Жазып едік, жауап берді
Жазып едік, жауап берді
159
оқылды
Aiqyn газетінің №16 санында (04.02.2020 ж) жарық көрген «Зауыт бар, шикізат жоқ» атты мақалада (авторы – Жамбыл облысындағы меншікті тілші Саят Сатылған) Жамбыл өңірін­дегі зауыттарға шикізат жетіспейтіні туралы мәселе көтеріл­ген болатын. Шу ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас­шы­сы Р. Аманғазиевадан мақалада айтылған мәселеге қатыс­ты жауап келді. Жауапхаттың мәтінін жариялауды жөн көрдік. «Каз Ир Агро» ЖШС 2012 жылдан бастап мақсары майын шығара бастады. 2018 жылы зауыт жұмысын кеңейту мақ­сатында жаңа жабдықтар сатып алып, қуатын күніне 6 тонна өнім шығаруға жеткізді. Зауыт әкімшілігі өздері мақ­сары дақылын өндіру мақсатында аудан әкімінен жер сұрады. Аудан әкімдігі инвесторды қолдау мақ­сатында аудан аумағынан бар­лығы 5102,61 гектар жер телімін бекітіп берді. Зауыт әкімшілігінің сұранысы бойынша 2019 жылдың 29 шілдесінде өзінің еншілес Agro Food Kz ЖШС-іне уақытша ауда­рып берді. Бұл ЖШС мақ­сары өн­діруге қажетті техни­калар­мен – тракторлар, дән сепкіш­тер, комбайндармен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Осындай қуаты бола тұра 2019 жылы берілген жердің 1200 гек­тарына ғана мақсары дәнін септі. Яғни, берілген жердің 23,5 па­йызына ғана мақсары егілді. 2017 жылы «Каз Ир Агро» ЖШС 1450 гектар жерге мақсары егіп, әр гектарынан 9,6 цент­нерден өнім алып, 1 392 тонна өнім жиналды, мақсары сеуіп жүрген басқа шаруашылықтар гектарына 2-3 центнерден өнім жинағандықтан, аудан бойынша 6,9 центнер өнім алынды. «Каз Ир Агро» ЖШС 1 392 тонна дән жинады, оған аудан шаруашы­лықтары 168 тонна өткізді. Бар­лығы 1 560 тоннаны «Каз Ир Агро» ЖШС өңдеді. 2018 жылы «Каз Ир Агро» ЖШС барлығы 2523 гектар жерге мақсары екті. Оның 639 гектары ауа райының қолайсыздығынан есептен шығарылды. Қалған 1884 гектардан 7,9 центнерден өнім алып 1 375 тонна дән жинады. Оған аудан шаруашылықтары 186 тонна дән өткізді. Барлығы 1 561 тонна өндеуге жіберілді. 2019 жылы «Каз Ир Агро» ЖШС 1 200 гектар мақсары дақы­лын өсіріп, одан 378,4 тонна мақ­сары өнімін алды. Әр гектарға шаққанда, өнім 3,15 центнерден айналған. 600 гектар арпадан әр гектарына 20 центнерден өнім жинап, 1200 тонна арпа алған. Қазіргі нарық заманында шаруа­шылықтардың мақсары дақылын егуге шамасы жетпеуіне төмендегі факторлар әсер етіп отыр: Шаруашылықтар мақсары дақылын өсіруге гектарына 34 000 теңге жұмсайды. Әр гектардан 2,5-4 центнерден өнім алады. Зауыт мақсарының әр келісін 80 теңгеден қабылдайды. 400 кг+80 теңге=32 000 тг. 1 гектардан түс­кен түсім 32 000 теңгені құрайды. Яғни, мақсарының әр гектары­нан 2 000 теңге зиян келіп отыр. Оның үстіне, Ауыл шаруашылы­ғы министрлігі «Басым дақылдар өндiрудi субсидиялау арқылы өсiмдiк шаруашылығы өнiмiнiң шығымдылығы мен сапасын арттыруды, жанар-жағармай материалдарының және көк­темгi егiс пен егiн жинау жұмыс­тарын жүргiзу үшін қажеттi басқа да тауарлық-материалдық құн­дылықтардың құнын субси­дия­лау» туралы №297 (01.07.2018 ж) бұйрығына сәйкес майлы дақыл­дарды субсидиялау тоқтатылды. Майлы дақылдар субсидияланған кезде ауыл шаруашылығы құры­лымдарының шығыны өтелетін еді, ал қазіргі таңда шаруашы­лықтар шығынға батып жатыр. Сондықтан нарық заңдылығы­на сәйкес шаруашылықтар пай­да әкелмейтін дақылды егу­ге құлықты емес. Бұл мәселені «Каз Ир Агро» ЖШС-інің негі­зінде мақсары дақылының аудан­дас­тырылған және жоғары сапалы тұқымын өндіру мақ­сатында тұ­қым шаруашылығын ашып, ау­дан­дағы мақсары егетін ша­руа­шылықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз етіп, шаруа­шылық­тың осы дақылдан алатын өнімін 8-10 центнерге жеткізу арқылы шешуге болады деп ойлаймыз.