«Forever бос ән емес» – Қарақат Алмасқызы
«Forever бос ән емес» – Қарақат Алмасқызы
302
оқылды
Оның әні өн бойыңа еніп, ойлан­дырады. Ұлттық іріктеуде әкесіне деген сағынышын әнмен суреттегенде көп­шіліктің жанарына жас үйірілген-ді. «Маған жеңіс маңызды емес, әкем әнімді естісе болғаны» дегенде сүйсін­ген едік. Енді оның әкесіне арнаған әнін күллі әлем естиді. Осы орайда, Junior Eurovision байқауында ел намысын қорғайтын Қарақат Алмасқызымен сұхбаттасудың сәті түсті. – Қарақат, айтулы доданың гранд финалына санаулы күн қалды. Дайындық қалай? – Иә, гранд финалға 3 апта қалды. Ұлт­тық іріктеуден кейін 1 ай көлемінде Нұр-Сұл­тан қаласында тұрдым. Ұстаздардан сабақ алып, шетелдік сайттарға сұхбат бердім. Дәлі­рек айтқанда, күніне 2 рет вокалға қа­тыстым. Түрлі бағдарламаларға қонаққа ба­рып, алдағы жоспарларымды бөлістім. Со­дан кейін Варшаваға арналған нөмірдің ви­деосын түсіру үшін Алматыға келдік. Бай­қау талабы бойынша «менің өмірімнен 1 күн» деген видео жіберу керек. Мектебіме ба­рып, ауылымда және үйімде түсірілім жа­садық. Финалистермен орындайтын гимнді ар­найы Ақбұлаққа барып түсірдік. Қазір үйде бол­ғандықтан,  скрипка мен фортепианода ойнап, білімімді шыңдап жүрмін. Финалға жақын қалғанда қайтадан Нұр-Сұлтан қала­сына ба­ра­мыз. – Әннің тереңіне бойлағысы келген адам жанарыңнан-ақ ән мәтінін ұғатын секілді. Де­генмен Еуропа эмоцияны сүйеді. Актерлік ше­берліктен сабақ алдың ба? – Аптасына екі рет актерлік шеберліктен дәріс алдым. Нұр-Сұлтан қаласында  4 рет шебер­лікті шыңдайтын сабаққа қатыс­тым. Ал Алматыда гранд финал ұйым­дас­тыру­шыларына видео-нөмірді жіберу үшін Андрей Хванмен бірге жұмыс істедік. Ол кісі ұлттық іріктеуде де бізге көмектескен еді. Маған ка­ме­рамен қалай жұмыс істеу, мимиканы қай жерде қолдану керегін, эмоцияны игере білуді үйретті. – Дайындықтың көп бөлігі елордада өт­кенімен, режиссерлер локация мен образ үшін Алматыны таңдаған. Бұған не себеп деп ой­лайсың? – Себебі байқау шарты бойынша барлық елде сахна бірдей болуы керек. Сондықтан ыңғайлысы «Қазақфильм» павильоны екенін түсіндік. Негізгі түсірілімдерді Алматы қа­ласында өткіздік. Алматы қаласы – өнер ордасы. Өйткені қалада өнер адамына бар жағдай жасалған. Менің ойымша, ару Ал­матыға жетер қала жоқ. – Образ демекші, көйлегің Дисней ханшайымдарынан кем емес көрінеді. Идея авторы кім? Образға кеңінен тоқтала аласың ба? – Дұрыс айтасыз, көйлек менің де көңілімнен шықты. Идея авторы – Анарбек Жәрдемов. Ол кісі ұлттық іріктеуде де қатысушылардың образына жауапты болған. Гранд финалға киетін көйлегім ақ түсті әрі өте ұзын. Бір қызығы,  алғаш рет композитор Хамит Шанғалиевпен кездескенімде  маған сұрақ қойды. «Ұлттық іріктеуді жеңіп алдың дейік. Польша сахнасында тұрдың делік. Сен не туралы ән айтқың келеді? Өзіңді қандай образда елестетесің?» деді. Сонда «сахнада ақ көйлек кигім келеді» дегенім есімде. Бұдан  Анарбек ағай хабарсыз. Бірақ білікті маман өзіңе не керегін айтқызбай-ақ түсінеді. Стилист ақ көйлек киетінімді айтқанда қатты қуандым. Әрі көйлекке 122 метр мата кеткенін естігенде таңғалдым. Көйлектің артында қанаты бар. Киім өте ұзын болғандықтан, сахнада тұрып киюге тура келді. Оны жылжыту да оңай емес. Егер  ғажайыпқа толы образымды көргілеріңіз келсе, 29 қараша күні сағат 22.00-дегі тікелей эфирді жіберіп алмаңыздар. – Ұлттық іріктеуді көрген блогер Дмитрий  Лебедевтің айтқаны бар.  «Қарақат кей жерінде қате жіберді. Бірақ түзетуге болады. Білесіз бе, ол неліктен фавориттердің қатарында? Себебі оның болмысы шынайы. Ал осымен қазылар алқасын таңғалдыруға болады», – деді. Сенің ше, бойыңдағы ерекшелік  қандай? Осы әннің табиғатын қалай түсіндірер едің? – Әр адамның өзіне тән ерекшелігі бары белгілі. Бірақ соны өзіміз байқамаймыз. Музыка жағынан ерекшелігіме келсек, көпшілігі маған «йодлің жақсы шығады, сенде абсолютті бейімі бар» деп айтады. Себебі мен скрипка мен фортепианода ойнаймын. Ал әннің табиғатына тоқталсақ, әрбір әнші әнге тапсырыс береді. Музыкасы дайын болғанда тақырыбын іздеп шарқ ұрады. Оны «қандай сөз жазсам екен? Не туралы айтсам екен?» деген сұрақ мазалайды. Forever туындысының нені баяндайтыны ән дүниеге келмей тұрып белгілі еді. Сондықтан композитор мен ақын бұл тақырып төңірегінде қиналған жоқ. Forever  бос ән емес. Жай ғана музыкасын тыңдаған адам әннің не туралы екенін біледі. Ән мен ішкі дүниең астасқанда бар жүрегіңмен орындамау мүмкін емес. – Саған продюсер болуға бірнеше орта­лықтың ұсыныс жасағанын білеміз. Құпия болмаса, қандай шешім шығарғаныңды білуге бола ма? – Қазір 6-сыныпта оқимын. Сабағыммен қоса музыкалық білімімді жетілдіру керек. Ал продюсермен жұмыс істесең, күнделікті студияда ән жаздырасың, клиптің түсірілімі бар дегендей. Қосымша жұмысы тағы бар. Менің өзімді дамытып,  шетелде және елімізде өтетін байқауларға қатысқым келеді. Сондықтан отбасым әлі шешім қабылдаған жоқ. Әрине, болашақта маған продюсердің көмегі қажет. Себебі жаңа әндер жазып, оған клип түсіру керек. Мектеп  бітірген соң нақты шешім қабылдайтыным анық. – Ал болашақта қандай шетелдік байқауға қатысқың келеді? – Тина Король қазылар алқасында бол­са, «Голос Украины» байқауында бақ сы­нар едім. Егер мүмкіндік болса, ересектер арасында өтетін «Евровидениеде» Қазақстан намысын қорғағым келеді. Оған дейін елімізге  «Евровидениеге» қатысуға рұқсат береді деп ойлаймын. Сәті түсіп жатса, мүлдем басқа ән орындаймын. – Сондай-ақ Санкт-Петербор сахнасында ск­рипкада ойнағың келетінін айтқан екенсің. Неліктен Санкт-Петербор? – Себебі Санкт-Петербор – өнер мен мәдениеттің қаласы. Менің ұғымымда бұл қала Алматыға ұқсайды. Санкт-Петербор – шығармашылық пен өнер адамдарына бай қала. Әлемдегі 10 үздік музейдің бірі осы қалада орналасқан. Ең мықты театрды ізде­сеңіз, Санкт-Петербордан табасыз. Әрі анаммен бірге   атақты көпірі үстімен жү­ріп, қаланың аңызға айналған ақ түнін көр­сетсем деймін. Жалпы, анама әлемдегі ең әде­мі жерлерді көрсету жоспарымда бар. Ал әп­кемнің  «С Питера самый лучший вид на жизнь» дегені әркез есімде тұрады. Сондықтан мін­детті түрде Петербор сахнасында скрипка сүйемелдеуімен ән орындағым келеді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