Орман шаруашылығы қашан оңалады?
Орман шаруашылығы қашан оңалады?
653
оқылды

Ғылым мен технология қарыштап дамыған сайын ауаға түрлі зиянды қалдықтар бөлетін зауыттар мен өндіріс орындары көбейіп жатыр. Өкінішке қарай, елімізде сол зиянды дүниелерді сіңіретін, жасыл желекке оранған орман алқабы аз. Бұл, ең алдымен қоғамға, соның ішінде адам денсаулығына әсер етпей қоймайды. Мамандардың айтуынша, 1 гектар орман жылына 10 тоннадай көмірқышқыл газын сіңіреді. Жер көлемі жағынан 64-орында тұрған Финляндия жерінің 80 пайызын орман алып жатыр. Ал жер көлемі жөнінен 9-орында тұрған бізде бұл көрсеткіш – 4,6 пайыз-ақ. Салыстырып көріңіз. Алысқа бар­май-ақ көрші елдерді мысалға келтіргенде, біздің елдегі орман шаруашылығы қашан оңалады деген сауал туындайды.


Тілсіз жаудан
қалай сақтанамыз?

Орман-тоғайдың ең басты жауы – өрт. Мұндай жағдай, әсіресе, күн жылығанда жиілейді. Тілсіз жау жыл сайын қаншама адамның өмірін жалмап, ел экономикасына айтарлықтай шығын келтіріп жатыр. Орманы жиі өртенетін ел – Ресей. Сәйке­сін­ше, өрттен қаза табатын адам саны бойынша да алдыңғы орында тұрған осы көршіміз. Мұнда жылына шамамен   9405 адам тілсіз жаудың кесірінен көз жұмады. Екінші орында – АҚШ, үшінші орында – Украина. Қазақстан – жетінші орында. Елімізде жылына шамамен 386 адам орман өртінен қаза табады.

Қазір жұртты алаңдатып отырған – Сібірдегі орман өрті. Осы табиғи апат кесірінен 3 миллион гектардан астам орман алқабы күлге айналып, биотіршілік жойылды. Сол өңірдегі адамдардың тыныс алуы қиындап, ауруханаға түсе бастаған. Экологтар өрттің салдары ауыр болатынын айтып, дабыл қағып жатыр. Орман өртінің түтіні Қазақстанның жеті облысына жеткен. Экологиялық апатқа ұрындыру мүмкіндігі өте жоғары болып тұрған бұл өрттің шығу себебі де анықталды. Ресейдің Бас прокуратурасы өртті ағашты заңсыз кескенін жасырмақ болған қаскөйлердің қасақана ұйымдастырғанын мәлімдеді.

– Ресейдегі орман өртінің зардабы бізге де тиіп жатыр. Өйткені ормандағы   жануар­лар жанып кетті. Ол жақтағы ормандарда бұғылар көп болатын. Олардың мүйізі жақсы жанады. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жылда болады, – дейді С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситетінің Орман ресурстары және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Дани Нұрғисақызы.

Маманның айтуынша, орман өртінің себебі көп. Көбіне дала өрті адамдардың абайсыздығынан болады. Қарапайым ғана мысал, шылым шегуді айтпағанда, адам ыстық күнде бос бөтелкені орманға тастап кетсе, ол күнге қызып, жана бастайды. Най­зағайдың әсерінен болатын табиғи се­беп тағы бар. Өкініштісі, орманға қаса­қана өрт қою оқиғалары жиі кездесіп жатыр.

Орман өртінің алдын алу үшін халыққа үгіт-насихат жұмыстарын күшейтудің маңызы зор. Өйткені, бір адамның жауап­сыздығы мыңдаған гектар орманды отқа орап, мемлекетке миллиондаған шы­ғын келтіреді. Сондықтан жауап­кер­шілікті әрқайсымыз өзімізден бастағанымыз абзал.

                                       

Орманшыға
жағдай жасалса...

Қазір орман шаруашылығы – жала­қысы төмен салалардың бірі әрі қызмет­керлер қауіпсіздігі күрделі мәселе болып отыр.

