Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевті қабылдады.
«Ауыл аманаты»: биыл су үнемдеу және балық шаруашылығын дамытуға қаржы бөлінеді
1,045
оқылды

Президентке Жамбыл облысының былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінде оң динамика байқалатыны жөнінде баяндалды. Атап айтқанда, негізгі капиталға құйылған инвестиция 17,3 пайызға артып, 517,2 миллиард теңгені құраған. Сондай-ақ көлік тасымалы саласы – 5,2 пайыз, құрылыс – 18,7 пайыз, байланыс – 7,2 пайыз, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 4,7 пайыз өскен.

Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, 2023 жылы облыста жалпы құны 75 миллиард теңге болатын 13 жаңа өндіріс іске қосылды. Биыл жалпы сомасы 180 миллиард теңгеден асатын тағы 28 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жалпы, инвестициялық жобалар пулына құны 2,3 триллион теңгені құрайтын 69 жоба енген. Оларды іске асыру арқылы 5,5 мың адамды жұмыспен қамтуға болады.

Президентке шағын және орта бизнес субъектілері 864,9 миллиард теңгенің өнімін өндіргені жөнінде мәлімет берілді. Аталған салада жұмыспен қамтылғандар саны 18,5 пайызға артқан.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің даму барысы жөнінде айтылды. Өңірде су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында биыл су үнемдеу және балық шаруашылығын дамыту жобаларына қосымша қаржы бөлінеді.

Облыс әкімі айтуынша, былтыр 2030 оқушыға арналған 7 мектеп пайдалануға берілген. Ал биыл 13 380 орынға есептелген 29 білім беру нысанының құрылысы басталады. Оның ішінде 12 білім ордасы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынбақ.

Бұдан бөлек, 19 денсаулық сақтау нысаны, соның ішінде Тараз қаласында облыстық онкологиялық диспансер және Шу ауданында балаларды оңалту орталығы ашылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы әкіміне өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан одан әрі дамытуға және тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.