«Еңбек» бар – күрек жоқ
«Еңбек» бар – күрек жоқ
172
оқылды

Қазір бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, жұмыссыздықты жою, яғни тұрғындарға жұмыс тауып беру, кәсіпкерлікке тарту үшін түрлі бағдарламалар қолға алынған. Әрине, жақсы іс! Бірақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары арқылы бөлінген қаржыға арнайы курстарда оқығандардың көбісі әлі күнге екі қолға бір күрек таба алмай жүр.

Дегенмен бір нәрсе анық емес, бүгінгі бөлінген ақша ертең нәтиже беріп, қазынаға қайта орала ма? Ауаға ұша ма? Берілген шәкіртақы мен оқуға бөлінген қаржының орны тола ма? Әлде тағы да сол қаржы құмға сің­ген­дей жоқ бола ма? Бұлай деп ай­туымыздың себебі бар. Шілде айында республикалық бюд­жет­тік комиссия 54 мың қазақ­стан­дықтың қысқамерзімді оқуына 7,9 млрд теңге және стипендия үшін 5,7 млрд теңге көлемінде қо­сымша шығындарға қаржы бөлген болатын. Ал бұрын осы бағдарламамен оқығандардың көбі жұмыссыз жүр, кейбір өңір­лерде керек емес кәсіппен оқы­ғандар да бар. Қолға қармақ ұс­тау­ды үйреткендер, шәкірт­те­рі­нің көлде емес, шөлде тұраты­нын ескермей ме әлде? Олай бол­­-са неге басқа әдісін таппайды?!

Тек қана Павлодар облысын­да жұмыссызды оқытуға 549,8 мил­лион теңге және стипендияға 150,3 миллион теңге қаралған. Өйткені 1 қыркүйектен бастап бір мыңнан астам павлодарлық «Еңбек» бағдарламасы бойын­ша колледждерде оқи бастайды екен. Қысқамерзімді курстарда оқуға – 549,8 млн теңге, сти­пендияға тағы 150,3 млн теңге бөлінген.

Ал бұның алдында ғана 680 адам оқуын аяқтаса, оның 122-сі ғана жұмысқа орналасқан. Яғни, 17,9 пайызды ғана құрайды.

Ақтөбеде «Жұмыспен қам­тудың жол картасы – 2020», «Нә­­тижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті да­мыту» бағдарламасымен қысқа­мерзімді курстарда оқыған жұ­мыссыз­дар­дың тең жартысы ең­бекке ара­ласпаған. Шыжығы да шығып жатыр. Облыстық прокуратура жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы мен өңірдегі жұ­мыс­пен қамту орта­лықтарын тек­серген. Нәти­же­сін­де, 4,5 мил­лион теңгенің мақ­сатсыз жұм­сал­ғанын анық­таған.

Айта кету керек, 2016-2018 жылдары Ақтөбеде 4 900 адам қысқамерзімді оқуға жіберілсе, оның тек 2873-і жұмысқа ор­наласқан болып шықты. Яғни, 58,6 пайызы ғана.

Мәліметтерге сәйкес, Алға аудандық жұмыспен қамту орта­лығы оператор мамандығы бо­йынша – 25, электрик – 25, шаш­тараз – 43, кондитерлікке 22 адамды оқытқан, бүгінгі таңда бұлардың бәрі жұмыссыз босып жүр.

Міне қызық, ауылдық жер­лерге дәл қазір қандай жұмыс орны керек екенін оқуды ұйым­дастырушылар білмей ме? Әлде жұмыс іздеуші тегін оқу ғой, жолдамамен барып келсем бол­ды деген оймен барып оқыды ма? Әйтеуір мемлекет ақшасы­мен оқыды, бірақ жұмысқа тұр­мады. Бұл жерде аудан әкімдігін де, оқуға барып жұмыс таба ал­мағанды да кінәлау қиын. Өйт­кені олар облыстан келген жос­парды орындаушылар ғана. Не­гізінде, Алға ауданына трак­тор­шы, дәнекерлеуші керек екен. «Қобда ауданының тұрғы­ны Нұрғалиев көпсалалы кол­леджде тас қалаушы мамандығын алды, жұмысқа орналаспады. Ал оған бюджеттің 232 мың теңгеден астам қаржысы жұмсалды. Мұн­дай дерек Ақтөбе облысының барлық ауданында бар», – дейді тексерушілер.

2018 жылы Жамбыл облы­сында бюджеттен бөлінген қар­жыға «қысқамерзімді кәсіптік оқыту» бойынша білім алған 6 мыңдай адамның тек 28 пайы­зы ғана жұмысқа орналасыпты. Қостанайда «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту» бағдарламасы аясында жергілікті бюджеттен 70 миллион теңге бөлініп, 543 адам толық оқу-курсын тамамдаған. Солардың 76 пайызы ғана тұрақ­ты жұмысқа орналасқан көрі­не­ді. Жамбыл облысында былтыр 6429 адам қысқамерзімді курс­тар­ға жолданған. Оның 6 226-сы бітіріп, біраз азамат оқуды аяқ­тамай тастап кеткен. Оның 1788-і, яғни 28 пайызы ғана еңбекке араласқан.2019 жылы Шығыс Қазақ­станда «Еңбек» нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын несиелеуді кеңейтуге 4,5 млрд теңге бөлінген. Ауылдық елді­мекендер мен шағын қалаларда несие беруге 3,5 млрд теңге ба­ғыт­талады.

Шағын несиелеумен 895 адам­ды қамту жоспарлануда. Бағ­дар­ламаның әкімшісі – облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы. 1,9 млрд теңгеге 640 жобаны «Ауыл шаруашылығын қар­жы­лай қолдау қоры» АҚ Шығыс Қазақстан филиалы, 1,3 млрд тең­геге 255 жобаны «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ШҚФ қаржыландырады.

Қазіргі таңда жалпы сомасы 560,6 млн теңгеге 149 өтінім қа­былданса, оның ішінде 317,3 млн теңгеге 79 өтінім қарастырылуда екен. Сомасы 243,3 млн теңгеге 70 өтінім мақұлданған. Қалалар мен моноқалаларда шағын не­сиелеу мен кепілдендіру үшін 2019 жылы 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бағдар­ла­ма­ның әкімшісі – облыстық кә­сіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы. Несие қаражаты «Даму» кәсіп­керлікті дамыту қоры» акцио­нер­лік қоғамы, екінші деңгейлі банктер арқылы берілетін бо­лады. 2019 жылдың төрт айында банктерге қарауға 1,5 млрд тең­геге дерлік 128 өтінім жіберілсе, банктер 495,1 млн теңгеге 42 жо­баны қаржыландыруды мақұл­даған, оның ішінде 402,7 млн теңгеге 35 жоба несиелендірілген.

Көріп отырсыз, мемлекет миллиардтар бөліп жатыр. Бірақ бұл істің де ертеңгі күні нәти­жесін береріне күмән бар. Біз, алдымен, кесіп тастап, артынан «пішуім керек еді ғой» деп оты­ратын олақ тігінші секілдіміз. Еліміздегі барлық өңірде «жұ­мыс­сыздықты жоямыз» деп ұйқысын төрт бөліп жүргендер бағдар­ламаларды орындауға білек сыбанып кірісіп кеткендей. Оларға өткен жылдардағы «Нә­тижелі...» бағдарламаның нә­тиже бермей жатқаны емес, тек бөлін­ген ақшаны жұмсап қалу керек. Өйткені жыл аяғында бөлінген қаржыны уақытылы игермей қалса, таяқ жейтіндерін біледі.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