Париждегі ең әйгілі мейрамханалардың бірі Ла Тур д'Аржент (La Tour d'Argent) қайта жөндеуден кейін ашылды. Аңызға айналған көп тарихи оқиғалар осы мейрамханамен байланысты. 300 000 бөтелкелі шарабы бар жертөле де осында.
Атақты мейрамханада бір түні 10 000 доллар тұратын апартамент бар
La Tour d'Argent-тің жаңа террасасы. Жөнделу үстіндегі Нотр-Дам соборы мен Сена өзені. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Matthieu Salvaing
1,913
оқылды

Сена өзені мен атақты Нотр-Дам соборына қарайтын 5-ші аудандағы мейрамхана туралы BBC News арнайы материал жариялады. «Париждегі ең көне мейрамхана» төңірегінде тараған аңыздар мен тарихи оқиғалардың шындығын Aikyn.kz осы материалға сүйеніп түсіндіреді.

La Tour d'Argent-тің ерекше тағамы – canard au sang (қоңыр түсті соус құйылған үйрек). Ас құралдары күмістен жасалған. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Matthieu Salvaing

La Tour d'Argent сөзі француз тілінен «Күміс мұнара» деп аударылады. Ал күміс мейрамхана тарихы 1582 жылдан басталады. Ол өзінің керемет асханасы мен Парижде театрландырылған қойылым түрінде дайындалатын үйрек тағамымен, 300 000 бөтелкелік шарап жертөлесімен танымал.

Коллекциясында 30 000 доллар тұратын шараптар да бар. Мейрамхананың мәлімдемесіне сәйкес, дәл осы жерде король Генри III алғаш рет шанышқыны алып, оны француздарға қолдануды насихаттаған.

Оның беделі патшайым Елизавета II, Теодор Рузвельт және Джон Кеннеди, сондай-ақ Чарли Чаплин, Сальвадор Дали, Брэд Питт пен Анджелина Джоли сияқты тарихтағы ықпалды тұлғаларды өзіне тартқан.

2007 жылы Pixar анимациялық фильмі Рататуй (Ratatouille) режиссеріне де осы La Tour d'Argent шабыт берген. Мына видеодан мейрамхана көріністері бар: 2023 жылдың тамызында 15 айлық жөндеуден кейін қайта ашылған мейрамхана Парижде үлкен дүрбелең туғызған, арнайы журналдар оның жандануы туралы көптеген мақтау мақалалар жазған. Қазір мейрамхананың бірінші қабатында бар, люкс деңгейіндегі қонақүй бөлмесі, террассалар және ашық ас үй бөлмесі бар.

Мейрамхананың «даңқ залында» ең танымал қонақтар қалдырған қолтаңбалары мен фотосуреттері ілінген. Нотр-Дам соборын түнде мейрамхана қонақтары тамашалау үшін соборды жарықтандыруға қазіргі мейрамхана қожайыны Террейлдің әкесі Клодтың электр қуатына төлеген 1955 жылғы түбіртек те сақталған.

2007 жылы Pixar киностудиясы түсірген Ratatouille анимациялық фильмінің режиссері де La Tour d'Argent мұнарасынан шабыттанған. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Collection Christophel/Alamy 

Террейл 30 жасқа дейін осы ғимаратта тұрған және оның ажырамас бөлігіне айналғандай. Бала кезінде ол ата-анасымен бірге әр жексенбіде мейрамхана залының бұрышында орналасқан үстелде отырып, қуырылған тауық етінен жасалған қарапайым түскі ас жейтін, бұл отбасылық рәсімде терең мағына болғанын ол кейін түсінген.

«Әкем мені ертіп мейрамхананы аралататын, қонақтармен амандасатын. Осының бәрін ол болашақта мені не күтіп тұрғанын сезінуім үшін істеген екен», – дейді La Tour d'Argent-тің үшінші буын қожайыны.

Өйткені бұл мейрамхана Париждің көрнекті жері ғана емес, мейрамхана Террейл үшін ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келетін отбасылық кәсіп. Әкесі Клодқа арналған поло стилінде жасалған лаунж-бар, бір түні 10 000 доллар тұратын 150 шаршы метрлік жаңа сәнді L'Appartement люксі ата-бабасының қонақүйден бастаған тамырларының жалғасы екені Террейлге үлкен мәртебе. Мейрамханамен бірге үлкен Террейл (Terrail) Sr George V қонақ үйін ашуға көмектескен, қазір ол Four Seasons George V деп аталады. Оның әжесі Августа Бурдель біраз уақыт сонда тұрған.

