніндегі ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

Президент Nebras Power компаниясы директорлар кеңесінің төрағасын алдағы уақытта өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақырды. Жиын аясында аса маңызды өңірлік және жаһандық мәселелер талқыланады.