Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата жанындағы Жас сарапшылар клубының отырысы өтті.
Жас сарапшылар стратегиялық жоспарлау мәселесін талқылады
Фото: А.Байжұманов
781
оқылды

Клуб аясындағы биылғы алғашқы кездесу жаһандық үрдістерді ескере отырып, Қазақстанның стратегиялық жоспарлау мәселелеріне арналды. Іс-шараға Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов қатысты.

Клуб отырысын ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында стратегиялық жоспарлау бойынша негізгі міндеттерді белгілеп бергенін атап өтті.

Сенат Төрағасының айтуынша, қазір елімізде әлеуметтік даму және бюджеттік-салық саясаты мәселелерін қайта қарау, жаңа инвестициялық кезеңді бастау, экономиканы ырықтандыру, сондай-ақ инфрақұрылымды жедел жаңғырту жөніндегі міндеттердің маңызы зор.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2029 жылға қарай экономиканың көлемін екі есе арттыру жөнінде нақты міндет жүктеді. Экономиканың барлық саласында кешенді жұмыс жүргізбей аталған мақсатқа қол жеткізу мүмкін емес. Бұл ретте мемлекеттің экономикаға араласуынан кезең-кезеңмен бас тарту ерекше мәнге ие. Мемлекеттік сатып алу бойынша жаңа заңнама қалыптастыру, мемлекет пен жекеменшік серіктестіктегі тың тәсілдер және жекешелендіру сияқты қадамдар да үлкен рөл атқарады. Ел экономикасына инвестиция тарту бойынша да ауқымды міндеттер тұр», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата Спикері елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды сақтаудың маңызды екеніне де назар аударды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың басты міндеті. Осы бағытта инвесторлар, орталық және өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға баса мән беріледі.

Тағы бір бағыт – тұрғын үй-коммуналдық және көлік-логистикалық кешендердің инфрақұрылымын жедел жаңғырту. Мәулен Әшімбаев су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне және агроөнеркәсіп кешенінің негізгі басымдықтарына да тоқталды.

Кездесуде сарапшылар адами капиталды дамытуға, сондай-ақ нақты және атаулы әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударды. Сенат Төрағасы атап өткендей, бұл бағытта білім беру, денсаулық сақтау қызметтерінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға басымдық бере отырып, әлеуметтік саланы реформалау қажет.

Іс-шара барысында жас сарапшылар Қазақстандағы стратегиялық дамудың маңызды қырларын талқылады. Клуб мүшелері әлемдік трендтерді ескере отырып, экономиканы әртараптандыруға, өмір сүру деңгейін арттырудың нақты индикаторларына қол жеткізуге, салааралық реформалар жүргізуге және орнықты дамуға қатысты өзекті мәселелерді де қозғады.

Өз кезегінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы отырысқа қатысушыларға белсенділік танытып, сараптамалық пікірлерін білдіргендері үшін алғысын жеткізді. Ол кездесуде айтылған ұсыныстар алдағы жұмыста ескерілетінін және бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін де атап өтті.