ҮАК отырысы аясында екі елдің 100-ден астам бизнес өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Саудия инвестициялық дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.
Сыртқы істер министрі Қазақстан-Саудия үкіметаралық жиынына қатысты
1,175
оқылды

Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қазақстан-Саудия үкіметаралық комиссиясының 6-отырысына қатысты,  деп хабарлайды Aikyn.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Сауд Арабиясы Корольдігінің астанасы Эр-Рияд қаласында Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Саудия үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 6-отырысы өтті. Комиссияның тең төрағалары  ҚР Премьер-Министрінің орынбасары –Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және САК Инвестициялар министрі Халид бен Абдулазиз Әл-Фалих.

Қазақстандық делегация құрамына мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ ірі ұлттық және жеке компаниялардың басшылары кірді. ҮАК отырысы аясында екі елдің 100-ден астам бизнес өкілдерінің қатысуымен Қазақстан-Саудия инвестициялық дөңгелек үстелі ұйымдастырылды.

Іс-шараны ашқан ҚР СІМ басшысы М.Нұртілеу екі елдің мемлекеттік және жеке секторлары арасындағы ынтымақтастықты жандандырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтті. Министр сауда-экономикалық қатынастарды нығайту үшін Саудия нарығының зор әлеуетіне, сондай-ақ инвестициялық әріптестікті кеңейтудің шексіз перспективаларына назар аударды.

Қазақстандық делегация басшысы екі елдің де жасыл энергетика, азық-түлік қауіпсіздігі, көлік және логистика, тау-кен өнеркәсібі, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы және туризм сияқты экономика салаларындағы байланыстарды одан әрі тереңдету үшін елеулі мүмкіндіктері бар екенін атап өтті.

«Сауд Арабиясы Таяу Шығыста да, жалпы халықаралық аренада да Қазақстанның маңызды серіктесі. Біздің көшбасшыларымыз арасындағы жеке сенімді байланыстар өзара тиімді екіжақты ынтымақтастық үшін берік негіз жасайды және бізге кең мүмкіндіктер ашады», – деді М.Нұртілеу.

Сонымен қатар  комиссия отырысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы іскер топтарының мемлекеттік органдарының өкілдері нақты ұсыныстармен сөз сөйледі, олар екіжақты күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша пікір алмасты, сондай-ақ әртүрлі салалардағы стратегиялық маңызды жобаларды іске асыру жолдарын талқылады. Саудиялық инвесторларға еліміздің инвестициялық мүмкіндіктері, мемлекеттік қолдау шаралары және инвестицияларды тарту бойынша жұмыста қолданылатын жаңа тәсілдер таныстырылды.

Екі елдің бизнесмендерінің алдында инвестициялық дөңгелек үстелде сөйлеген сөзінде М.Нұртілеу әлемдегі күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Астана мен Ар-Риядтың жан-жақты қарым-қатынастары белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Мұның берік негізі  екі елдің іскер топтарының ынтымақтастықты нақты өзара тиімді жазықтыққа шығаруға деген қызығушылығы. Саудиялық компаниялар бірлескен кәсіпорындар құра отырып, еліміздің әлеуетін зерттеу үшін Қазақстанға шақырылды.

ҮАК саудиялық тең төрағасы Халид Әл-Фалих Корольдік басшылығының Орталық Азия өңірінің көшбасшысы ретінде қарастырылып отырған Қазақстанмен түрлі қатынастарды нығайтуға деген жоғары қызығушылығын атап өтті.

«Қазақстан  үлкен аумағы, табиғи ресурстардың мол қоры және адами капиталы жоғары ірі мемлекет. Біз үшін бүгін сіздердің еліңізбен қарым-қатынасты ең жоғары деңгейге көтеру өте маңызды, бұл сенімді саяси диалогті, өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстарды, сондай-ақ сіздің экономикаңызға ауқымды инвестицияларды болжайды», деп мәлімдеді саудиялық министр.

Іс-шарада сонымен қатар  Saudi Aramco  және  ACWA Power  сияқты алып компанияларды қоса алғанда, әртүрлі бизнес салаларын қамтитын Корольдіктің 30-дан астам ірі компанияларының басшылары сөз сөйледі. Айта кететін жайт,  ACWA Power  Қазақстан аумағында қалпына келтірілетін энергия көздері бойынша жобаларды іске асыруға кірісуде.

Іс-шаралар қорытындысы бойынша, үкіметаралық комиссияның 6-отырысының хаттамасына, сондай-ақ Қазақстанның Даму Банкі мен Сауд Арабиясының Экспорттық-импорттық банкі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қол қойылған хаттамаға сәйкес тараптар келесі жылдың басында қазақстандық стартап-жобаларға Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка нарықтарына шығуға мүмкіндік беретін және Қазақстанның IT мемлекет ретіндегі елдік брендін ілгерілетуге ықпал ететін бірлескен инновациялық хаб ашуға ниетті.

Үкіметаралық комиссияның отырысына қатысудан басқа ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы, САК Инвестициялар министрі Х.Әл-Фалихпен,  ACWA Power  Директорлар кеңесінің төрағасы Мұхаммед Абунайян және Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Әл-Джассермен екіжақты келіссөздер жүргізді. Инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, исламдық қаржыландыру, Қазақстанда бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

ҮАК жұмысы аясында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында дипломатиялық және қызметтік/арнайы паспорттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.