«Шорт-тректен Қазақстан командасы әлем кубогы кезеңінде ерлер эстафетасынан күміс жүлдегер атанды. Бұл – біздің ел үшін көптен күткен жүлде. Ерлер эстафетасында командамыз соңғы рет осыдан бес жыл бұрын, 2017 жылғы әлем кубогында қола медаль еншілеген болатын. Спортшылар мен жаттықтырушылар құрамын құттықтаймыз! Жарайсыздар! Тек қана алға!» – деген еді федерацияның баспасөз қызметі.Айта кетерлігі, бұл бапкер Нұрберген Жұмағазиев үшін айтулы оқиға. Өйткені командаға бас болған алғашқы жылы осындай нәтижеге жетіп отыр. Өзі де әлеуметтік желіде қолдау білдірген, сенген барша жанға алғысын білдірді. Әрі бапкер жанкүйерлердің ары қарай да команданы қолдағанын қалайды. Өйткені биыл әлем кубогы төрт емес, бес кезеңнен тұрады. Иә, 2022-2023 жылғы маусым қызыққа толы болмақ. Себебі алда Монреальдағы тартыстың жалғасы күтіп тұр. Екінші кезең АҚШ-тағы Солт-Лейк-Ситиде 4-6 қараша күндері өтеді. Кейіннен желтоқсан айында құрлық мықтылары Алматыда кездеседі. Оған қоса, Алатау бөктерінде әлем кубогының екі кезеңі өтеді. 9-11 желтоқсан мен 16-18 желтоқсан күндері жанкүйерлерді тартысқа толы бәсеке күтіп тұр. Осы тұста 2018 жылдан бері Алматыда аталған спорт түрінен әлем кубогы өтпегенін айта кету керек. Бұл еліміздің қысқы спорт өкілдеріне айтарлықтай дем береді.

«Бізге керекті құрал жабдықтарды тек заңда рұқсат етілген шамада ғана алып береді. Инвентарь алуды біз үшін мұздан кейінгі үлкен мәселе деп айтар едім. Дәл осындай проблемаға Токионың алдында садақшылар да тап болды. Осы проблема барлық спортшының басынан өтеді және спортшылар әрдайым осыны айтып келеміз. Бірақ оған министрлік немесе басқармалар мән беріп отырған жоқ. Көңіл аударса да тек Олимпиаданың алдында есіне алады. Кәсіби спортқа тек Олимпиада кезінде емес, үнемі, тұрақты назар аударып, жұмыс істеп отыру керек. Біздің спорт үшін веложаттығулар өте маңызды. Оған велостанок, велосипед, конькиімізді қайрайтын гейч пен күш өлшейтін техника керек. Барлық елдің командасы аталғандармен толық қамтамасыз етілген, біз оларды онсыз да жеңіп жүрміз. Бірақ бізге берілген уәде уәде күйінде қалады. Әрдайым әңгіме инвентарьға келіп тірелгенде мемлекеттік сатып алу процестеріне байланысты кешіктіріліп жатыр деп сылтауратады. Халықаралық жаттығулар біздің жабдықтарымыз жоқ деп тоқтап тұрмайды. Нәтижесінде біздің механиктер өз қалталарынан ақша шығарып, конькиге арналған қосалқы бөлшектерді сатып әпереді. Немесе біз «заңда рұқсат етілмеген» деп айтқан соң кейбір құралдарды өз ақшамызға жинап алуға тура келеді. Себебі, біз инвентарь жоқ немесе жетпейді деп бір жарысқа қатыспай қоя алмаймыз. Біздің жарыстар тендер қашан өтетінін күтіп отырмайды. Бұл тек биыл емес, жылда қайталанатын нәрсе», – деген еді спортшы.Расымен, шорт-трекшілер өздеріне тірек болып талай сында топ жарып жүр. Осы жазбада айтқандай, Олимпиада мен әлем кубогы чемпиондарынан басым түскенін көз көрді. Алайда қысқы спорт түрлері Олимпиаданың, одан қалса жазғы спорт түрлерінің тасасында қалатыны жасырын емес. Сондықтан спортшылар «Алау» мұз айдынына емін-еркін кіріп, затын іліп, алаңсыз жаттығу жасайтын күн келерін күтіп жүр.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