Қос кітаптың тұсауы кесілді
Қос кітаптың тұсауы кесілді
240
оқылды

Көзі тірісінде «Сәулелі сәттерімнің бәрін ақ қағазға түсіруге тырыс­тым» деп, өз оқырманын тапқан қаламгер Рахымжан Отарбаевтың кітап­тары орыс тіліне аударылды. Жақында ғана жазушы-драматургтің осы екі кітабының презентациясы Мәскеуде өткен еді. «Художественная литература» баспасының бас редакторы Владимир Пряхиннің аудар­ма­сымен орыс тілінде жарық көрген екі томдық повестер жинағының таныс­тырылымы Ұлттық академиялық кітапханада өтті.

Отарбаевтың шығармашылығына әр елдің оқырманы үлкен қызығу­шы­лық танытады. Әдеби сыншылардың айтуынша, оның жұмыстары көп адам­­ның жанына жақын. Себебі шы­ғар­малары өмірдің мәні, рухани құн­ды­лықтар мен адамдар арасындағы өзара қарым-қатынас туралы терең ойға жетелейді. Отарбаев туындыла­рын тек ана тілінде ғана жазғанымен, оның әде­би мұрасы көптеген халықтар ара­сын­дағы мәдени көпірге айналды. Отарбаев­тың шығармалары осыған дейін қазақ және орыс тілінде ғана емес, француз, қытай, араб, түрік, қыр­­ғыз және ағылшын тіліне де ауда­рылған.

Владимир Пряхин бұл жобаны елшіліктің қолдауымен іске асырыпты. Кеш барысында қазақ әдебиетіне то­сын бояу, соны рең әкелген қалам­гер­дің достары, әріптестері жылы есте­ліктерімен бөлісті. ХХ ғасыр ба­сын­­дағы Алаш қайраткерлері тәуел­сіз­дік, бостандық үшін күрессе, Рахымжан Отарбаев ХХІ ғасыр басында ұлт үшін, ар мен ұят, ынсап пен иман үшін кү­рес­­кен қаламгер екені тілге тиек бол­ды. «Рахымжан Отарбаев өте таны­мал қылқалам шебері, сөз шебері. Ол – тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де белгілі қаламгер. Менің ойымша, Рахым­жан Отарбаевтың шығармашы­лы­ғын зерттейтін адамдар одан көпте­ген құндылықтар табады, оның шы­ғар­­­ма­шылығында әлі ашылмаған дүние­лер жетерлік. Оның тағы бір зерт­­тел­меген тұсы – драматургиясы. Көп­теген талантты сыншылар Рахым­жан Отарбаевтың драматургия­сы туралы көп жазады. Менің ойымша, оның екінші шығармашылық өмірі ол өмірден озғаннан кейін басталды» деді әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.

Қай шығармасын оқысаң да, оның негізгі кейіпкері қазақы рухты, таза қазақы болмысты ұстанатын жазушы­ның шығармалары қалай ұлықталса да жарасады.

«Атырау өңірінен делегация болып келіп тұрмыз. Ал Рахымжанның өзінің туған жері – Құрманғазы мен Дина­ның, Әбу Сәрсенбаев пен Хиуаз Дос­панованың, Жұмекен Нәжімеде­нов секілді мақтаныштарымыз өмірге кел­ген мекен. Рахымжанды қазақ хал­қы үшін ұлы тұлға деп есептейміз. Себе­бі оның қаламынан шыққан шы­ғар­­малары, драматургиясы бүкіл дүние­жүзін шарлап кетті» деді Атырау облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Мұрат Өтешов. Кітаптың таныстыры­лымына жазушының жары Сәуле Отар­баева мен ұлы Ермерей Отарбаев та қатысты. Сондай-ақ шара барысын­да әдебиеттанушы Гүлзада Ниетқа­лие­ва­­­ның жазушы шығармашылығына арналған зерттеу кітабы танысты­ры­лып, фотокөрме және сахналық қойы­лымдар көрсетілді.