Бағала оны, бағала!
Бағала оны, бағала!
457
оқылды

Дүрбелеңге толы дөңгеленген дүниенің шартарабында не болмай жатыр?! Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылық етек жайған елдерді жиі ауызға аламыз. Өкініштісі сол, соңғы он жылдықта осы қатарға өзіміз де қосылдық. Бүгінде еліміз бойынша 30-ға жуық дағдарыс орталықтары бар. 2000 жылы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларының саны 22 367 болса, 2016 жылы 124 298 болған. БҰҰ-ның Әйелдер қоры таратқан дерегі бойынша, Қазақстанда өз отбасында зорлық-зомбылық көріп, қаза болған әйелдердің саны бір жыл ішінде 500-ге жетеді екен. Әйел затын ерекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін қазақ қоғамы қайда барады өзі?

Әйел отбасында қандай зор­лық көрсе де, көп жағдайда от­басының тыныштығы үшін бәріне төзуге әзір. Бірақ қоғамда ер адам­дардың дені бәрібір әйел­дердің өздерін кінәлайды екен. Бұған енді сала мамандарының, психологтар мен имамдардың да айтар уәжі бар. Соңғы жыл­дары осындай оқиғалардың соңы әйел өліміне де алып келуде. Былтыр отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында нақты 919 қылмыс тіркелсе, биылдың соңғы тоғыз айының өзінде 719 заң­бұзушылық анықталыпты. Қанша қорлық көрсе де, шағым­дануға дәті бармай жүрген қан­шама әйел бар? Ашумен арыз жазып қойған әйелдердің өзінің 90 па­йызы шағымдарын кері қайтарып алады екен.

Психологтар бұл мәселені ер немесе әйелдің сонау өзі өсіп-өнген отбасынан алған тәрбие­сімен байланыстырады. «Тәрбие отбасынан басталады. Кейбір ата-аналар баласын аямай ұрып жатады. Келісім жоқ, керіс бар. Бұл көріністің жиі қайталануы дұрыс емес. Өйткені ол бала есей­генде, осыны қайталайтын бола­ды. Сонда ғана сол баланың бола­шақ отбасын әлсіретіп, отба­сындағы бірлікке сызат түсіруіне себепкер болғанын байқамай қалады» дейді психолог Жанат Әшім. Ал «Қорғау-Астана» қоры­ның директоры Анна Рыль біздің елде әйелдерді қорғайтын жүйенің жоқтығын алға тартып отыр. «Кез келген агрессор жасаған әрбір соққысы үшін заң алдында жа­уапты екенін білсін. Өкінішке қарай, біз жанжалдасқан екіжақты татуластырып жатамыз. Осы дұ­рыс па? Жоқ. Туған-туыстардың өздері «ұят болады» деп, жазған арызынан бас тартуын сұрайды. Ал ол қайталанып-қайталанып, соңы қылмысқа барса, оған кім жауап береді?» дейді. Психо­логтардың айтуынша, жанұядағы ұрып-соғудың салдарынан, ба­лалардың 90 пайызы стокгольм синдромына шалдығады екен.

Сөзіміздің басында дағдарыс орталықтары туралы айттық. Алайда олар қазір зорлық-зом­былық көрген келіншектерге, аналарға толыққанды көмек бере алмай отыр. Статистикаға сенсек, дағдарыс орталығының сенім телефонына күніне 20-30 әйел хабарласады екен. Оларға дағ­дарыс орталықтары тегін заңдық-психологиялық тұрғыдан кеңес береді. Бірақ оларды баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндіктері жоқ. Өйткені Қазақстандағы 30-ға жуық дағдарыс орталы­ғының жартысынан көбі баспа­намен қамти алмайды.

Елдегі алғашқы дағдарыс ор­талығы үкіметтік емес ұйым тара­пынан ашылды. Енді дағда­рыс ор­талықтарымен жүйелі түр­де жұ­мыс жүргізіліп, мемлекет тара­пынан қолдау жасалуы тиіс. Ол жер еңсесі езіліп, дағдарысты ахуал­да жүргендердің жаңа өмірге бет бұрып, бақытты болу үшін кү­ресуге шақыратын жеріне ай­налуы керек. Сондай-ақ дағдарыс орта­лықтары облыста ғана емес, қа­лалар мен аудандарда болуы тиіс.

