Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты депутат экономика, ішкі және сыртқы инвестиция хақында қордаланған мәселенің көп екенін айтты.
Депутат: Үкіметке алдымен қуатты экономиканы қалыптастыру керек
806
оқылды

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Қайрат Балабиев Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты пікірінде айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Өткен жылы жалпы экономика 5,1 пайызға өсіп, даму қарқыны бәсеңдемеді. Десе де қазір Үкіметке жайбарақат отыратын емес, жаңа серпінмен іске кірісетін уақыт. Мақсат айқын, бағыт белгілі болса да, жол берілген қателіктерді жою қажет. Жыл сайын ішкі жалпы өнімді 6 пайызға арттырып, 2029 жылға қарай экономика көлемін 450 миллиард долларға жеткізу керек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы міндеттерді орындау үшін Үкімет пен әкімдіктерге берілген құзырет дұрыс қолданылмай, салдарынан реформалардың жүзеге асырылмай жатқанын айтып, жұмыс істеу тәсілін түбегейлі өзгерту, ұстанымдарын жүйелеуді, экономиканың ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз етуді тапсырды», – дейді депутат.

Сонымен қатар депутат Президенттің жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыруды тапсырғанын баса айтты.

«Сондықтан бизнеске әкімшілік қысым көрсетуді азайтып, нақты қолдауды көбейтіп, салықты жүйесіз өсіруден бұрын Үкіметке, алдымен, қуатты экономика қалыптастыру керек. Президент салық жеңілдіктерін 20 пайызға азайту тапсырмасының орындалмағаны мен шешу жолдарының әзірленбегеніне тоқталды. Сондай-ақ салық жүйесі цифрландырылмақшы. Президент мемлекеттік кірістер комитетінде 2000-2014 жылдары қосылған 14 ақпараттық жүйенің кеңінен қолданылмағанын, жаңа халықаралық жүйеге ауыспағанын айтып, ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне ІТ-аудит жүргізуді, жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын қалыптастыруды тапсырды», – деді ол.

Оған қоса Мәжіліс депутаты негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып бара жатқанын тілге тиек етті.

«...Жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Өндіру саласындағы жобалардан түскен пайда қайтадан инвестиция ретінде экономикаға салынып жатыр. Тікелей шетел инвестициясы, негізінен, осы қаражаттың есебінен қамтамасыз етіліп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестицияның ішкі жалпы өнімге шаққандағы үлесі азайып барады. Бұл күрделі жағдай деуге болады. Себебі экономикаға жеткілікті қаражат салынбай жатыр. Соның салдарынан, алдағы жылдары елдің даму қарқынын сақтап тұрудың өзі қиын болуы мүмкін.

Сондықтан ішкі және сыртқы инвестицияны айтарлықтай көбейту керек. Бұл – жаңадан құрылған Инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Штаб елге инвестиция тартуға қажетті біртұтас экожүйе қалыптастыруы керек. Даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Ең бастысы, Инвестициялық штаб қажетті шешімді дер кезінде қабылдауы керек», – дейді депутат Қайрат Балабиев.