«Қосымша 440 миллион теңге бөлінген» – мектеп мұғалімдері еденді неге жамап жүр?
«Қосымша 440 миллион теңге бөлінген» – мектеп мұғалімдері еденді неге жамап жүр?
356
оқылды

Жазба авторы мектепті жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінгенін, солай бола тұра жұмыстың сапасыз жүргізілгенін айтады.

Күрделі жөндеуден кейін де жөндеуді қажет ететін тұстарды көрсетеді. Сондай-ақ мектеп басшысының қаржылық қулығын әшкерелейді. Бұл туралы AstanaTV хабарлады. Әлеуметтік желіде тараған суретте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі едендегі саңылауды бітеп отыр. Тағы бірнеше адам матаны жіңішкелеп кесіп,  дайындап беруде. Алайда аумағы ат шаптырым спорт залдың едені әлі де шұрқ-тесік. Күрделі жөндеу жүргізілді деуге келмейді, жай сырлай салғанға ұқсайды. Ал орындықтар сол сыры көшкен күйінде қалған. Дене тәрбиесінің мұғалімі шұрық-тесікті бітеуге 2-3 күн кеткенін айтады. Видеоны әлеуметтік желіге осы мектептің биология пәнінің мұғалімі  Райса Жұмабаева жариялаған.

М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп мұғалімі Раиса Жұмабаева: «5 март күні түсте салтанатты шара болды. Содан кейін алдын ала бүкіл мұғалімдер жағын, жастар жағын шақырған мектепке, спортзалдың еденінің арасы ырсиып жатыр ғой енді.  Соның арасына «тряпка» алып келіңіз, «тряпка» тығасыздар деп.  Жаз бойына да «ремонт» кезінде көп нәрсені көрдік. Жаны ашу деген болған жоқ мектепке. Мектептің  тақталарымыз төменнен сынып келді. Қосымша 440 млн теңге бөлінген, игерілген. Бірақ ремонт әлі күнге біткен жоқ», – дейді.

Мектепте күрделі жөндеу жұмысы былтыр мамыр айында басталып, жыл соңында аяқталған.  Бірақ  440 млн теңгенің жұмысы көзге көрінбейді. Басқасын былай қойғанда, тіпті есікте тұтқа да жоқ.  Мата қыстырып қойған.  Еден жиектері мен кафельдер сынып жатыр. Үш айға шыдас бермеді дейді мұғалімдер. Ал мектеп басшылығы құрылыс компаниясымен келісе отырып, спортзалды жөндеудің есебінен  ғимараттың кіре берісін жаңартып, жылу жүргізгенін айтады. Айымгүл Салықова М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп директоры: Дене шынықтыру пәнінің бір мұғалімі ұсыныс жасады. Еденнің көрікті болу үшін. Одан әрі жақсарту мақсатында бір екі саңылау болды. Сол саңылауды, апай, бітеп тастасақ қайтеді, – деп соны ғана өз еркімен  2-3 жердің саңылауын бітеді. 24 ай ішінде кейбір жұмыстарды қайтадан қалпына келтіруге болады. Биология пәнінің мұғалімі  Раиса Жұмабаева "күрделі жөндеуден бөлек те мектеп директорының заңсыз әрекеті жетеді," – дейді. Айтуынша, директор мұғалімдерге қосымша білім беру бойынша жарты «ставка» қосып беріп, оның ақшасын ай сайын жинап алуды әдетке айналдырған. Осыны айтып шағымданған мұғалім құзырлы орындарға арызданыпты. М.Бекмұхамбетов атындағы орта мектеп мұғалімі Раиса Жұмабаева: «Үкіметтің ақшасын талан-таражға салып отыр. Мұғалімдерді қалай солай жасалмаған жұмысқа табель арқылы жұмысты бекітіп, сол ақшаны мұғалімнің банкоматына түскен ақшаны өзіне алуға мәжбүрлеп отыр. Көп кісі береді мектепте. «Дополнительный берем саған, сен картаңа түскен ақшаны маған әкеп бересің», – деді. Оған қоса «Мен жазған арызда оның  қойын дәптеріне белгілеп отырғаны жөнінде бар» - деп отыр мұғалім. Мектеп директоры мұнымен де келіспейді. «Кітапша маған тиесілі емес, ешкімнен ақша алған жоқпын» деді. Қазір құзырлы органдар мұғалімнің арызы негізінде тексеріс жүргізуде. Бірақ сонда да басшы мен ұстаз арасындағы текетірес бітер емес. Директор «жазықсыз екенім дәлелденсе, мұғалімді сотқа берем», – дейді.

Бұған дейін апатты мектептің мәселесін бірнеше рет жазған болатынбыз.