Құмды шөлдің қорғанын қолдан құртып отырмыз...
Құмды шөлдің қорғанын қолдан құртып отырмыз...
412
оқылды

Соңғы он жылдықта тірі организм түрлерінің жер бетінен жоғалу шапшаңдығы эволюцияның табиғи жыл­дам­дығынан бес мың есе жоғарылаған. Қызуы көмір­ден асып түсетін сексеуілдің сиреуі – осының дәлелі. «Шөл даланың падишасы» аталған сексеуілді неге селдіретіп алдық? Шөлейтті далада то­пырақты эрозиядан сақ­тай­­тын, құм төбелердің көш­кі­нін тоқтататын сексеуіл ал­қаптарының көлемі соңғы жиыр­ма жылда 4 есеге ке­міп­ті.

Сексеуіл неге сиреді?

Ел аумағының 4,74 пайызы орман­мен қамтылса, оның жар­ты­сына жуығы сексеуілге тиесілі. Өкінішке қарай, заңна­малық тыйымдарға қарамастан, сексеуіл үйлерді жылыту және тамақ дайын­дау мақсатында қолды боп отыр. Демек, оны өзіміз қолдан құртып отырмыз.

Құмды жерлерде өсетін, шөлге төзімді, қатты ағаш тұқымдас өсiмдiктің Орталық Азия мен Араб елдерiнде онға жуық түрi болса, соның үшеуi Қазақстанда өседi екен. Олар: ақ сексеуiл, қара сексеуiл және Зайсан сексеуiлi. Бү­гінде еліміздегі сексеуіл орман­да­­рының ең үлкені Жамбыл об­лы­сында шоғырланған. Облыс­тың 4 миллион 435 мың 186 гектар орман қорының 1 млн 187 мың гектары – сексеуілдің еншісінде.

Ілкіде жұрт сексеуілді отқа тамызық ретінде пайдаланса, қазір көмірдің жетіспеушілігі мен табиғи газдың барлық аймаққа тұтас тартылмауы себепті оны отын ретінде қолдана бастады. Бұған ірі қалалардағы кәуап пісі­ретін орындардың көптеп қолға алынғандығын қосуға болады. Өйткені шоғы ұзаққа дейін табы­мен, бабымен тұратын отын жал­ғыз сексеуіл ғана болған­дықтан, кәуап пісірушілер көбіне сексеуілді қолданады. Дәл осы себепті, сексеуіл алқаптарының көлемі мейлінше тарылып, өсім­дік­тің тұқымы тұздай құрып бара­ды. Сексеуілді қорғау, сақтау, оны пайдалануға тыйым салу төңі­­регінде ара-тұра мәселе көте­рілетіні рас. Өкінішке қарай, қан­дай шараны қолға алсақ та, сексеуілдің саудасына тосқауыл болмай тұр.

 

Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ,
Табиғаттың оны айтуға тілі жоқ...

Көмір мен газға қол жетпеген ауыл-аймақтардағы ағайындар әлі күнге дейін осы өсімдікті отын ретінде пайдаланды. Аяусыз оталған өсімдіктердің орны құла түзге айналды. Тіпті, кейбір ай­мақ­тарда құм көшкінінен жолдар жабылды. Бұл еліміздің батыс өңірлері үшін қауіпті болып тұр.

Шындығында, сексеуілдің таби­ғатқа тигізер пайдасы ора­сан зор. Біріншіден, ол құм көш­кіндерін ұстап тұрады. Емдік шипасы өз алдына. Алайда оның өсіп жетілуі өте қиын, баяу өседі. Сондықтан оны жоғалтуды емес, барынша көбейтуді ойлаған дұрыс.

Бұл бағытта жұмыс аз жүріп жатыр дей алмас едік. Осыған дейін де орман шаруашылығы қызметкерлері өсімдік қорын молайтуға барын салып келді. Мә­селен, 1990 жылдардың ба­сын­­да 54 мың гектар жерге сек­­сеуіл егілсе, 2002 жылы осы үр­діс жалғасын тапқан. 2008-2014 жылдар аралығында Қа­зақ­стан ормандарын сақтау және өсімдік қорын молайту жо­ба­сы қолға алынды. Осының нәти­жесінде, Дүниежүзілік даму банкінің қолдауымен 57 мың гектар аумаққа сексеуіл егілген. 2017 жылы орман шаруашылығы мекемелері 10 700 гектар жерге сексеуіл екті. Сексеуілді шабуға 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін тыйым салынды. 2017 жыл­дың 15 шілдесінен бастап сек­се­уілді сатуға тыйым салатын заң да күшіне енді. Бірақ бәрібір қат­ты ағаштың саудасына тоқтам болмай отыр. «Бүгінде еліміздің шөлейтті аймақтарында, сондай-ақ Арал теңізі маңында құм көшкінін азайту үшін сексеуіл түптерін отырғызу қарқынды қолға алынды. Сексеуіл қардың тез еруіне тосқауыл болып, топырақта ылғалдықты жақсы сақтайды. Заңдағы өзгерістер, әсіресе, кәуап пісірушілер үшін ұнамай отырғаны рас. Өйткені сексеуіл шоғымен піскен кәуап­тың дәмі де ерекше. Қалаларда бір құшағы пәленбай мыңға бағаланатыны да содан» дейді Жамбыл облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақ­тық инспекциясы мекемесінің маманы Абылай Ералиев.

