Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazagstan» газетіне берген кең көлемді сұхбатында өткен жылдың қорытындысын шығарып, алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісіп, қоғамдағы маңызды мәселелерге тоқталды.
Елдік мәселелерге негізделген мазмұнды сұхбат
Фото: ru.sputnik.kz
1,228
оқылды

Мұнда Президент  өзі ел тізгінін ұстаған 2019 жылдан бергі жүргізіліп келе жатқан саяси реформалардың нәтижесіне, республиканың  экономикалық  және әлеуметтік жағдайына, қол жеткізген жетістіктері мен мемлекеттік басқарудағы орын алған оқыс жағдайларға жан-жақты шынайы және әділ баға бере келе,  жақын болашаққа да байыпты болжам жасаған. 

Сұхбатта қасіретті «Қаңтар оқиғасынан» бері екі жыл өтсе де,  жұртшылықты әлі де ойландырып  һәм толғандырып жүрген көптеген көкейкесті сұрақтарға жауап берді. Сонымен бірге, мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің  қалай өрбігенін және мұндай жағдай енді  қайталанбас үшін,  әрі одан дұрыс сабақ алу үшін Қаңтар оқиғасының себеп салдарын бұрмалап көрсетудің қажеті жоқ екендігін және ендігі жердегі мемлекеттік саясаттың   қалай жүргізілуі қажет екендігін айқындап берді. 

Президент өз сұхбатында Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы басым бағыттарға айрықша мән берді. Бірінші кезекте,  осы жылдарда елімізде қордаланған экономикалық мәселелерге шолу жасалынып, 2029 жылға қарай  ұлттық экономиканың көлемін екі есеге арттырып, ақшалай өсімді 450 миллиард долларға жеткізу жоспарланып отырғанын айтты.

Осы тұрғыда ауқымды өнеркәсіп жобаларын іске асыру мақсатында  шетелдік инвестицияларды көптеп тарту қажеттігін, квазимемлекеттік сектордың тиімділігін арттыру қажет екендігін, кәсіпкерлік  пен  бәсекені дамыту,  әсіресе, энергетикалық қауіпсіздікке баса назар аудару керектігін дәлелдермен негіздеп берді.  

Одан кейін, Қазақстанның  географиялық тұрғыдағы шекаралас көрші мемлекеттерімен, әсіресе, еліміздің негізгі сауда-экономикалық серіктестері  Ресей Федерациясы және Қытай Халық Республикасымен арадағы ынтымақтастық қарым-қатынастары және  алдағы уақыттарда жүргізілетін  жалпы саясаты қандай бағытта өрбуі қажет екендігіне ерекше көңіл бөлді. 

Келесі кезекте, мемлекетіміздің ұзақ мерзімді  стратегиялық бағдары аясындағы  алдыңғықатарлы, заманауи технологияларды меңгерген,  өзгелерден озық тұрар  ұлы да ойлы ұлт ретіндегі басты  міндеттерімізге ерекше  мән берілді. 

Президент Қ.Тоқаев қарапайым халықтың қарызға белшеден батып,  борышкерге айналуын, елде орын алып отырған  жұмыссыздық  және тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылық саласындағы қалыптасқан жағдайды жүйелі түрде қолға алу қажеттігіне тоқталды.

Бүгінгі қазақстандық қоғамда өткір пікірталастардың өзегіне айналып отырған және соңғы уақытта көп талқыланып жүрген, мемлекетімізді энергетикалық тәуелділіктен құтқаруы ықтимал  Атом электр станциясын  салу  мәселесі бүкілхалықтық референдум нәтижесі негізінде тек халық қалауымен ғана шешілетіндігін  тағы бір мәрте  қайталады. 

Әділетті Қазақстан құру жолындағы  саяси  жаңғыру процестері тың қарқынмен жалғасып жатқанын тілге тиек ете отырып, биліктің  үш тармағы теңгермелі қызмет ететін  саяси жүйемізді құру барысындағы құқықтық әділеттілікті  қамтамасыз ететін Конституциялық Соттың тек қана аты ғана емес, заты да  түбегейлі өзгергенін нақты мысалдармен  дәлелдеп берді.   

Бүгінгі әлемде ғаламдану процесі жеделдете жүріп жатқан жағдайда ұлттық идеологияның жалғандыққа ұрынбай, жалпы адамзаттық және жалпы ұлттық құндылықтар биігінен көрінуі аса  қажет екендігі  баса айтылды. 

Озық ойлы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісінде идеологияның алатын орны ерекше.  Мемлекет басшысы, осы тұрғыдан алғанда еліміздегі құндылықтар жүйесінің жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне Ұлттық Құрылтайдың отырыстарында көтеріліп, кейін жүзеге асырылып жатқан  ауқымды  істер айтарлықтай  оң әсер  етіп  отырғанын орынды атап өтті. 

Президент «Қазақстан халқын біріктіріп, ұйыстыра алатындай, ең бастысы қоғам мүшелері оған кәміл сенетіндей - нағыз ұлттық  құндылықтарға негізделген ұлттық  идеология қажет» деді..

Сұхбат барысында Мемлекет басшысы тарихшыларының пайымын негізге ала отырып, мемлекеттігіміздің тарихы тым тереңде жатқандығын білдіретін айтулы дата ретінде Жошы ұлысының іргетасы қаланғанына биыл  - 800 жыл толатындығын және соған сай кең көлемді зерттеу жұмыстарының қолға алынатынын жеткізді.

Жаңа басталған  жылдың алғашқы  күндері берілген  мазмұнды  сұхбаттан ел үмітін ақтайтын  Мемлекет басшысының сенімді сөздері мен нақты істері көрініс тапқан.

Есенай ІҢКӘРБАЕВ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ саясаттану және саяси технологиялар  кафедрасының доценті, саяси  ғылымдарының кандидаты