© коллаж: Елдар Қаба[/caption]
Экономиканың мұнай секторынан бөлек, Қазақстан мақсатты түрде өзінің газ әлеуетін арттыру жолын таңдап, газ өндіру мен экспорттау қуатын күшейте бастады. Дегенмен мемлекет үшін бұл салада ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету негізгі басымдық болып қала береді. Газ өнеркәсібінің қарқынды дамуы Қазақстанның бүкіл экономикасы үшін өте маңызды, өйткені газ факторы әлемдік энергетикалық секторда негізгі трендке айналуда және газ өнеркәсібі тек қана өсетін болады. Атап айтқанда, соңғы жылдары бірқатар жобалар, соның ішінде Қазақстан-Қытай газ құбырының солтүстік құрамдас бөлігіне айналған және қазақ газын Қытайға экспорттауға мүмкіндік «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының құрылысы сәтті жүзеге асырылды.
Өзінің транзиттік әлеуетін дамыта отырып, Қазақстан «Орталық Азия-Қытай» (Түркіменстан-Өзбекстан-Қазақстан-Қытай) трансұлттық газ құбырының қуатын жылына 55 млрд текше метрге дейін арттыруға ықпал етті. 2009 жылы іске қосылған сәтінен бері аталған газ құбыры бойынша қытай нарығына 2022 жылды қоса есептегенде 400 млрд текше метр табиғи газ жеткізіліп, ҚХР-дың 27 провинциясындағы 500 млн тұрғынды көгілдір отынмен қамтамасыз етті.
2013 жылдың қыркүйегінде Қазақстан астанасында кейіннен «Бір белдеу-бір жол» бастамасына біріктірілген «Жібек жолының экономикалық белдеуі» атты жаңа стратегиясын жариялаған Қытай басшылығы өз елінің энергетикалық шикізатты жеткізу жолдары мен көздерін әртараптандыру мүмкіндігін қарастыру үшін осы аймақты назарда ұстайтынын Орталық Азия мемлекеттеріне айқын аңғартты. Мұндай «Энергетикалық Жібек жолы» аймақ елдері үшін ХХІ ғасырдың құбылмалы жағдайында жаңа перспективалар ашады, бұл шын мәнінде экономикалық қарым-қатынастарды тереңдетудегі жаңа серпілістің бастауы болды. Осыған байланысты Қазақстан Қытай басшыларының назарында сенімді жеткізуші, сондай-ақ аспанасты елінің өсіп келе жатқан экономикасы үшін шикізат пен отын ресурстарының транзиттік дәлізі рөліне ие болды.
2013 жылы Қытай үлттық мұнай-газ корпорациясының (CNPC) Қазақстанның ең перспективалы мұнай өндіру жобасы – Қашаған кен орнына (бүгінде ҚХР үлесі 8,4 пайыз) кіруі дамуға жаңа импульс берді әрі Бейжіңнің сыртқы энергетикалық стратегиясында Қазақстанның орны тек нығая түседі және энергоресурстарды Каспийден Қытайға, тіпті тұтас Азия-тынық мұхиты аймағына дейін тасымалдау үшін жақсы қалыптасқан логистикалық инфрақұрылым қалыптастыруға алып келуі мүмкін. Ал 2020 жылдың қарашасында қол қойылған, «еркін сауда аймағы плюс» («FTA+») ретінде белгілі жан-жақты аймақтық экономикалық әріптестік (RCEP) құру туралы келісім Қазақстанның энергетикалық ресурстарын экспорттаудың жаңа перспективаларын ашады.
Бұлай ойлауға көптеген себеп бар. Мысалы, Азия-Тынық мұхиты елдеріндегі демографиялық және экономикалық өсу энергия ресурстарына сұраныстың күрт артуына алып келеді. BP компаниясының бағалауынша 2035 жылға қарай ол қазіргі деңгеймен салыстырғанда шамамен 60 пайызға өседі. Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша, егер 2035 жылға дейін Қытайда энергияға сұраныс 42,4 пайызға өссе, Оңтүстік-Шығыс Азияда 67,6 пайызға артады.
Энергетика саласындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың болашағын асыра бағалау мүмкін емес. Көмірсутектерді өндіру және пайдалану саласындағы екі елдің диалогы негізінен Еуразия құрлығында, континенттегі ішкі саяси және экономикалық жағдаймен, сондай-ақ әлемдік энергетикалық нарықтағы ахуалмен айқындалады. Қазақстан мен Қытайдың энергетика саласындағы ынтымақтастығы екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға ықпал етеді. Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігі мен Қазақстанның мұнай-газ секторын әртараптандыру мүдделеріне жауап береді. Кешенді стратегиялық серіктестік бағдарламасы кең, өзара тиімді байланыстарды және инвестициялық ағынның әртүрлі бағыттарын көздейді.
2022 жылдың 30 қарашасында Алматы және Бейжің қалаларында Қазақстан мен Қытай арасындағы мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың 25 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда CNPC International Kazakhstan бас директоры Ли Йонгхон атап өткендей, Қазақстан-Қытайдың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығы бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті.
– Қазақстандық серіктестермен бірлесе отырып, біз стратегиялық мега-жобаларды басқарамыз. Оның ішінде 7 мұнай-газ кәсіпорны, екі газ құбыры мен екі мұнай құбыры, мұнай өңдеу зауыты мен болат құбырлар зауыты бар. Осылайша, CNPC Қазақстанның мұнай-газ саласының барлық дерлік тізбегіне қатысады. Бұл мұнай мен газды барлау және өндіру, мұнай өнімдерін өңдеу және сату, көмірсутектерді тасымалдау және импортты алмастыру, – деді Ли Йонгхон.Сонымен қатар 25 жыл ішінде CNPC Қазақстанның мұнай-газ саласын дамытуға 45 миллиард доллар инвестиция құйды. 50 миллиард доллар салық төледі. 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Олардың 98,3 пайызы Қазақстан азаматтары. Олар әлеуметтік жобаларға 410 миллион доллар инвестициялады. Көріп отырғанымыздай, CNPC International Kazakhstan Қазақстан Республикасы мен Қытай арасындағы көпжақты ынтымақтастықты дамытуда маңызды рөл атқарады және Қазақстандағы көмірсутектерді өндіру мен өңдеуге елеулі үлес қосады. Осылайша, Қазақстанның осыдан 25 жыл бұрын Қытаймен мұнай-газ саласында тарихи келісімдерге қол қоюы екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастардың үдемелі кеңеюіне негіз болды. Келешекте Орталық Азия аймағынан ҚХР-ға энергетикалық ресурстарды құбырлардың кең желісі арқылы экспорттау ХХІ ғасырда Жібек жолының табысты тарихи жаңаруы мен перспективалы дамуының жаңа бетін ашты, онда Қазақстан – Ұлы дала елі маңызды байланыстырушы рөлін атқарады, сондай-ақ Қытайдың энергетикалық қауіпсіздігі мен Қазақстанның мұнай-газ секторын әртараптандыру мүдделеріне жауап бере отырып, екі ел арасындағы мәңгілік стратегиялық серіктестікті нығайтуға ықпал етеді.
Еркін БАЙДАРОВ, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, шығыстанушы