© коллаж: Елдар Қаба[/caption]
«Арнайы лицензиясы жоқ, бірақ «Трамадолы» бар ұйымдар дәрі-дәрмектерді көтерме жеткізушіге қайтаруы тиіс. Көтерме жеткізушілерге дәл осындай талаптар қойылады. Енді кәсіпкерлерге сату ережесін бұзғаны үшін 80-ден 160 АЕК-ке дейінгі әкімшілік айыппұл салынады немесе қылмыстың ауырлығына байланысты 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады» делінген комитеттің берген жауабында.
Ведомствоның түсіндіруінше, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар саласындағы субъектілер мен жеке тұлғалар құрамында этизолам, кетамин және трамадол заттары бар дәрілерді лицензиясыз сатқан жағдайда қолданыстағы заңнамада көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік жүктеледі.
Психотропты препараттар қолжетімді есірткіге айналған
Осы мәселеге қатысты біз жүгінген Ішкі істер министрлігі елімізде «дәріхана нашақорлығы» етек алып кеткенін мойындап отыр.
«Дәрігердің рецепті бойынша анальгетик ретінде қатаң түрде босатылатын опиоидты анальгетик «Трамадолдың» таралуы, әсіресе жасырын түрде таралуы ерекше алаңдаушылық туғызады. Ол әдетте «дәстүрлі» есірткіні қолданғанда оның психоактивті қасиеттері есірткі әсерінің жоғарылауына және абстиненттік синдромды ішінара алып тастауға ықпал етеді. Осыған дейін қолданыстағы заңнамада аталған заттардың контрабандасы үшін қылмыстық жауапкершілік (ҚК 286 – бабы), сондай-ақ оларды іске асыру қағидаларын бұзғаны үшін (ӘҚБтК 426-бабы) әкімшілік жауапкершілік белгіленген» делінген жауапта.
Полиция қызметкерлері бұған дейін «Трамадолды» және осыған ұқсас басқа да дәрі-дәрмекті рецептісіз сатқан фактілерді анықтап, кейін оларды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдарды өкілетті органдарға жолдап келген. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жыл сайын бірнеше рет өткізілетін есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар айналымындағы заңсыздықтарды анықтауға бағытталған «Дәрмек» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында көптеген заңсыздықтың беті ашылған.
«2022 жылы 42 есірткі қылмысын (ҚР ҚК 303 – бабы «Есірткі, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу» және ҚР ҚК 301-бабы «Улы заттардың заңсыз айналымы»), 403 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтадық (ҚР ӘҚБтК 424-бабы «Заңсыз фармацевтикалық қызмет», 426-бабы «Дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканың фармацевтикалық қызметі мен айналымы саласының ережелерін бұзу», 427-бабы «Есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы саласында объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу», 464-бабы «Лицензиялау нормаларын бұзу»). 403 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 71-і – медицина қызметкері. Барлық материалдар ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жолданған» делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері былтыр ел аумағында құрамында есірткі бар 184 таблетка мен 41,8 мың ампула, психотроптық 93,1 мың таблетка мен 12,8 мың ампула тәркілеген. Яғни, осыдан-ақ бұл заңсыз кәсіптің қомақты табыс көзіне айналғанын білуге болады.
ІІМ түсіндіруінше, жаңа өзгерістерге сәйкес қолданыстағы Қылмыстық кодексте есірткіні заңсыз сақтау, өндіру, өткізу, контрабанда ғана емес, есірткіні жарнамалау және насихаттау, ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып, есірткінің заңсыз айналымы, сондай-ақ оларды тұтынуға тарту және тағы басқалар үшін жауапкершілік белгіленген.
«Соңғы нормалар бойынша «Трамадолдың» 0,1 грамға дейінгісі – шағын көлем, 10 грамға дейін – үлкен көлем, 10 грамнан – аса ірі көлемде болып айқындалып, қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Үкімет актісі қолданысқа енгізілгеннен бастап «Трамадол» тек рецепт бойынша және есірткі құралдары мен психотроптық заттардың айналымына байланысты қызметке лицензиясы бар дәріханалық және емдеу-профилактикалық ұйымдарда ғана беріледі» делінген хабарламада.
Бұл тұста «препараттың есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлар тізіміне енгізілуі оның заңсыз таралуын шектей ала ма?» деген сұрақ туындайды.
«Дәріханалық» нашақорлықпен күресу мақсатында психотроптық заттар тізімі психотроптық анальгетик, оны есірткіге тәуелділер эйфория әсерін алу үшін пайдаланатын және тұтастай алғанда есірткіге тәуелділіктің қалыптасуына ықпал ететін «Трамадолмен» толықтырды. Бұған дейін тек әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ұсталған азаматтар жазаның жеңілдігін пайдаланып, заңды көлденең басып, тек әкімшілік айыппұл төлеп құтылып жүрді. Ал енді «Трамадолдың» заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді, басқа да есірткі қылмыстары сияқты бас бостандығынан ауыру түріндегі жаза қолданылатын болады. Жазаның қатаңдатылуы өз кезегінде әрине «Трамадолдың» таралуына шектеу қояды. Дегенмен қаулы күшіне енген соң тәжірибе көрсетеді» деп жауап берді министрліктің өкілі.
