Былтыр визасыз өзара қатынас орнатылған елдердің тізімі 83 мемлекетке дейін артқан.
Сыртқы істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің қорытынды отырысы өтті
1,107
оқылды

ҚР Сыртқы істер министрлігінде СІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің 2023 жылғы қорытынды отырысы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Кеңес отырысы шеңберінде сыртқы саяси ведомствоның 2023 жылғы жұмысының қорытындылары тыңдалып, Қоғамдық кеңестің 2024 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Іс-шараға Кеңес төрайымы – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан және азаматтық қоғам, ғылыми және құқық қорғау ұйымдары өкілдерінің қатарынан кеңес мүшелері қатысты.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко өз баяндамасында Қазақстанның сыртқы саясатының басымдықтары өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, Қазақстанның өңірлік және жаһандық саясаттың субъектісі ретіндегі рөлін арттыру, ұлттық мүдделерді шетелде қорғау және қамтамасыз ету болып қалғанын атап өтті.

Қазақстан алдағы уақытта да БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықты және халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын ұдайы сақтауды жалғастырады. Сондай-ақ, Сыртқы істер министрлігінің шет мемлекеттермен сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды және визалық талаптардан өзара босату туралы халықаралық шарттық-құқықтық базаны кеңейту шеңберінде елдің туристік тартымдылығын нығайту жөніндегі белсенді жұмысы туралы айтылды. Визасыз өзара қатынас орнатылған елдердің тізімі түрлі паспорттар бойынша 83 мемлекетке дейін артқанын, осылардың ішінде 30 елмен жалпы азаматтық паспорт бойынша визасыз режим орнағанын атап өткен жөн.

Баяндамада шет елдердегі ҚР азаматтарымен тікелей өзара іс-қимыл жасайтын консулдық қызметтің жұмысына ерекше назар аударылды. 2023 жылы Түркиядағы табиғи апаттар мен Таяу Шығыстағы қақтығыстардың шиеленісуіне байланысты біздің азаматтарымызды эвакуациялау бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Атқарылған ведомствоаралық жұмыстың нәтижесінде 400 азамат отбасы мүшелерімен бірге қауіпсіз жолмен эвакуацияланып, Қазақстанға жеткізілді.

Сондай-ақ, министрдің орынбасары отырысқа қатысушыларды бүгінге дейін шет елдердегі ҚР мекемелері 12 мыңнан астам өтініш қарағаны туралы хабардар етті және келіп түскен өтініштердің 99,3%-ы оң шешілуіне байланысты дипломаттардың сапалы жұмысын ерекше атап өтті. Р.Василенко Қоғамдық кеңес мүшелеріне келесі жылы азаматтардың өтініштерінің қаралу барысын бақылау бойынша ҚР СІМ жұмысына қоғамдық мониторинг жүргізу жөнінде ұсыныс жасады.

Сыртқы экономикалық қызмет, Имидждік жұмыс және Адами өлшем жөніндегі кеңес комитеттерінің төрағалары өткен жылғы қызметтері бойынша жұмыс қорытындыларын талқылап, келесі жылға арналған жұмыс жоспарларын белгіледі.

Ашық пікірталас барысында Қоғамдық кеңестің алдағы жұмысы бойынша нәтижелі пікір алмасу өтті. Қоғамдық кеңестің мүшелері Министрлік басшылығына атқарылған жұмысы үшін алғыстарын білдірді және ҚР СІМ-нің өз жұмысының сапасы мен тиімділігін жақсарту үшін Кеңеспен тығыз ынтымақтасуға деген мүдделігін құптады.