Бағалы өсімдіктің өсіп-жетілуі де оңай емес. Сол себептен осы­­ған дейін тамырымен қоса жұлынған аймақтарды қалпына келтіру мүмкін болмай отыр. Тамы­ры 10 – 11 метр тереңдікке дейін кететін өсімдік жиырма жылда бар болғаны 1,5 метр ғана бой көтереді.

БҰҰ Даму бағдарламасының биоалуантүрлілік жөніндегі жобалардың менеджері Талғат Кертешевтің айтуынша, «4 тон­на құм» арт-инсталляциясы – бұл нақты бейне арқылы проб­леманы көрсетудің тәсілі. Құмға батқан үй жердің тозуы және біздің ауылдарымызды құмдардың басып кету қаупінің айқын символы. Инсталляция адамдардың табиғаттың тылсым күшінен жеңілгенін көрсетеді. Бұл көлемдегі құм да ерекше мәнге ие, өйткені бір ғана сексеуіл ағашы өзінің қуатты тамырларымен 4 тонна құмды ұстап тұруға қабі­леті бар. Сексеуілді жойып алу шөлдердің өсуіне әкеледі» дейді ол.

 

Орманшыларды не алаңдатады?

Статистикаға сенсек, түзде жүретін орманшылардың айлығы аз. Шамамен 40-60 мың теңге алады. Сондықтан жастар жағы бұл ма­мандықты таңдай бермейді. Бүгінде орманшылар мен бағбан­дардың басым бөлігі – орта жастан асқандар. Өкініштісі сол, орман шаруашылығы мамандарының саны жыл өткен сайын кеміп барады. Қорықшы мамандардан бөлек, орман ағаштарының биологиялық ерекшеліктерін зерттеп, оны күтіп-баптаудың, өсірудің қыр-сырын білетін мамандар да жоқтың қасы.

Бүгінде Алматы, Қызылорда және Түркістан облыстары сек­сеуілді тұрмыста қолдану бойынша алдыңғы орында. Осы ау­мақтарда сексеуілдің био­ло­гиялық түр ретінде мүлдем жоғалып кету қаупі басым.

Қазақстанның мемлекеттік орман қоры 29,4 млн гектарды құрайды. Оның ішінде орманды аумақ 12, 9 млн гектарға тең. Орманды алқаптың басым бөлігі сексеуілге тиесілі. Ақ және қара сексеуіл аумағының көлемі 6,3 млн гектарды алып жатыр. Бұл – республикадағы барлық орман аумағының 48,9 пайызы. Қазақстан орманының жартысы сексеуілге тиесілі болғандықтан, бұл өсімдіктің еліміздің брендіне айналуына негіз бар.

«Сексеуілді отауға салынған мораторийді тоқтатпау керек. Отырғызылған сексеуілді қорғау да аса маңызды. Оның ішінде сексеуіл көп өсетін Алматы, Қы­зылорда, Жамбыл және Түр­кі­стан облыстарындағы орманды қорғау мекемелерін ма­териалдық-техникалық жаб­­дық­тауды назардан тыс қал­ды­руға болмайды. Сондай-ақ сексеуіл ағашын отырғызу, егу жұмыстарының көлемін арт­тыратын шараларды ұйым­дас­тырған абзал. Одан бөлек заманауи ресурс үнемдеу техно­логиясын және сексеуілге зиян келтірушілермен күрес жүргізетін ғылыми зерттеулерді қолдана отырып бағалы ағашты өсіруге мүмкіндігі бар орман тәлімбағы жүйесін құру қажет» дейді БҰҰ Даму бағдарламасы ландшафтық жоспарлау бойынша сарапшы Ақмарал Ағажаева.

 

Түйін.

 

Әрбір тұрғын кіндік қаны там­ған өңірдің табиғатына жана­­шыр­лық танытпайынша, бұл мәселенің түйіні тарқатылмас. Қолдағы бар­ды бағаламаудан, үміт пен күдік ара­лас­қан алаң пайда болды.

Ғалым Жайлыбай ақын айт­қан­дай, «сексеуіл өскен дала­ның, ақ жауын күткен ұлдары» бұл қате­лік­ке қалай жол беріп отыр?