Ықшамаудандарда тұрғындар есігін ашпай еріктілерді әбігерге салады. Оған қоса, волонтерлер арасында қыздар да болғандықтан, пәтердің есігін кім ашар екен деп те уайымдаймыз. Үйде түрлі жағдайда отырған адамдар болуы мүмкін. Сондықтан қыздардың қауіпсіздігіне қатты алаңдаймыз.
Волонтерлерді тоқсан сайын түрлі марапатқа ұсынғанымыз болмаса, оларға жоғары оқу орындары басшылары да толықтай қолдау көрсете бермейді. Ең болмаса оқуына балл қосып берсе деп сұранамыз.
Негізі, бізде жастар ғана ерікті болуы керек деген теріс түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Кез келген адам ерікті бола алады. Алайда оларға өз деңгейінде қолдау болмағандықтан, ерікті болудан қашады. Егер ерікті жастарға волонтер болғаны үшін еңбек кітапшасы ашылып, сол жерде ерікті болған еңбек өтілі көрсетілсе, үлкен қолдау болар еді. Дәл сондай ерікті болған сала мамандарына қосымша еңбек өтілі қосылатын болса, біз волонтерлік қозғалысты жандандырар едік, – дейді Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Абзал Есіркепов.
Министрлік жастар жобасын неге қолдамады?
Жалпы, еріктілердің еңбегі бағаланбай жүргенін жастардың өздері де жасырмайды. Тіпті, олардың үндеуіне министрлік те қолдау көрсетпепті.
– Жасыратыны жоқ, үш волонтер мемлекеттік наградаға ие болды. Атап айтсақ, белсенді де жемісті қамқоршылық қызметі мен қайырымдылық ісі үшін берілетін «Шапағат» медалімен облыстық «Өркен-ниет» қоғамдық қорының президенті А.Базаров, «Жамбыл жастары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Н.Дятлова және Lider Kz волонтерлік ұйымының жетекшсі Н.Чагай марапатталды. Алайда бұл теңізге тамған тамшыдай ғана демеу.
Волонтерлер жылы еріктілердің беделі мен құқығын нақтылау бойынша бағдарлама ұсынылған болатын. Бірақ Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан қолдау таппады. Содан бері волонтерлерге қатысты мәселе ашық күйі қалып келеді.
Біз өз тарапымыздан тоқсан сайын еріктілерді түрлі марапатқа ұсынып жатамыз. Алайда бәрін бірдей қамту мүмкін емес. Еріктілерге Төтенше жағдай департаменті көп демеу көрсетеді. Бірақ басқа мекемелерден ондай қолдауды сезінбей отырмыз.
Өткен жылдары «Студенттік кредит» деген жоба жанданған. Сол кезде түрлі айлық жалақыға 200-ге жуық бала жұмыс істеді. Бірақ науқандық әрі ақылы жұмыс болғаннан кейін біз оларды еріктілер қатарына қоса алмадық. Егер еріктілерге еңбек кітапшасын ашып беріп, еңбек өтілін жүргізсе, бұл бір біткен іс болар еді. Әзірге біз еріктілердің еңбегін көрсететін анықтама қағаз ғана жазып бере аламыз, – дейді облыстық «Жастар ресурстық орталығы» директорының орынбасары Арайлым Әділбекқызы.
P.S. Иә, еріктілердің еңбегі ерен. Әрі жастар қозғалысы өз өміршеңдігін бүгінде дәлелдеді. Әттеген-ай дейтін тұсы – қолдаудың аздығы. Егер еріктілер үшін еңбек кітапшасын жасап беретін болса, көптеген кедергіні еңсерер едік. Мәселен, келе жатқан референдум науқанында өңірлер заң бойынша еріктілердің күшін қолдана алмай отыр. Ол үшін волонтерлердің құқығы мен беделін айқындайтын жүйе қажет. Сондықтан саяси науқанға қатысты үгіт-насихат, шақыру қағаздарын тарату сияқты жұмыстарға тек жастар ресурстық орталығының мамандары жұмылдырылады. Ал олардың саны аз болғандықтан, тірлік баяу жүруде. Осындай сәтте еріктілерге еңбек кітапшасын ашып беріп, қызметкер ретінде қарайтын болсақ, заңға да қайшы әрекет етпейтін едік. Алда әлі талай саяси һәм қоғамдық науқандар болатыны анық. Сондықтан Үкімет үйінде отырғандар осы мәселені зердеден өткізіп, ұтымды шешім шығарады деп сенеміз.
Жамбыл облысы