Түркістан облысындағы жолдардың жүруге жарамсыз екені анықталды
Түркістан облысындағы жолдардың жүруге жарамсыз екені анықталды
Фото: Интернеттен алынды
296
оқылды
Түркістан облысы аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарда мыңнан астам кемшілік анықталған. Телеарнаның хабарлауынша, сапасыз салынған 94 мың шаршы метр жол жабындысы қайта төселіпті. Мердігерлердің шала-шарпы тірлігін облыстық жол сапасын тексеру орталығы әшкерелеген. Орталық мамандары жол сапасын ғана емес, жолға төселетін материалдарға да сараптама жасайды. Қазір мемлекет еліміздегі жолдардың сапасын жақсартып, асфальт төсеуге қыруар қаржы бөліп отыр. Былтыр Түркістан облысы аумағындағы республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың сапасын анықтау үшін 689 рет тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде, тапсырыс беруші мен мердігерлерге тиісті талап қойылып, ақыры сапасыз салынған жолдың 94 мың шаршы метрі қайта төселген. Былтыр жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының 74 пайызы жақсы және қанағаттанарлық деп танылса, биыл бұл көрсеткішті 77 пайызға жеткізу көзделуде. Түркістан облысында барлық жол мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 16 746 шақырымнан асады. Биыл автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 37 млрд теңге бөлу жоспарланып, оған 869 шақырым жол мен елді мекен көшелерін жөнделмек.