– Бір өкініштісі, қазір орман шаруа­шы­лы­ғын басқару жүйесі өзгерген. Бұрынғы жүйе бойынша орманды өсірумен, кесумен тек кәсіби мамандар айналысатын. Алды­мен ормандағы «піскен», яғни кесілетін ағаштарды бөлесің. Орнына ағаш отыр­ғызасың. Орманшылардың отырғызған әр ағашына ақы төленетін. Ал қазіргі басқару жүйесі қалай? Орманшылар тек орман қорумен айналысады, ал орманды кесу, оның орнына ағаш отырғызу орман пайда­ла­нушыларға тапсырылған. Сол себеп­ті, орманшыға қазір ешқандай ынта­лан­дыру жоқ. Бастапқы жүйені бұзып жібердік. Орман шаруашылығы көпжүйелі шаруа­шы­лық, ол кешенді түрде басқарылуы тиіс. 2003 жылғы реформаның әсерінен орман­шы­лар тек орман қорумен ғана айналысып, ал өнім шығаратын цехтарды жеке­ше­лендіріп жіберген. Ол орман шаруа­шы­лығының техникалық базасына теріс ықпал етті.

Орман инспекторлары айына 50-60 мың жалақы алып, күні бойы орманда жүреді. Оның үстіне орманшылар үйден тамағын алып кетеді. Бұл отбасының бюджетіне елеулі әсер етеді. Ауырып қалса, оларға ешқандай медициналық көмек жоқ. Қазір инспекторларды атып кетіп жатыр. Олар қайтыс болса, отбасына ешқандай компенсация берілмейді. Мәселенің бәрі осы жерде жатыр. Егер балалары мектепке бара алмай отырса, тамағы жоқ болса, олар не істеуі мүмкін? Ал броконьерлер – бай адамдар. Бұл жерде олар орманшының қолына ақша беріп немесе ол алмаса, жаралап атып кетуі мүмкін. Адам болғаннан кейін түрлі жағдай болады. Ондайға жеткізбеу керек. Орманшыларға әлеуметтік жағдай жасалу керек, – дейді БҰҰ Даму бағдарламасының биоалуантүрлілікті сақтау саласындағы жобалардың менеджері Талғат Кертешев.

Қазір БҰҰ ұйымы орман шаруа­шылығына байланысты арнайы бағдарлама әзірлеген. Бағдарлама еліміздегі мемле­кеттік мекемелердің қаржысы жетпеген жұмыстарды жетілдіреді. Басты мақсат – озық әдістер мен заманауи технологияны Қазақстанға әкелу. Мәселен, күн, жел қон­дырғылары. Көмірқышқыл газын азай­ту, ауаны ластанудан қорғау, биоло­гиялық алуантүрлілікті сақтау, тозаңдануға қарсы күрес, халықты, елдімекендерді, шаруа­шы­лық­ты қазіргі климаттың шұғыл өзгерісіне бейімдеу жұмыстары да бағдарлама мінде­ті­не кіреді.

2003 жылы орман қоры, орман шаруашылығы мекемелері облыстық әкімшіліктерге берілген болатын. Енді осы 15 жылда орман шаруашылығының қалай басқарылып жатқанын тәжірибесі мол шетелдік сарапшы анықтайтын болады. Бұл – тәуелсіз бағалау жүйесі. БҰҰ Даму бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан мамандар орман шаруашылығы мекемелерімен, облыстық әкімшілікпен бірігіп Қазақстандағы орман шаруа­шылығының басқарылу жүйесіне талдау жүргізіп, Үкіметке бірқатар ұсыныс жеткізу­ді жоспарлап отыр.

Шығыс Қазақстан облысында самыр­сын ормандары бар. Қазіргі уақытта самыр­сын ормандары көп аурумен ауырады. Зиянкестер жеп барады. Жаңа құрал-жабдықтар арқылы солардың санитарлық жағдайына көмек көрсетілуде. Осылайша, Қазақстанға алғаш рет әкелініп отырған ультрадыбысты зерттеу құралына ұқсас аппарат орман ағаштарының қандай ауруға шалдыққанын анықтап береді.

Қазақстанның таулы ормандары – қар барысының мекен ететін ортасы. Орман экожүйесін дұрыс қорғап, сақтау, сондай-ақ әлем бойынша жойылудың аз-ақ алдында тұрған қар барысының қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау да – маңызды мәселе.

                      

Өндіріс орындары
ағаш егу керек

Елімізде жердің 4,6 пайызын орман алқабы алып жатса, мамандар 2030 жылға дейін оны 5 пайызға көтеруді ұсынып отыр. Қазақстанда орман тәлімбағы бұрын көп болғанмен, қазір жойылып кеткен. Бүгінде әр облыста ары кетсе 2-3-тен ғана орман тә­лім­бағы бар. Ол өздеріне әрең жетеді. Мамандар жайылымдарды қорғайтын орман жолақтарының керек екенін айтады. 5 пайызға жету үшін орман тәлімбағын екі есе көбейту қажет. Оның ішінде ауылдық жерлерде малға қорған болатын орман тәлім­бақтарын отырғызу жұмысы да бар. Сала мамандары орман шаруашылығының даму стратегиясына осы мәселені де енгізіп отыр.

Парник газының қалдығын тастауды қысқарту, энерготиімділікті арттыру, балама энергия көзіне көшті және көміртек отын жағудан бірте-бірте бас тарту жөнін­дегі жаһандық күшті халықаралық-құқық­тық негізді анықтайтын Париж келісіміне сәйкес, Қазақстан 2025 жылға дейін ауаға бөлінетін зиянды заттарды 15 пайызға дейін азайтуға міндеттеме алған. Бұл ретте Экология министрлігі құрылып, 15 пайызға кіретін бөлшектерді анықтап жатыр. Зиянды затты ең көп бөлетін отын – көмір. Бүгінгі таңда көмір тұтынатын мекемелер мен зауыттар түрлі заманауи технология мен сүзгілерді қолданғанымен оның да шегі бар. Мәселен, кейбір меке­мелер қондыр­ғыны биыл орнатса, келесі жылы бұл процеске қатыса алмай­ты­нын айтады.

– Еліміздегі зиянды өндірістер орналасқан ірі қалалар Ақсу, Павлодар, Екібастұз, Атырау, Ақтау, Шымкент, Қызылорда және Түркістанда жасыл белдеу жоқ. Осы қалаларға жасыл белдеу құруды ұсынып отырмыз. Бұған кететін қаражатты табиғатты пайдаланатын өндірістерден алуға болады. Негізі әлем елдері осылай жұмыс істейді. Мысалы, егер мен мұнаймен, газбен айналысатын болсам, ауаға бөлетін зиянды заттың мөлшеріне қарай, есесін өтеуім керек.

Мысалы, Атыраудың төңірегінде 6 600 гектар жерге орман өсіру жоспарда бар екен. Соның шығынын өндіріс орындарына бөліп беруге болады. Орман шаруашылығы мекемелерінің қаражаты орманға қарап, ары қарай күтім жасауға жұмсалады. Аты­рауда шырақтар жанып тұр, солардан қаншама зиянды заттар бөлініп жатыр. Же­кеменшік орман плантацияларын же­тілдіруге субсидия бөлінеді. Нормасы бар, бірақ сол норма жұмыс істемей жатыр, – дейді Талғат Кертешев.

Маманның айтуынша, қазір есепке алынбаған 700 мың гектар орман алқаптары Париж келісіміне сәйкес, Қазақстан алған міндеттемелердің біраз бөлігін толық­тырады. Ол үшін, осы орман алқаптарына таксация­лық есептеу жұмыстарын жүргізіп, оларды мемлекеттік орман қорына, немесе жеке­мен­шік орман қорына кіргізіп, келесі этапта көмірқышқыл газы нарығына енгізу қажет.

Еуропада 1 тонна көмірсу бірлігі 30 евро тұрады. Қытайда – 8 доллар. Ал Қазақстанда ормандардың көмірқышқыл газы нарығына кірмеу себебі – біз оның нарықтық құнын білмейміз.

– Біз сол нарыққа шыға алсақ, маман­дарды кіргізсек, қосымша қаржыландыру арқылы осы жұмысты жүргізе аламыз. Бәрін тұрақты басқару санатына ауыстыр­сақ, ормандар жылына шамамен 2,5-3 млн тоннаға дейін зиянды заттарды сіңіреді, – дейді Талғат Кертешев.

 

Орманшы – әлеуметтік жағынан 
қорғалмаған мамандық

Елімізде орманшы мамандар даяр­лай­тын 8 жоғары оқу орны бар. Жалпы, жастардың бұл мамандыққа қызығушылығы зор. Мәселен, биыл С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне аталған мамандық бойынша 65 түлек грантқа түскен.

– Оқуды бітіргесін түлектердің 80-90 пайызы жұмысқа орналасады. Халықа­ралық қатынас жақсы дамыған. Шетелдерге барып, оқып, тәжірибе алмасып келеді. Былтыр студенттеріміз Испания, Германия, Түркия елдерінде болды. Студенттердің басым бөлігі ландшафттық дизайн бағытын таңдап, көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Жеке кәсіпорындарда жұмыс істейді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл салада ары кетсе 5 жыл жұмыс істеп, басқа салаға ауысып кетеді. Өйткені еңбекақы аз. Ор­ман­­­дардың көбі ауылдық жерлерде. 5 жыл­дан кейін олар отбасын құрып, балалы бола­ды. Үкімет осы салаға көбірек көңіл бөлсе. Мұға­лім­дерге де ешқандай әлеу­мет­тік кө­мек, қолдау жоқ. Еңбекақыны был­тыр 20-25 пайызға көбейткен. Оның өзі аз, – дейді профессор Дани Нұр­ғи­са­қызы.

Табиғат байлығын сақтау үшін жас ұрпақты қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға баулыған абзал. БҰҰ Даму бағдар­ламасы шеңберінде 6-8 сынып оқу­шыларына экологиялық жеке бағдарлама жасалған. Мысалы, Қызылорда облысы Арал ауданында Барсакелмес қорығы бар. Өңірдегі 6-8 сынып оқушылары тек Барсакелместің өсімдіктері мен жануар­ларын оқиды. Алматы облысының Кербұ­лақ ауданы Алтынемелдегі оқушылар Алтынемел ұлттық паркінің табиғатын оқиды. Оқушыларға арналған арнайы кітапшалар бар. Қорықтың ғылыми қызметкерлері оқушыларға практикалық сабақ өткізіп тұрады. Енді бұл жұмысты Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында жалғастыру жоспарланып отыр. Осылайша оқушылар табиғат туралы білімін жетіл­ді­ріп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады.

– Ата-аналарға балалары арқылы әсер етеміз. Ата-анасы құс атып алып келсе, балалары мұның дұрыс емес екенін айтады. Бала сөзі ата-анаға әсер етеді, ата-ана ойланады, – дейді Талғат Кертешев.

 

Сексеуілді сақтайық!

Елімізде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген сексеуілді заңсыз отайтындар азаймай тұр. Өткен жылы сексеуілді заңсыз кесуге байланысты 49 дерек тіркелген. Мамандар біздің мекемелер әкімшілік шара қолдануға әуес екенін айтады. Әрине, заңды сақтау, қадағалау бір жағынан дұрыс. Алайда, ол мәселені толық шешпейді екен.

– Бұл бағытта БҰҰ Даму бағдарламасы негізінде негізінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бірлесіп, Эко-даму шағын кредиттік бағдарламасы әзірленген.   Соның аясында 5 жыл ішінде 285 млн теңгеге 89 жоба басталып, 209 жұмыс орны ашылды. Адамдар несиені 4 пайызбен 5 жылға алады. Несие ең алдымен омарта шаруашылығына беріледі. Өйткені нарықта балға қашанда сұраныс бар. Осы арқылы халыққа балама қызмет түрі ұсы­ны­лып отыр. Біз табиғатқа зияны кел­мей­тін шараларды қолдаймыз. Мысалы, жұ­мыс­­сыз отырған үй иесі осы уақытқа дейін сексеуіл сатып, аң атып, отбасын асы­рап отыруы мүмкін. Оны да түсінуге болады. Енді ол бал арасын өсірумен айна­лы­са бастайды, – дейді Талғат Кертешев.

20 наурыз – халықаралық Орманды қорғау күні. Жыл сайын осы уақытта елімізде сексеуілді сақтау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Биыл бұл дәстүр Алматыда жалғасын таппақ. 6 қыркүйекте арнайы акция барысында сексеуілмен кәуап пісірмейтін мейрамханаларға сертификаттар табыста­ла­тын болады.   Сонымен қатар мектеп оқушылары арасында конкурс өтеді.

Сонымен бірге, қараша айында Алматыда бірінше рет халықаралық өңірлік конференция өткізіледі. Осыған орай Өзбекстан мен Тәжікстаннан орман шаруашылығы мамандарын Алматыға шақы­рып, Орта Азиядағы сексеуілді қорғауға қатысты меморандум жасау жоспарланып отыр.


Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