Артқы картинада Фредерик Делар және атақты үйрек баспағы (пресс). Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Matthieu Salvaing

Бас-аспазшы Янник Франкес өз командасымен жоғарғы қабаттағы жаңа ашық асүйде жұмыс істейді. Ол бүгін де мейрамхананың ең атақты canard au sang (қоңыр түсті соус құйылған үйрек) тағамын мейрамхананың бұрынғы қожайыны Фредерик Делард 19 ғасырда дайындағандай театрландырылған түрде әзірлейді.

Дәстүр бойынша, қуырылған үйректі шанышқымен ұстап, үстелге қояды және Делард сияқты кесілген кезде үйрек табаққа тимеуі керек. Содан кейін ұшаны атақты үйрек баспағында (пресс) ұсақтайды, ал «қанды» шырындар коньяк пен портвейн қосылып, бай қоңыр түсті соусқа айналады.

Бас-аспазшы Янник Франкес 2004 жылы Францияның ең үздік аспазы атанған, екі Мишлен жұлдызының иегері.  Фото tourdargent.com сайтынан алынды

Кезінде Фредерик Делард енгізіп бүгінге дейін өзгеріссіз келе жатқан дәстүр – мейрамханада ұсынылатын әрбір үйректің нөмірленуі. Бұл өз уақытынан озған және әрбір тағамның бірегейлігі туралы идеяны білдіретін ақылды бизнес концепция. Қонақтар кәдесый ретінде үйректің бірегей сериялық нөмірі бар бедерлі сертификатты өздерімен бірге алып кетеді.

Франклин Рузвельт 1929 жылы 112 151 нөмірлі үйректі жеген, ал 328 нөмірлі үйрек 1890 жылдан басталады және Уэльс ханзадасы, болашақ Эдвард VII-нің түскі асы болған. 2023 жылдың қазан айының соңына қарай 1 117 800-ден астам үйрек тағамы қонақтарға ұсынылған.

La Tour d'Argent мейрамханасын 1890-шы жылдары иеленген Фредерик Делар. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: Granger/Alamy

Мейрамхананың 300 000 бөтелкелік шарап топтамасы, оның ішінде 25 000 еуродан асатын революцияға дейінгі бірнеше тарихи шараптар бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мейрамхана иесі Клод шарап жертөлесін бөтелкелерді жасыру үшін кірпіш қабырға тұрғызып, фашистерден құтқарып қалған. Дәл осы сияқты әңгімелер La Tour d'Argent мифологиясын жасауға көмектесуде. 

Клод Террейл 1969 жылғы сұхбатында айтқандай, 1574-1589 жылдары Франция монархы Генри III өзінің корольдік сарайының мүшелерінің әр тамақтан кейін киімдері мен биік жағаларын немесе бөртпелерін ластап жатқанын көруден шаршайды. Бұл олардың қолдарымен тамақтанудың сөзсіз салдары еді.

Сондықтан ол күміс шеберіне он шанышқы жасауды бұйырды (ол кезде шанышқылар Италияда қолданыста болған) және La Tour d'Argent-те кешкі ас өткізеді, сол жерде король шанышқыны бүкіл Францияға таныстырды деген әдемі аңыз бар.

La Tour d'Argent мейрамханасы қонақүй және таверна болып 1582 жылы ашылған деген тақта. Фото bbc.com сайтынан алынды. Авторлығы: BSTAR images/Alamy

Халықаралық мейрамханалардың La Liste рейтингінің Асхана каталогының басқарушы директоры Элен Пьетрини:

«Мен мейрамханаға мұражаймен танысу үшін бармаймын. Мен мейрамханаға француз тарихы мен гастрономиясының бір бөлігін жеу үшін барамын. Қонақтар мейрамханаға қанша ғасырдан бері жұмыс істеп келе жатқанын қызықтау үшін емес, Францияның аспаздық мұрасын көріп, сезіну үшін барады. Ал La Tour d'Argent уақытпен шектелмеген, мәңгілік құндылық», – дейді.

Ұлтын, елін сүюге, оның патриоты болуға осындай мейрамханалар да көмектесетіні бұл сөздерден анық көрініп тұрғандай.