Күні кеше Үкіметтегі ауыс-түйіс толық жасақталып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді.
Жанарбек Әшімжан: Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру
831
оқылды

Соған байланысты «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан әлеуметтік желіде өз пікірін білдірді,– деп хабарлайды Aikyn.kz.

Келешекте орындалуы керек міндеттер жайлы Президенттің айтқан сөзін қолдайтын ол: 
"Алдағы кезеңде атқарылуы тиіс басты міндеттерге жеке-жеке тоқталған Президент Үкімет мүшелерінің әрқайсының алдына жаңа міндеттер қойды. Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын көтеру! 
Шетелдік нарыққа байланған экономиканы түп-тамырымен өзгертіп, отандық өндіріс орындарын көптеп ашып, халықты жұмыспен қамту. Барлық салада түбегейлі өзгерістер жасау",-дейді.
 
Сонымен қатар депутат Үкімет отырысынан кейінгі ойын жүйелеп, елдегі бірқатар мәселеге тоқтала отырып, былай дейді:
 
1. Ең әуелі бюджет және салық саясатының тиімділігін барынша арттыру қажет. 
Бюджетті бөлу тәртібі қайта тәпсірлеу. Облыс, қала, аудандардың ұзақ мерзімді стратегиялық бюджет жоспарының жоқтығы салдарынан инженерлік-инфрақұрылым, әлеуметтік нысандар мәселесі әлі де оңды шешімін таппауда. Соңғы жылдардағы экономикалық реформалардың нәтижесінде шағын кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге салынған мораторий мерзімі аяқталды. Мемлекет басшысы ендігіде Үкіметке салық саясатын қайта қарап, қазынаға түсер қаржының орта жолда қолды болмауын қадағалауды қатаң тапсырды.
Және салықты негізсіз көбейте бермей, Салық кодексін әзірлеуге сала мамандарынан бөлек экономистер мен бизнес өкілдерін жұмылдыруды ұсынды.
2. «Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек», - деп Президент үзілді-кесілді тапсырды. Өйткені - бұған дейін бұл міндет сайлауалды бағдарлама мен Жолдауда көрсетілген, алайда түрлі себептермен инвесторлық саясаттың иі бір қанбай-ақ келеді. Бұл жолғы тапсырманың жүгі ауыр… Ол үшін орталық пен жергілікті жерлердегі Инвестициялық штаб жұмысының үйлесімділігін жүйелеу арқылы шетелдік ірі инвесторларға «комфорт» шарт-жағдай жасау қажет екендігін баса айтты.

3. Келелі отырыста Президент мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау мәселесіне кеңірек тоқталды. Осы ретте Мәжілістегі әріптестерімізбен бірге мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасының төрт құбыласын түгелдеп, арасына қыл симайтындай деңгкйде қабылдау міндеті тұр, бұл – Президент тапсырмасы!

4. Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау мемлекеттің экономикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тартуға мүмкіндік беретін өте маңызды реформа екендігіне тоқталған ел Президенті Үкіметке бір ай ішінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттіктерімен бірлесе отырып, Экономиканы ырықтандыру туралы құжатты әзірлеуді тапсырды.
"Әзірлеу барысында нарықтағы бәсекені арттыру, жекешелендіруді тиімді жүргізу және квазимемлекеттік секторды реформалау мәселелері басымдық берілсін", - деді.
5. Баршаңызға мәлім, елімізде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға барлық табиғи шарт-жағдай әзірленген. Дегенмен, бөлінген қаржының діттеген тұсқа жетпеуі, салдарынан агро сектордағы техникалардың тозуы, өнім көлемінің түсіміне кері әсерін тигізуде. Осы мәселені шешу үшін мемлекет басшысы Үкіметке аграрлық салаға бөлінетін қаржы көлемін еселеп, екінші деңгейлі банктерді де осы ауқымды шараға жұмылдыруда міндеттеді.
Су ресурстарын үнемдеп пайдалану, диқаншылықта суды аз қажет ететін жаңа, заманауи әдіс-тәсілдерді практикада қолдану жөнінде Қасым-Жомарт Кемелұлы әр Жолдауында айтып келеді.
 
6. Соңғы жылдар ішінде еліміздің әр өңірінде электр қуаты, жылу, су, тағы басқада коммуналдық-энергетикалық секторлар сыр берді. Осы кемшіліктерді қалпына келтіру үшін салада жаңғырту жұмыстарын жүргізуі ауадай қажет. Бұл бағытта да ел Президенті Үкіметке нақты тапсырма беріп, қордаланған мәселені кезең-кезеңімен шешуге жұмылдырды.
7. Әлемдік геосаяси жағдай қырық құбылған шақта еліміздің құрлықтық көлік-логистикалық дәліздері көршілер үшін аса тиімді, қауіпсіз аймаққа айналып үлгерді. Ел аумағынан өтетін транзиттік авто, теміржолдар отандық логистиканы дамытудың жаңа сатысына қадам басуды талап етеді. Бұл туралы Президент экономиканың күретамыры саналған – автожол мәселесіне басымдық беру күн тәртібінен бір сәтке де түспейтіндігін ескертті. Елдегі автожолдардың сын көтермейтінін, "сақалды" құрылысқа айналған республикалық және аймақтық жолдарды жеделдедіп және сапалы аяқтауды жүктеді.
8. Жаңа техникалық төңкеріс қоғам өміріне күтпеген өзгерістер алып келуде. Жасанды интеллект азаматтардың жұмысын жеңілдете түсуде.
Адам ақыл-ойымен қатар өніріске дендей түскен прогрестің біздің қоғамымызда да қолданысқа енуін көздеген Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы цифрландыру ісін жалғастыру және жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдану жөнінде жаңа Үкіметке нақты тапсырмалар міндеттеді. Әрі оның үдесінен шығатындығына сенім білдірді.
9. Мемлекет басшысы отырыста халықтың әлеуметтік осал тобын қолдау, жұмыспен қамту, ауылдық елдімекендерді әлеуметтік нысандармен қамту, қызмет сапасын жақсарту бағытында қолға алынған ауқымды жобалар жөнінде нақтылап өтті. Оның ішінде «Жайлы меткеп», «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы төңірегінде қордаланған кемшіліктерді тез арада ретке келтіруді жүктеді.
 
Үкіметтің кеңейтілген отрысында мемлекет басшысы тарапынан айтылған әр мәселеле заң шығарушы орган мен қоғамның тікелей бақылауында! Және дер кезінде қортынды шығарып, ел экономикасының дамыту ортақ жауапкершілік!
 
Ал заңсыз активтерді елге қатару, халық игілігіне айналдыру Бектенов бастаған Үкімет пен құзырлы орындардың, тиісті комиссиялардың күндіз-түні ойынан шықпайтын негізгі "бас ауруы" болмақ!-деп сөзін түйіндеді ол.