Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қабылданған шешім нәтижесінде бүгін ресми түрде бұрынғы мешіт атауы жазылған тақтайша алынып, орнына Әбу Насыр әл-Фараби атындағы жаңа мешіт атауымен тақтайша орнатылды.
"Мешітке әл-Фарабидің есімін бергенде біз екі себеппен қуандық. Бірінші — ғылым, білім келеді, әл-Фарабидің аты бізді жаңғыртып тұрады деп. Екінші жағдай, біз енді әл-Фараби атымен әлемге таныламыз, әлемді танимыз деп. Әл-Фараби біз үшін рухани көпір", – дейді Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, филология ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы.
"Әбу Насыр әл-Фараби деген адам жеті ғасыр бойы бүкіл адамзаттың ақыл-ойының негізгі тірегі болды. Осы исламның пәлсапасын, дүниетанымын бүкіл дүние жүзіне кәсіби түрде насихаттап, жеткізген - Әбу Насыр әл-Фараби. Сондықтан әл-Фарабидің атымен мешіттің аталуы, бұл - өте тамаша әрі орынды", – деп атап өтті ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Ғарифолла Есім.
2005 жылдың 2 наурызында ашылған мешіт елорданың Есіл ауданында орналасқан. Мешіт Катар мемлекетінің Әмірі шейх Хамад бин Халифа әл-Сәнидың қайтарымсыз сый ретінде бөлген қаржысына тұрғызылған болатын. Орталықтың ашылуына сол тұстағы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, Қағба мен Құран бейнеленген, сүрелер түсірілген жапқышты сыйға тартқан.
Фото: astana.gov.kz