Әлеуметтік мәселелерді көтеріп, отба­сындағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас жайында көрер­менге жол тартқан «Қара жәшік» телехи­кая­сының соңғы бөлімі де көрсетілді.
Нартай Сауданбекұлы: «Қара жәшік» – өз ішімізде
1,281
оқылды

Трагедияға толы бір тағдыр баяндалған «Қара жәшіктің» қамтыған тақырыптары қарапайым халықты бейжай қалдырмасы анық. Жасөспірімдердегі ауыр психологиялық «травмалардың» алдын алуға негізделген драма жанрындағы сериалдың жалғасын сұрап жатқандар көп. Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген телехикаяның продюсері Нартай Сауданбекұлы сериалдың негізгі идеясы мен түсірілім барысындағы жағдайлар туралы айтып берді.

– Әңгімемізді «Қара жәшік» идея­­­­сының пайда болуынан бастасақ. Трагедияға толы оқиға желісінің пай­да болуына белгілі бір себептер әсер етті ме?

– Алғашында Khabar телеар­­­насына комедия жанрындағы те­­­лехикаяны ұсынған едік. Сол кезде арнаның директоры Берік Уәли қа­зір комедияның тым көп екенін айтып, әлеуметтік жағдайды қоз­­­­ғай­тын тақырып аясында түсіруді ұсын­ған болатын. Солардың бірі ретінде әлеуметтік желідегі неше түрлі ойынды, жастар ғана емес, еңкейген қариялардың да теле­­фоннан бас алмай отыратыны жай­лы мысалдар келтірген. Бір апта ой­ланып, бұл ұсыныс бойынша «Же­лі» деген атпен телехикая түсі­руді жоспарладық. Желі туралы Голливуд кино түсіріп қойған, бірақ тақырыбы мүлде басқа болды. Біз ұсынған тақырыпта әлеуметтік желідегі кесірі туралы баяндалады. Осыдан біраз жыл бұрын Қазақ­­станда да «көгілдір кит» аталған қауіпті ойын болды. Дәл осы қауіпті ойынның кесірі қаншама жасөс­­пірімнің өмірін қиды? Оның нә­тижесі суицидке алып келді. Еліміз ересектерді қоспағанда жасөс­пі­рімдер арасындағы суицид көрсет­­кіші бойынша Орталық Азия ел­дерінің ішінде көш бастап тұр. Бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналған суицид тақырыбын көтерейік деп шештік. Сценарий жа­зылғанша, түрлі мәселе көтеріліп, ақыр аяғы бір қыздың басындағы трагедияны баяндауды қолға алдық. Сөйтіп, Берік Уәли телехикаяның шығуына сеп болды.  

– «Қара жәшік» телехикаясының мазмұны ата-ана мен бала ара­­­­­­сын­дағы қарым-қатынас, буллинг, суи­цидтік жағдайларға негізделген. Тура осындай жағдай басты кейіпкер Айым­ның әлеуметтік желіде тараған қауіпті ойыннан өз-өзіне қол жұмсап, қайтыс болғаны туралы баяндалды. Бұл үздік оқушының жасайтын әре­­­кеттері деп түсіну бір жағынан қиын. Сонда негізгі мақсат – әлеуметтік же­лінің кесірін түсіндіру болды ма, әлде ата-ана арасындағы қарым-қа­тынастың дұрыс болмауының нәти­жесін жеткізу ме?

– Телехикаяда тек бір адамның өлімі не болмаса оған себепкерлерді көрсету деген идея жоқ. Байқасаңыз, сериалда суицид мәселесі ғана емес, қазіргі қоғамдағы ең өткір мәселенің бәрі қозғалады. Мәселен, үлкен от­басына төнген зауал, мек­теп­­­тердегі буллинг, кибербуллинг мә­­селесі, қоғамдағы әділетсіздік, ата-ана­­лар­дың балаларына дұрыс көңіл бөл­меуі сияқты жағдайлардың бәрі көрермен назарына ұсынылған се­риалда айтылды. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты көр­­сетудегі мақсатымыз – отба­­сындағы күрделі мәселелердің ба­­ланың пси­­хологиясына әсер етіп, сорақы нә­­­тижемен аяқталатынын түсіндіру болды. Өйткені қазір елімізде қан­­шама толық емес отбасылар бар, толық болса да отбасының тірегі болып отырған нашар жағдайдағы ата-ана көп. Мысалы, «Қара жәшік­тің» басты кейіпкерінің бірі Айым­­ның әкесі – маскүнем, жеңіл жүрісті кісі. Қазір біздің қоғамдағы ең үлкен дерттің бірі де – осы. Яғни, әке­­­лердің от­­басына жауапкер­шілікпен қара­­­май, өзіне артылған жүкке жауап­­­сыз­­­­дықпен қарауы осы тақы­­­рыпқа арқау болды. Сонымен қатар теле­хикаяда жалғызбасты ананың да басынан өткен ауыр күндер кө­рініс табады. Ол – екі қызын ертіп алып, жалдамалы үйде жанын бағып жүрген әйел. Сөйте тұра, өзі көрген қиын күндерді қыздары көр­мес үшін элиталы гимназияда оқытуға тырысып жүрген ананың кейпі сомдалған сахналар бар.

