Негізі, бағзы заманнан шапанның құны жоғары болған. Қазақта ат-шапан айыппұл төлеу бар. Сондай бағалы дүние қазір той-томалақтың, құдалықтың төңірегіндегі сый түріне ауысты. Мысалы, қырық адам құдалыққа келсе, кемінде онына шапан кигізеді. Шынтуайтында, әкесіне кигізген шапанды, баласына кигізуге болмайды. Әкеге шапан жапқанда, бала көйлек кигені жөн. Біріншіден, шапанның матасына көңіл бөлген дұрыс. Қазақта таң барқыт, қатипа барқыт, жаккард, шұға іспетті мықты, сапалы матадан шапан тіккен. Әйелдер көбінесе жібек пен жаккардтан шапан киген. Сапалы матадан кейін, ою-өрнегіне мән берген. Қалай болса солай, жеңі мен етегіне, білегіне ою баса бермеген. Мұндай шапанның құны түседі.
Алматы қаласында Тілек Сұлтан есімді шебер бар. Жас жігіт болса да, ою-өрнектің өн бойына еніп, байыппен салады. Мәнін де, мағынасын да жоғалтпай қолданады. Айжан Әбдуәли де хан шапандарын жаңғыртып жүрген шебер. Нағыз зер дестемен тігеді. Ою-өрнекті дәріптеп, жаңғыртып жүрген адамдар бар. Дұрыс емес қолданып жүргендері де жетерлік. Мысалы, өткен жолы базарға бардым. Лайықты шапан іздедім. Алабажақ оюдан көрінбейді. Көбін қолмен емес, мәшинамен тіккен. Бағасын сұрағанымда құны баршылық екен. Сатушыдан несімен құнды екенін сұрасам, кестесі көп болса, соншалықты бағасы да жоғары болатынын атап өтті. Керісінше, оюы көп болған сайын адамның қарағысы келмей қалады. Көз демалу керек. Әсіресе, ер адамның киімінде көп ою болмаған. Пүліштен, барқыттан тіккеннен соң, оюды қажет етпеген. Қазір ою салынған бір нәрсе көрсек, соны сыйлауға құмармыз. Негізі, пошымына, ыңғайына мән берген дұрыс. Қоңдырма жең, орама жаға дейтін шапан болған. Бұл – күнделікті киіп жүруге арналған шапан. Қазір ою басу бизнеске айналып кетті. Негізі, матасы мен пошымына, содан кейін өңіне мән беру керек. Мәселен, қазір еуропа стиліндегі қаусырым сәнге енді. Негізі, қазақтың қаусырымында өзгеріс болмаған. Бір жаққа қаусырған. Әдетте, еркектер бұл ретті бұзбады, дұрыс. Ал әйелдер еуропа стилінде бір жағын екінші бетке орай қаусырып жүр. Сағат тіліне қарай қаусырып жатса құба-құп. Кері қарай жүрсе, дұрыс емес. Десе де, қазақтың киімінде бір ғана қаусырым болған, түймесі күмістен жасалған.
Тақия киюде талғамнан таным маңызды
Өз басым күнделікті өмірде ұлттық стильде киініп жүремін. Орамалымды байлап, бүрме етек, кесте етек көйлегімді киіп, камзол ілемін. Көбінесе, белдемше киемін. Әсіресе, белдемше мен қасаба туралы қыздарға насихаттап жүремін. Өйткені қазақ қызы белдемше кимеген. Оны бір бала босанған әйел киген. Жалпы, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Бәрі бірдей кимешек киіп жүру қоғам қозғалысына сай келмейді. Сондықтан қоғамға сай, трендтегі қазақша киімді жандандыру керек.
Айта кетерлігі, жас шамасына сәйкес киім киген дұрыс. Мысалы, әйелдер тақия киіп алады. Кигенде де ер адамның тақиясын киеді. Төбесіне бір-екі моншақ қадайды да, трендтегі дүние екенін көрсетеді. Көбінесе, тақияны қыз бала киген. Тақия дейміз-ау, кепеш киген. Содан кейін тақияның төбесі шошақ болса – ер адамдікі, төбесі тегіс болса, қыздыкі екені белгілі. Айырмасын білмей жатып, қазақша киіндім деп бәлсінеміз. Бәріне сын айту да қиын. Көп жерде ұлттық стильді жаңғыртып жатқанына қарап, көз жұмамыз. Негізі, ұлттық болмыстан ажырамай, ата-бабаның сара жолымен жүрсек деймін. Түп-тамырында ер бала киген тақияның төбесі шаңырақты, қыздыкі керегені білдірген. Үйдің шаңырағы ер адам болса, керегесі әйел адам деген түсініктен шыққан. Қазір шошақ тақияның бәрін әйелдер киіп алды. Мұны көріп өскен жігіттің тақияға жоламасы белгілі. Әркімнің жөн біліп, дәстүрге сай жүргенін қалайтыным бар. Мысалы, қырықтан асқан әйелдер бас киіміне үкі тағып алады. Иә, үкі – тіл-көзден сақтайтын тұмар іспетті дүние. Десе де, баяғыда қызға сырға салмайтын, үкі тағатын. Сол үкіні қыз кепешіне тағып алса, қалыңдық атанғаны. Үкілі қалыңдық деген содан шыққан, айттырылған қыздың белгісі. Оған ешкім сөз де, көз қырын да салмаған.
Иә, қазақ қызы шекелік таққан. Бірақ қазіргі маңдайдан айналдырған салпыншақ түрін емес. Бұл – моңғолдың, башқұрт, арабтың үлгісі. Қазақ сәукелеге шекелік таққан. Бөрік қыстық баскиім екенін ескерсек, қалыңдық бөркіне үкі таққан. Ал шекелік – тек сәндік бұйым. Көбінде қазақ қызында сырға аз болған. Ханның қызы, байдың қызы сырға таққан. Мысалы, күмістен дүние жасайтындар жасанды, коммерциялық дүниеге құмар емес. Өйткені олар этнографияға, тарихи кітапқа жақын. Соған ұқсатып, жаңғыртып жасайды. Ал бижутерияны негізге алатындар оңды-солды жасап, бизнесін дөңгелетеді.
Әрбір шебердің үстелінде тарихи бұйымдарға, этнографияға қатысты кітап тұрғаны абзал. Қазір кітаптың денінде тек бұйымның суреті беріледі. Суретін салғанымен, қалай жасалатынын, қайда қолданатынын, кім, қай жаста киіп, не тағатынын көрсетпейді. Бар болса да, көп адамға қолжетімсіз. Сондықтан әрбір дүниенің жасалуын, қолданылуын жазып, жастарға үлгі етпесек, тарихты жаңғырта алмаймыз.
Жазып алған Айзат АЙДАРҚЫЗЫ