Батыс өңірлерде жағдай ушығып кеткен
Еліміздің батыс өңірлерінде осы мәселе ушығып тұр. Атырау мен Оралда жастар арасында психотропты дәрілерді, оның ішінде «Трамадол», «Тропикамид» қолдану жиілеп барады. Бұл мәселені көтеріп жүргендердің айтуынша, жауапкершілікке тартылған «жеңіл есірткі саудагерлері» айыппұл төлеп, жеңіл құтылып келеді. Олар әкімшілік жауапкершіліктен құтыла салысымен ісіне қайта кіріседі екен. Осы жағдайға ашынған жергілікті тұрғындар да бірнеше мәрте митинг ұйымдастырып, өз үйлерінің маңында осындай заңсыз саудаға тыйым салынуын талап етті. Сондай-ақ аталмыш екі дәріні психотроптық заттар тізіміне қосу үшін Парламентке ұсыныста жолдады.
Өңірдегі мәселенің ауқымды екенін Ішкі істер министрлігі ұсынған мәліметтерден де көруге болады. Өйткені біз осы екі өңір бойынша жекелеп деректер сұратқан болатынбыз.
Батыс Қазақстан облысында былтыр 8 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша «Тиісті тіркеусіз кәсіпкерлік қызметпен айналысу» жалпы сомасы 353,7 мың тенге айыппұл салынған. Аталмыш кодекстің «Фармацевтикалық қызмет қағидаларын бұзу» бабы бойынша жалпы сомасы 2,2 млн теңге айыппұл салыныпты. Жауапкершілікке тартылғандар қатарында екі жеке кәсіпкер және екі ЖШС бар.
Облыстағы полицейлер былтыр 97,1 мың «Трамадол» таблеткасын, 3,5 мың «Тропикамид» флаконын, 1 212 «Мидакс» флаконын және «Самнолдың» 40 таблеткасын тәркілеген. Соңғы үш айда рецептісіз препарат сатып жүрген үш адамнан 110 «Трамадол» таблеткасы, 10 «Тропикамид» флаконы тәркіленген.
Атырау облысында былтыр заңсыз препарат сатқан 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айналымнан 5 799 «Трамадол» таблеткасы, 1 938 «Тропикамид» флаконы, 63 дана «Лирика» дәрісі тәркіленген. Заңсыз препарат сатушыларға бар-жоғы 145 мың теңге айыппұл салынған. Биыл жыл басынан бері осындай 7 факт анықталған. 45 пластина «Трамодол», 24 «Тропикамид» тәркіленген.
Біз осы мәселені жиі көтеріп жүрген Атырау қалалық мәслихатының депутаты Ілияс Қонысбаймен сөйлестік. Оның айтуынша, «Трамадол» дәрілік зат ретінде ғана сипатталып, оны сатқандар тек айыппұлмен құтылып келген.
«Осы мәселені көтеріп жүргенімізге біршама уақыт болды, бірақ нәтиже болмай келді. Өйткені қатаң жаза жоқ. Олар 15-20 мың теңге айыппұл төлейді де, кейін қайта сата бастады. Жастарды тәуелді етіп, бизнестерін дөңгелетіп отыр. Осыған ешқандай орган тосқауыл бола алмай отыр. Заң әлсіз болса не істейді? Сол себепті заңды күшейтіп, «Трамадол», «Тропикамид» дәрілерін сатушыларды бас бостандығынан айыру жазасына кесу керек деп санаймын. Сонда ғана тосқауыл бола аламыз», – дейді ол.
Ілияс Қонысбай соңғы қайғылы оқиғаның көп нәрсені өзгерткенін айтып өтті.
«Өзіне қол салған азамат облысқа белгілі, болашағы бар спортшы еді. Бейресми деректер оның осы тәуелді дәрілерді қабылдағанын айтады. Осыдан кейін полиция жұмысын талап та күшейтіліп, олар қоғам өкілдерімен, белсенділермен кездесулер өткізді, талқылады. Енді бұл препаратты арнайы рұқсаты бар дәріханалар ғана сата алады. Бұл кішкентай болса да, жеңіс деп білемін», – дейді Ілияс Қонысбай.
Осы тұста айта кетер жайт, наркологтар «Трамадолға» тәуелді адамдарды емдеу қиын екенін айтады. Оған тәуелділікті жоятын антогонист препараттар бар болғанымен, елімізде бұл препараттар тіркелмеген. Бұл да шешімін таппаған мәселенің бірі болып тұр.
Тағы қызықты мәлімет, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік «Трамадолдың» спорттағы нәтижені жақсартуға ықпалы барын дәлелдеген. WADA мониторингі велоспорт, регби және футболда «Трамадол» қолдану көбейіп кеткенін анықтаған. Агенттіктің атқарушы комитеті 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Трамадолға» тыйым салынатынын ескертіп отыр.
Қысқасы, заңдағы жауапкершілік пен бақылаудың төмен болуынан елімізде ауыр сырқаттарға өте-мөте қажетті дәрілердің қолжетімді есірткіге айналғанын көрдік. Соңғы өзгерістер арқылы еліткіш препараттың заңсыз саудасына, еркін таралуына тоқтау салынды. Енді мәселеге нүкте қойылды, деуге толық негіз бар. Алайда кейбір сарапшылар «бәрі уақыт еншісінде» деп соңғы тұжырым жасауда сақтық танытып отыр.
Жәнібек АМАНГЕЛДІ