Соңы суицидпен аяқталатын оқиғалар баланың үздік не нашар оқуымен өлшенбейді. Мәселе онда емес. Егер оқушы үздік оқып, бар­­­лық жағдайы жақсы болып тұрса да, ауыр психологиялық жағдай қатты әсер етеді. Әсіресе, әлі буыны бекіп, ой-санасы толық қалыптасып үл­гермеген жасөспірім қиын жағдайға келгенде әлсіздік танытады. Мұн­­дайда ешкім сақтан­­­­­дырыл­маған. Біз осыны айтуға тырыстық. Мысалы, әскер қызмет саласында да сұмдық әлімжеттік оқиғалардың белең ал­ғанын көрдік. Енді қарасаңыз, қа­­заққа қазақ дұшпан секілді. Мек­тепте де осы сияқты буллинг жасап жүрген балалар өзінен әлсіз құр­­дастарын қорлап жатқанын, оларға қысым көрсетіп жатқанын тү­сінбейді. 

– «Қара жәшік» қоғамда резонанс тудырған телехикая болды. Аталған сериал көбіне мектеп оқушыларының арасындағы мәселелерді көтеретін тақырып болғандықтан, оның кө­­­рер­мені де мектеп жасындағы бала­лар. Бірақ сериалда баяндалған оқи­­ғалар қазіргі психологиясы ерекше бала­ларға кері әсерін тигізеді деп ойла­майсыз ба?

– Иә, жас көрерменнің психо­­логиясына кері әсерін тигізуі бек мүмкін. Таяқтың екі ұшы бары сияқ­т­ы сериалды да әркім өзінше қа­­былдайды. Бірақ біз осындай маз­мұны түсініксіз болып қалмасын деген мақсатта флэшбектерді көбі­рек пайдаландық, көрерменге тү­сінікті болуы үшін әдейі асықпай, осы тәсілдерді қолдандық. «Мұндай жағдай болмасын» деген сөздің өзін бірнеше рет қайталадық. Түсірілім барысында кейбір қиын тұстар да болды. Соның бірі – тергеу сахна­­­ларын түсіру. Бұл сахнаны өте ұзақ түсірдік және тергеу барысын әдейі көрсеттік. Себебі балалармен дұрыс сөйлеспеудің, сатқындықтың арты қалай аяқталатынын, адамның жан дүниесіне үңілмеудің салдарын түсіндіру болды.

– Отандық телехикаялардың бө­лім саны да аз келеді ғой негізі. Мүм­кін, осы үшін «Қара жәшіктің» екінші бөлімін сұрап жатқан шығар көрер­­мен. Тіпті, бұл аяқсыз қалды деген пі­кірлер де айтылып жатыр.

– Телехикая түсіру тәжірибемізде байқағаным, көрермен ұзақ се­­­­­­­риал­дардан тез жалығып, соңына дейін шыдамы жетпей кетеді. Тіпті, күр­делі тақырыптың мазмұнын тәп­­тіштеп түсіндіру үшін флэштерді көбірек қолдансақ, бір оқиғаны тым созып көрсетті деп айтады. Осындай жағдайларға да көзіміз жетті. Теле­хи­­­­каяның екінші бөлімін түсіруге де сұраныс көп. «Қара жәшік-2-нің» қаншалықты актуалды болатынын уақыт көрсетер. Көтерілген мәселе өзекті болғаннан кейін телесе­­­­риал­дың жалғасы түсіріліп жатар. Қа­зірге ештеңе айта алмаймын. Кө­­рермен соңғы бөлімде қыл­­­мыс­кер тұтқындалса екен деп тілек білді­реді. Ал қылмыскер тұтқын­­­далма­ған­дықтан, оны көрермен аяқ­сыз қалды деп түсінеді. Голли­вудтың осылай аяқсыз қалған мың­даған киносы бар, олар көрерменге ой қал­дырады. «Қара жәшік» те кө­рерменге ой салумен аяқталады. Қылмыскердің тұтқынға түспеуінің себебі мынада: әр қара жәшіктің иесі өз ішінде отыр. Өзімізді-өзіміз әлеуметтік желіге қамаймыз, сондай сорақылықтарға өзіміз кінәлі бола­­мыз негізінде. Телехикаядағы алы­­­сып жүрген қара жәшік иесінің құ­­рықталмауы да содан. Өйткені жа­ңа­ғы айтқанымдай, қара жәшік – өз ішімізде. Көрермен осы тұрғыда көбірек ойлануы керек. Түрлі ой тас­таған сериалды түсіру кезінде сұрапыл кастинг болды, әр актерді рөлге бекітер кезде қатаң талап­тардан өткіздік. Эпизодтық рөлдер­­ге телеэкранда жарқыраған кәсіби актерлерді тарттық. Бұл өзінің нә­тижесін көрсетті деп білемін жә­не келешекте де актер таңдау ісіне адал боламыз. Шынында, кез кел­­­­ген істі кәсіби маман атқаруы керек деп ойлаймын.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