«Интернет қашан жақсарады» деп шаршадық – Мейіржан Темірбек
«Интернет қашан жақсарады» деп шаршадық – Мейіржан Темірбек
230
оқылды
– Мейіржан аға, сұхбаттың басын «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігінен бастасақ.  Ұйымнан көмек сұрап, қоңырау шалатын ұстаздардың барын естідік. Мұғалімдерді нендей мәселе мазалайды? – «Мұғалім мәртебесі» қоғамдық бірлестігіне республика бойынша көптеген мұғалім мүше. Соған байланысты туындаған мәселе бойынша сұрақтарға жауап іздейміз. Қиналған мұғалім болса, ұйым мүшесі ме, жоқ па қарамай, бірден көмектесуге тырысамыз. Бірлестік жарғысында бекітілгендей еңбек дауларын шешу, заңдарды түсіндіру және тағы басқасын назарға аламыз. Ұйымға назын айтып, қоңырау шалатын ұстаздар өте көп. Әсіресе, сағат дауы бірінші орында тұр. Мәселен, тамыз-қыркүйек  айында тарификация бекиді. Соған орай көптеген мұғалімнің сағат дауына араластық. Біраз ұстаздың мәселесін шешіп бердік. Содан кейін сыбайлас жемқорлық бойынша да біршама істің басын қайырдық. Одан қалса тоқсан аяқталғанда баға дауы, ауыл мұғалімдері үшін жылына бір рет беретін «комуслуга» дауы бар. Арасында әлеуметтік желіде қысым көрсетілген мұғалімдердің жағдайына да көңіл аударамыз. Мысалы, Айбек есімді мұғалімнің ауылдағы судың жағдайын айтам деп аузы күйгені бар. Содан оған қысым көрсетілген. Сөйтіп, жағдайды көпшілікке жариялап, Facebook арқылы ұстазды арашалап алғанымыз бар. Жақында ғана партиядан шығу дауымен бір мұғалім хабарласты. Оған партиядан шығып кету туралы кеңес бердім. Әріптесім шығып кетуге болатынын естіп таң қалды. Ізінше партияға хабарласып, жөн сұрадым. Олар «жұмыс істегісі келмесе шығып кетсін» деп қысқа қайырды. Біразы «Педагог мәртебесі туралы» заңында қоғамдық ұйымдар іс-шарасын мектепте өткізуге тыйым салынғанын білмейді. – Ұстаздар әртүрлі мәселемен қоңырау шалатынын айттыңыз. Арасында интернет сапасы туралы шағым айтатындары бар болар. Қашықтан оқу мен интернет сапасы жайында жазудай-ақ жазып жүрсіз. Нәтиже бар ма? Шығыстағы интернет мәселесі шешілді ме? – Қазір көп жерде жағдай жақсара қойған жоқ. Іштей тауға шығып, дала аралап интернет іздеп оқу жүрген балалардың обалы кімге дейсің. Өйткені білім саласындағы басқарушылардың жағдайын пандемия айқын көрсетті. Ал интернет ұсынан провайдерлер ақша алудың амалын ғана біледі. Жоғарыдан бұйрық түссе, соны ғана орындайды. Жергілікті білім басқармалары мен білім беру бөлімдері өздігінен жұмыс істеуге қауқарсыз.    Шығыстағы интернеттің жайына келсек,  мәселесі әзірге шешілген жоқ. Келесі жылы шешіледі деп жатыр. Интернеті жақсы дегеннің өзінде қазір қалалы жерде байланысқа шығу мұң болып тұр. Жылдамдық төмен. Сондықтан интернет провайдер жағдайын түпкілікті шешу керек. Шеше алмаса, жеке мектептердің өзіне серверлер орнату арқылы шешім табуға болады. Интернетсіз шағын ауылдарға оқытуға болатындай жобалар бар. Басқа жолын қарап, поштамен оқыту жағында кеңінен талқылауға болады. Шыны керек, қашан интернет сапасы жақсарады деп күтіп отырудан шаршадық. – Орта білім жүйесіне қарай ойыссақ. Тәжірибелі ұстаз ретінде жаңартылған білім мазмұнының артықшылығы мен кемшілігін атасаңыз. – Бұл жерде айта кетерлігі мектептер толық жаңартылған білім мазмұнына өтті. Өз басым информатика пәнінен сабақ беретіндіктен, басқа пәндерді қоса талдап отырғаным артықтау болар. Сондықтан мәселені информатика пәнінің айналасында айтып берейін. Алдымен, бағдарламаны қайта қарау керек. Өйткені бірінің басын шалып, бірінің аяғын шалып өте берген. Оқушыларға бағдарлама ауыр. Әсіресе, бастауыш сынып балаларына оқу бағдарламасы ауыр тиеді. Жалпы, орта білім жүйесі дегенде мәселе көп. Осы орайда Білім және ғылым министрлігінен орта білім саласын бөліп алғанды жөн санаймын. Өйткені қазір болып жатқан жайттың деніне басқара алмаудың зардабы тиіп отыр. Бұл туралы білім сарапшысы Нұрмұхамед Досыбаев та мәселе көтерген. Ағарту жалпы халықты орта біліммен қамтамасыз ету саласы болуы керек. Оның айтуынша, негізі үлкен саланы түгел қарап отырғаннан гөрі модульге бөлінетін болса басқару тиімді болмақ. Бұған мектептерді тікелей министрлік қарауына алмай, 17 аймақтың білім басқармаларына бөліп отырғаны дәлел бола алады. Сондықтан өтірік есеп пен статистика ауыл мектептері мен орта білім саласының тамырына балта шауып отыр. – Орта білімнің маңайында мәселе көбін айттыңыз. Мысалы, сізде 12 жылдық білім беру жүйесіне өтуді бекітуді шешетін құзырет бар деп есептейік. Алдымен, нені жөнге келтірер едіңіз? Қай жылы өткеніміз дұрыс? – Алдымен, материалдық техникалық база мен басқару жүйесін жөнге салу керек. Егер осы жүйеге өтеріміз хақ болса, 1-2 жылда өткеніміз дұрыс.  Осылай дегенімізбен, қолымызда нақты стандарты, жобасы жайында мәлімет жоқ. Біз ескірген нұсқасын оқып, талдап жүрміз. Қоғам Сағадиев министр болып тұрған шақтағы мәліметпен шектеліп отыр. Мысалы, «0 мен 11 сыныпты қосқанда, 12 сынып жүйесі шығады» деген түсінік бар. Бұл кеңінен талқылайтын үлкен мәселе. Жаңағы жаңартылған білім мазмұны туралы сұрағыңыз осыған жапсарлас болады. Білім мазмұнын қайта қарап, кем-кетігін жөндеп, 12 жылдық білім берудің алғышартын жасауымыз қажет. – Ендігі кезекте оқулық мәселесіне тоқталсаңыз. Қазір қашықтан оқу жүйесі мен кітап сәйкес келмейтіні айтылып жүр. «Тест тапсырмасындағы жауап пен кітаптағы жауап сәйкес келмейді» дейді ата-аналар. – Оқулық мәселесі бірінші жыл айтылып жүрген жоқ. Бізде баспалар өте көп. Бірақ барлығы белгілі бір стандартқа сүйеніп оқулық шығарады. Оқулықтар үлгілік оқыту бағдарламасына сай әзірленеді. Тест тапсырмалары оқулық мазмұнына сәйкес жасалады. Ал оқулық мазмұны оқу мақсаттарына негізделеді. Демек, сұрақтар оқушының оқу мақсатына жеткен жетпегенін анықтайды. Ал жалпы оқулық мәселесін қарастырсақ, ішіндегі орфографиялық, грамматикалық қателерді ғана тізбеу керек. Ең әуелі – мазмұны. Мазмұны балаға ұғымды, қолжетімді болуы шарт. Біздегі оқулықтардың көпшілігінің мазмұны ғылымиланғандығында. Авторларға айтса, оқу бағдарламаларына сілтейді. Бағдарлама әзірлеушілері «бағдарлама бойынша қойылған мақсаттарды түсінбейді» деп авторларды кінәлайды. Бұл нені көрсетеді? Бағдарлама әзірлеушілері өз алдына бір топ, оқулық авторлары екінші жағында тұр. Ортасында оқушы зардап шегеді. – Сұхбат барысында біршама мәселе көтерілді. Әлеуметтік желіде деректер базасы жайында жазғаныңыз бар еді. Соның артықшылығын түсіндіріп берсеңіз. Тың мағлұматым бар деп едіңіз. – Деректер базасына келсек, бұл дүние Ұлттық бірыңғай деректер қоры деп аталады. Аталған жүйеде мұғалімдер мен оқушылардың деректері сақталған. Әрі мектептің материалдық базасымен танысуға болады. Бірақ соның ішінде  базамен жұмыс істеуге штаттың қарастырылмауынан мәселе туындап отыр.  Мәселен, оқушылардың сабақ үлгерімі туралы тұсын қолмен толтыруымыз керек. Өздеріңізге белгілі әр өңірде электронды журнал бар. Егер осы жүйені интеграцияласақ, электронды күнделіктегі баға тікелей деректер базасына түседі. Сонда мұғалім артық жұмыс істеп әуре болмайды. Бұрындары осы жайында министрлікке ұсыныс жібергенбіз. Алайда әлі күнге шешімін таппай келеді.  

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