Әйелдердің әлеуметтік ахуа­лы – әлем бойынша басты на­зарда. Өйткені әлемдегі әрбір бесінші әйел еркек кіндіктіден жәбір көреді немесе зорлық-зомбылықтың құрбаны болады екен. Ал бізде әйелдердерді кем­сітушілікке қарсы атқарылып отырған шаруалар көп бол­ға­нымен, қыз-келіншектеріміздің дені өздерін қоғамның белсенді мүшесі ретінде сезіне алмай отыр. Тіпті олардың көп бөлігі әлі күнге дейін өз құқықтарын қалай қор­ғауды білмейді. Сарапшылардың айтуынша, күнделікті күйбең тір­шілікте зорлық-зомбылық көре­тіндердің басым бөлігі әйелдер екен. Әйел мүддесі қорғалмай, қоғамның әлеуметтік-эконо­ми­калық немесе демографиялық ахуалының дамуы мүмкін емес.

Бүгінде еліміз бойынша ел халқының 52 пайызын әйел адам­дар құрайды. Олар ер адамдармен қатар еңбек етіп, ұлттық эконо­миканың дамуы мен елдің әлеу­меттік жағдайының жақсаруына өздерінің үлесін қосып отыр. Бірақ олардың еңбектері тиісінше бағаланып отырған жоқ. «Қазақ­стан әйелдері күштері» альян­сының төрағасы Раушан Сәрсем­баеваның сөзінше, былтыр ген­дерлік дамудың жаһандық рей­тингінде Қазақстан әйел адам­дардың саясатқа араласу индек­сінде 94-орынды иеленген. «Қа­зақстан әйелдері ерлерден 30 па­йыз кем жалақы алады. Қазақ­станның облысын немесе қала­сын басқарып отырған бірде-бір әйел әкім жоқ. Мысалы, Швеция, Финляндия, Дания, Голландия секілді елдерді алып қарайықшы. Оларда жыл өткен сайын билікте әйелдердің саны өсумен қатар, тұрғындардың да әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақса­рып келеді. Біз, әйелдер билікті армандап отырған жоқпыз. Тек аналардың бүгінгі ахуалын жоға­рыда отырған әйелдер ерлерге қарағанда бес саусағындай біледі дер едім» дейді ол.



Қалай десек те, ер-азамат – от­басы үшін жауапты адам. Үйдегі тәрбие ер адамның өзінен баста­лады. Дін қызметкерлері отба­сында қандай жағдай болмасын, сабыр сақталу керегін айтады. 

«Ер-азамат жұбайына, бала­ларына үлгі болғысы келсе, алды­мен, өзін түзеуі керек. Егер әйе­лінің кемшілігін көрсе, оның жақ­сы істерін еске алып, кеші­ріммен қараса, қайта жақсы көріп кетеді. Кемшіліктері үшін жек көріп кету – күнә. Көбіне әйел адам сабыр сақтамай, жанжалға ілікті өзі табады. Әйел адам көбіне тілінен табатынын білеміз. Ондай жағдайда еркек сабыр сақтап, мәселені анықтап, шешімін тап­қаны дұрыс. Оның шешімі қол жұмсау емес. Бұл мәселеге қатыс­ты шариғатта белгілеп қойған шарттары бар. Бірінші – насихат, уағыз айту. Екінші – төсек қаты­насын біраз уақытқа тыю. Ол да тәрбиенің бір түрі. Әйел ренжі­геніңізді біліп, кешірімге келу керек. Бұл жанжалға бір адам ғана кінәлі болмайды» дейді дінта­нушы Елдос Қырықбай.


Сөз соңы

Статистика бойынша, елі­міз­дегі әйелдердің 15 пайызы ер адам­дардың жұбайларына қол көтеруін заңдылық деп біледі екен. Ал ауылдық жерлердегі әрбір бесінші әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан жапа ше­гіп жүр. Бұл – «Қызы бар үй­дің – берекесі бар» деп қа­рай­тын қазақ үшін үлкен қа­сірет. Өйткені ол қыз – ертең­гі ана, отбасының ұйытқысы. Ешкім қызын зорлық-зомбы­лық­тың зардабын тартсын деп өсірмейді. Сондықтан оны отба­сындағы бүгінгі тәрбиеден бастап қолға алу керек. Әйт­пе­се, дәл қазір қоғамды дендеген әйел әрекетіндегі дәрменсіздік пен шектеуліктен туып отырған «қорғансыздың күнінен» әзір құтыла алмаймыз...