Тұсауы кесілген еңбектерде автор қазақ халқының ұлттық өнерінің қалыптасу, өркендеу кезеңдерін, сонымен қатар ежелгі түркі, қыпшақ қолөнерін негізге ала отырып, тамырлас халықтар мәдениетіндегі сабақтастық туралы баяндайды. Атап айтқанда, ол «Қазақ халқының ою-өрнектерінің этнографиялық атласы» атты еңбегінде көне дәуірден қалыптасқан ұлттық бұйымдарды (киіз, кесте, тоқыма, ағаш, тері, зергерлік, сәулет өнері) көркемдеуде қолданылған ою-өрнектердің пайда болуын, олардың түрлерін, нышанын, семантикалық мән-мағынасын терең зерделеп жазған. Ал «Қошетер – қазақ халқының қолөнері» атты альбом-кітапта автор көшпенді өмір-тіршілігінің болмысын, рухани мәдениетін, дүниетанымын дәріптейтін ұлттық бұйымдар түрлерін қарастырған. Сондай-ақ альбом бүгінде қазақ жеріндегі және алыс-жақын елдердегі музейлерде сақтаулы тұрған қолмен жасаған құнды жәдігерлердің қайталанбас дәстүрлі үлгілері мен шеберлердің шығармашылығын дәріптейтін көне фотолармен безендірілген.
Алмагүл БЕРДІМҰРАТ, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті