Шымкент қаласында Балалар жылы аясында 2022 жылдың соңына дейін әр айдың соңғы жұмасы күні қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері балаларды арнайы жолдамасыз қабылдайды. Түркістан облысы Қоғамдық денсаулық басқармасы тарапынан соңғы үш айда 1 602 бала оңалту, 1 003 бала сауықтыру емін қабылдапты.
Биыл жан басына қаржыландыру бағыты бойынша, яғни балаларға арналған үйірмелер мен спорттық кешендерді көбейтуге мемлекет субсидия беріп жатыр. Былтырдан бері жүзеге асып жатқан бұл бастама жемісін беріп келеді. Өкінішке қарай, 2 миллионнан аса тұрғыны бар, бала туу көрсеткіші ең жоғары, халқының басым бөлігі ауылда тұратын Түркістан облысында осынау шараға қаралған қаржының көлемі тым аз. Спорттық тапсырысқа 700 миллион теңге, ал шығармашылыққа қарастырылғаны 484 миллион теңге.
Ал 1 миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент бұл жағынан да көш ілгері болып тұр. Спорт түрлерін дамыту үшін 2 млрд-тан аса, шығармашылығына 1 миллионға жуық теңге қаралған. Жергілікті билік бұл жағынан балаларға ерекше көңіл бөліп отыр деуге болады. Қазір Шымкенттің қай ауданын қарасаңыз да тегін үйірмелер мен спорт секцияларын байқайсыз. Бос жүрген бала некен-саяқ.
Түркістан облысы Балалар жылында ең болмаса осы шараға қомақтылау қаржы бөліп, балаларға ең керекті дүниені қолға алса игі. Әрине, іс-шаралар, байқаулар мен жиындар керек. Бірақ олардың басым бөлігі құр даңғаза мереке. Жалпы, айтса айтқандай, Түркістан облысының билігіне балалардың болашағынан гөрі Түркістан қаласының кіреберісін жыл сайын түрліше әсемдеп, безендіру маңыздырақ сияқты. Ал өңірдің ауыл-аймағы ұмытылып барады.
Пойыз іске қосыла ма?
Сонымен, Түркістан облыстық әкімдігінен балалар жылына бөлінген жалпы қаржы көлемін сұрағанымызбен, айтқысы келмеді. Дегенмен кейбір құжатта Президент шыршасын өткізуге 25 млн теңге қаржы қарастырылғанын көруге болады. Ал Шымкент қаласының әкімдігі Президент шыршасын өткізу үшін 20 млн теңге бөліпті. Сондай-ақ Шымкент қаласында Балалар жылына орай 7 бағыт бойынша 84 іс-шараға 42,9 млрд теңге қаралған. Бүгінде бөлінген қаржының 45 пайызы игеріліпті. Шамамен ай сайын жүргізілген іс-шараларға 7 млрд теңгенің жобасында қаржы кетіп отырған.
Шымкентте 1980 жылы салынған бірегей балалар темір жолы бар. Алайда локомотивті жөндеу проблемаларына байланысты балалар темір жолын бірнеше рет жабуға тура келген. Яғни, пайдаланғаннан гөрі тоқтап тұрғаны көп балалар пойызы 2005-2006 және 2010 жылдары жұмыс істеп, тоқтап қалған. Одан соң 2015 жылы жол қайта іске қосылып, бірақ қала тұрғындарының арасында сұраныс аз болғандықтан, пойыз біржола тоқтаған. Алайда сонау әдемі шақты сағынышпен еске алатын кейбір қала тұрғындары биыл Балалар жылында пойызды қалпына келтірсе деген аракідік өтінішін де айтып қалады. Біз Шымкент қалалық Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Ильясовтан балалар пойыз жолының болашағын сұрадық. Басқарма басшысы балалар пойыз жолын қайта қалпына келтіру қауіпсіздік шараларына сай келмейтінін айтты. «Бізге тұрғындардан тікелей өтініш келген жоқ. Бірақ оны қалпына келтіру үшін көп қаржы керек болады. Жақын арада мұны реттеу жоспарда жоқ. Қала әкімі Мұрат Әйтенов қаланың шеткі аумақтарының ауызсуы, электр жарығы, жолы шешілмей тұрып басқа арнаға ақша бұра алмаймыз», – деп үнемі айтып жүр. Сол себептен біздің басты мәселеміз инфрақұрылым жұмыстары», – деді ол.
Міне, екі өңірдің де Балалар жылына орай түзген іс-шаралар жоспары қолға түскенімен, ішінен іліп аларын ұсындық. Шымкент қаласының Балалар жылына қыруар қаржы бөлгені де байқалады. Әрине, әңгіме оның қалай игерілетінінде емес, жалпы балаларға деген ықыластың ерекшелігінде болып тұр. Ал осындайда Шымкент қаласымен ауылы аралас Түркістан облысының балалары өгей баланың күйін кешіп отырғаны өкінішті...
Шымкент қаласы