Нұржан Өркешбаев – Қазақстандағы прогерияға шалдыққан жалғыз адам. Жастайынан қартайып, айықпас дертке шалдыққан Нұржан қазір Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Мұқыр ауылында тұрып жатыр.
Нұржан Өркешбаев қайда жүр?
15,734
оқылды

«Қалада шағын үйім бар. Бірақ  ауыл­ды жақсы көремін. Ауылдың ауасы таза әрі даласы кең. Қаладағыдай күні-түні тын­байтын шу жоқ. Әкеміз мал баққан кісі. Бүгінде марқұм болған әкемнің ізін жал­ғастырып отырған жайым бар. Оның үс­тіне, мал мінсек – көлік, сойсақ – со­ғым, сатсақ – табыс. Екі інім мен қарын­да­сым бар. Қолымдағы інім отбасылы. Ке­­­лінім – анамның көмекшісі. Олардан өр­ген кішкентайларды иығыма мінгізіп, қызықтап жүремін. Кіші інім студент. Бауырларымның барлығы да өзімнің қам­қор­лығымда», – дейді Нұржан.

Азын-аулақ қой-ешкі, одан қалды сиыр ұстап, шағын шаруашылықты жүр­гі­зіп отырған Нұржан мотоциклді де, кө­­­лікті де жүргізеді. Арасында спортпен шұ­ғылданады. Көп уақытын мал қараумен өткізеді.

Алыс ауылда қоңырқай тірлік кешіп жат­қан Нұржан  өз өміріне риза, ешқандай өкі­ніші жоқ екенін айтты.

«Мен өзімді осындай ерекше күйімде қа­­былдадым. Дәл осы күйімде бақыт­ты­мын. Тек әкемнің өмірден өтіп кеткені қын­жылтады. Қазіргі мақсатым – анам­ның барлық жағдайын жасау. Сол кісі мені, балаларын уайымдамаса деймін. От­басындағы барлық шаруаға үйдің үл­кені ретінде араласып, мүмкіндігіме қарай мә­селелерді шешіп отыруға тырысып жүр­ген жайым бар», – дейді Нұржан.

Бір қызығы, Нұржан мал шаруа­ш­ы­лығымен бірге өнерді де қоса алып жүр. «Тойларда ән айтатыным бар. Сұраныс көп түсіп жатады. Аптаның екі кү­нінде міндетті түрде тойда өнер көр­се­темін. Бірде Атырау, Ақтау, енді бірде Ақт­өбе жаққа тойға шығамын. Бастапқыда адамдардың маған тесіле қарағанынан қысылатынмын. Қазір үйреніп кеттім. Әр адам әртүрлі реакциямен қарап жатады. Мен оларды түсінемін. Сондықтан бас­қа­ларға ерекше бір назар аударып, өзімді бө­лектеуге тырыспаймын. Тойға жұмыс деп қараймын. Барамын, әнімді айтамын, әрі қарай өз шаруаммен кетемін», – дейді Нұр­жан.

Қазақстанға ғана емес, әлемге ерте қар­тайған адам ретінде танылған Нұржан өзін емдеуге шетелдерден ұсыныс болмағанын айтты.

Тек Алматыға барып, үш мәрте пластикалық ота жасатқан екен. «Ма­ған сәтті операция жасаған хирург Болат Байыровқа алғысым шексіз. Бірақ отаның жоспар бойынша жасалуы тиіс төртінші кезеңіне бармай қалдым. Тіпті, «Қайнармұнайгаз» компаниясы барлық шығынды өтеуге дайын тұрған еді. Өзім аса мойындай қоймасам да, отаның үшін­ші кезеңінен ауырлау шықтым. Соған қор­қып, алаңдаған анам пластикалық ота­ның төртінші кезеңіне баруыма қарсы болды.

Қазір шүкір етемін, денсаулық жағ­дайым жақсы. Аса бір ауыр сырқаттанып жатып қалған кездерім болған жоқ. Тіпті, коронавирусқа қарсы вакцинаны да алдым.

Арасында тұмау-сүзек болып жатсам, үйден емделемін. Анамның аялы алақаны, бар ықыласымен құйып берген сүтті шайы маған дәру болып жатқан сияқты», – дейді Нұржан.

Осыдан біраз уақыт бұрын отау құр­­ған Нұржанның жұбайымен дәм-тұзы жараспаған. «Ажырасып кет­ке­ні­мізге біраз болды. Бірақ үмітім бар. Ме­німен өмірімнің соңына дейін бірге бо­­латын адамды кездестіретініме сене­мін», – дейді Нұржан.

Біз Нұржаннан алдағы мақсаттары ту­ралы сұрадық. Ол алға қарай шығар­ма­шы­лықты дамытуды түбегейлі қолға алу­ды жоспарлап отырғанын айтты. 

«Адам болған соң түрлі ой келіп жа­та­ды. Бірақ ештеңені ойламау керек. Се­бебі ауыр ой адамды жеп қояды. Одан да үнемі қозғалыс үстінде жүруге тырысқан дұрыс.

Қай мәселенің де шешімі болады. Бастысы, адам алға ұмтылуы керек. Мен үнемі өзімді қамшылап жүремін. Соңғы кездері Ақтөбеден шығып жатқан әнші жігіттер тарапынан бейнебаянға түсуге ұсыныстар келіп жатыр. Осы бағытта өзімді дамытып, әндер жазып, бейнебаян түсіру жоспарда бар», – деді Нұржан.

Біз Нұржаннан оны не мәселе толған­дыра­тынын сұрадық. Нұржан қоғамды, со­­ның ішінде жастарды, балаларды смарт­­фон тәрбиелеп жатқанына алаң­даулы.

«Жастар интернеттің құлы болып ба­рады. Смартфонның  ар жағынан көрген жа­ман әрекеттерді қайталап көруге ты­ры­сады. Соның салдарынан жастар арасында суи­цид көбейіп кетті. Қоғамда жастарды жақ­сылыққа қарай үйіріп әкететін дү­ние­лер жетіспейді, болса да аз сияқты деп ой­лаймын. Ер адамдар ұсақталып барады. Сон­дықтан отбасындағы тәрбиені кү­шей­тіп, әкенің рөлін, ананың рөлін, әже мен ата­ның мектебін нығайтуымыз қажет», –  деді Нұржан.

 

Нұржан Өркешбаев туралы  2000-жылдары алғаш айтыла бастады. Ол кезде Нұржан небәрі 10 жаста болатын. Нұржан туралы БАҚ кеңінен жаза  бастағаннан кейін ерте қартайған бала Ресей, Германия елдерінің бірқатар клиникасына барған. Бірақ әйгілі клиникалар Нұржанның ДНҚ сараптамаларын тексергеннен басқа ем көрсете алмады. Кейін Жапонияның профессорлары Нұржанға зерттеу жүргізді. Десе де, Нұржанды түбегейлі емдеп жазуда қазір әлем медицинасы әлсіз болып отыр.

Баян ЖАНҰЗАҚ