Сарқан ауданының әкімі Талғат Қайнарбековтың айтуынша, биылғы «Балалар жылы» аясында Сарқан қаласымен қатар, шалғайда орналасқан Қарабөгет, Көкөзек, Алмалы, Қарғалы ауылдарында заман талабына сай 2 шағын, 2 үлкен – 4 футбол стадионы, 5 стрит-воркаут және 8 балалар алаңы салынып, жыл соңына дейін қолданысқа беріледі.
Осы жазда Сарқанда спорты серік еткендер мен салауатты өмір салтын ұстанатындарға арналып тағы бір үлкен жаңалық жүзеге асқан. Атап айтқанда, маусым айының соңында аудан орталығында жеке кәсіпкерлердің бірі өз қаражатына 300 адамдық «Жетісу» бассейн орталығын ашқан еді. Орталықта келушілердің жас ерекшелігіне қарай ойластырылып, жабдықталған үш бассейн жұмыс істейді. Енді, міне, мектеп жанындағы заманауи стадион пайдалануға берілді.
Биылғы Спорт күніне арналған шаралардың аясында Сарқандағы «Жастар» саябағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізіліп, келушілерге нарықтағыдан төмен бағада 3 тонна көкөніс, 1 тоннаға жуық ет, 300 литр сүт пен сүт өнімдері және басқа да азық-түліктер саудаланды.
Болат Абаған, Жетісу облысы