ҚазҰУ-дың ұстаздары Түркияда тағылымдамадан өтіп жатыр
ҚазҰУ-дың ұстаздары Түркияда тағылымдамадан өтіп жатыр
1,490
оқылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен оқу орнының оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері Түркияда тағылымдамадан өтуде. 14-21 желтоқсанға жоспарланған сапар аясында 50-ге жуық оқытушы-профессорлар Ақтеңіз, Білім университетінің қызметімен танысып, біліктілік арттырады.    width= Делегация құрамында комендант, іс басқармасы, өндірістік цех, кітапхана, арт-орталықтың қызметкерлері, IT мамандар мен журналистер бар. Ақтеңіз университеті – Түркиядағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Түркияда академиялық зерттеулер негізінде жазылған ғылыми мақалалар бойынша аталған университеті үздік бестікке кіреді. Жерорта теңізінің жағалауында орналасқан университет кампусында 250-ден аса ғимарат бар. Білім ордасының ғылыми-технологиялық базасы жоғары мүмкіндікке ие. Сондай-ақ логистикалық коммуникациясы жолға қойылған. ҚазҰУ ұжымы түрік жоғары білім беру жүйесімен етене танысып, оқу үдерісін ұйымдастыру бойынша тәжірибе алмасатын болады. Сонымен қатар заманауи білім беру, инновациялық әзірлемелер мен оқытудағы озық технологиялар тақырыбында тренингтерге қатысады. Сондай-ақ іссапар барысында бірлескен білім беру бағдарламалары мен жобаларды іске асыру бойынша әріптестікті одан әрі нығайту көзделуде. ҚазҰУ делегациясымен кездесуде Ақтеңіз университетінің Денсаулық сақтау саласын басқару ісі кафедрасының меңгерушісі Мұстафа Чобан алдағы уақытта бірлескен жобалар жүзеге асыру маңызды екенін жеткізді.    width= «Ақтеңіз университеті – Түркиядағы ең үлкен университет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен алдағы уақытта студенттерге ғылыми жетекшілік ететін көптеген ауқымды жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Мәселен, Ақтеңіз университеті медицина саласында ауқымды жетістіктерге ие, сүйекке, бетке пластикалық ота жасау мықты жолға қойылған. Тіпті, пластикалық ота арқылы бедеулікке ұшыраған әйелдерге ана болу бақытын сыйлайды. Туберкулезді зерттейтін арнаулы орталық жұмыс істейді», – деді Мұстафа Чобан. Алматы