Аңшылықтан мән, балық аулаудан сән кетті
Аңшылықтан мән, балық аулаудан сән кетті
209
оқылды

Қазір бұрынғыдай аң аулау мәдениеті жоқ. Браконьерге бәрібір. Оңды-солды қыра береді. Аш қасқырдай алдына келгенін жаппай жайратады. Және де оны мұқтажына жаратса жақсы ғой, киіктің мүйізін шауып алып, өлексесін далаға тастап кетеді, ол ертең іріп-шіріп қоршаған ортаға залалын тигізетін ауру таратады. Ал балық аулаудан сән кетті. Браконьерлер суға ау салып, балықтарды қыру үстінде. Қармақпен аулаушылар азайып барады.

Ардагер фотограф Совет­бек Мағзұмов ағамыз кейінгі кезде жиілеп кеткен қайғылы оқи­ғаларға байланысты өзінің ішкі қыжылын айтқан еді: «Біз бала кезімізде, әке-ағалары­мыз­дың аң аулағанына, оның ішінде түз тағысы киікке тұзақ құрғанына талай куә болдық. Ол кісілерде аяушылық, та­биғатқа деген қамқорлық, аңшылық этика деген болатын. Мысалы, мен талай көрдім. Киік суға құлайтын жерлерге кеш бата қақпан құрылатын. Шаппасына тілерсекті шауып кетпесін деп шүберек байлап қоятын. Бірінші күні келгенде лағы түсіп қалатын. Оны боса­тып қоя береді. Келесі күні ұр­ғашысы түссе оны да бостан­дыққа жібереді. Тек текесі қақ­панға ілінгенде ғана пышаққа іліндіретін. Оның өзінде қоңды болса. Міне, ол кісілердің адал­­дығы. Қазір қару асын­ғанд­ар аңға ғана емес, адамға да оқ атады.

Иә, ағамыздың айтатын жөні бар. Қазіргі таңда табиғат ананы қорғау үшін жүрген қорықшылар браконьерден қорқатын заманға жетті. Керісінше, болу керек еді ғой? Жүйткіген жол таңдамайтын көлік мінгендерге жету қайда? Артынан қуған қорықшылар шаң қауып жатады. Жеткен күннің өзінде қорықшыға қарсы қару қолдану қайта­ла­нып ке­леді. Сөзге айғақ болар бір жыл­дағы екі бірдей қорық­шының қазасы кімге болса да ауыр тисе керек. Неге бұлай? Заң жоқ па? Әлде заңға пыс­қырып та қара­май­тындар көбейіп кетті ме?

Еліміз бойынша 250 мың бас киік бар екен. Маусым айында киік санағы жүргізіліп, сақтық шаралары күшейтілді. Жалпы, инспекторлар шама­мен 123 миллион гектар ал­қапты ба­қылайды. Әрбіріне100 гек­тардан келеді. Бірақ бас­тан-аяқ жарақтанған аңшы­ларға қарсы тұру оңай емес. Осы жылдың наурыз айында Ақтөбе және Ақмола облыста­рын­да жануар­ларды атқан бра­коньер­лер қолға түскен бола­тын. Келтірілген шығын 1 мил­­лиард теңгеден асып кет­кен. Осы заң­сыз аң­шыларға тұсау салынар алдын­да, қаңтар айында Қара­ғанды облысының қорықшысы 53 жас­тағы Ерлан Нұрғалиев браконьерлердің оғынан қаза тапқан болатын. Сонда да браконьерлер ығар емес. Енді келіп, жақында адам өліміне әкелген қорықшылар үшін та­ғы да бір қаралы күн тіркелді. Жезқазғандықтар Ақмола облысы аумағында қандықол қарақшылардың оғынан дүние салған «Охотзоопром» РМҚК Орталық аймақтық филиа­лының инспекторы Қаныш Нұртазинды ақтық сапарға шығарып салды. Қаныш Нұртазинның отбасы мемлекет қамқорлығында болады. Ұлытау ауданының орталығындағы көшелердің бірі Қаныш Нұртазин есімімен аталмақ. Алайда бақиға ат­танған адам қайтып келмейді.

Солтүстік Қазақстан облы­сында наурыз айында елік атқан 5 браконьер ұсталған болатын. Оларды полицейлер мен қорық қызметкерлері бірлесіп қолға түсірген. Тінту кезінде көліктен 9 еліктің еті табылды. Күдіктілер ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бо­сатылған. Егер кінәлері дә­лелденсе, 12 млн теңге айыппұл төлейді немесе әрқайсысы 5 жылға сотталуы мүмкін. Оқиға орнынан 5 жұп аңшы шаңғысы мен 2 бірлік аңшы мылтығы тәркіленген. Бізде осылай ұсталу туралы төрт ай бұрын айтылса да, оларға қан­дай жаза қолданылғаны туралы ләм-мим сөз жоқ.

Браконьерлердің басынуы далада ғана емес өзен-көл­дерде де орын алып жүр. Биыл 23 сә­уі­рде Көкпекті орман ша­руашылығы және жануар­лар дүниесі бөлімінің мемлекеттік инспекторлары балықтардың уылдырық шашу кезінде Шығыс Қазақстан облысы Зайсан көлінің Базарка аума­ғында рейд жүргізген. Рейд барысында бөлімнің екі инс­пекторына Тассай ауылының тұрғындары шабуыл жасады. Онда бес қайықтағы 10 адам инспекторларға күш көрсетіп, балағаттап, ескек­термен қа­йық­ты ұрып-соғып, аударып жібермек болған.

Айтылған оқиғалар сайын даламыздағы қорықшыларға қарсы жасалған қылмыстың оннан бірі ғана. Жасырылып қалғаны қанша? Түйсігіңіз білсін.

«Қылмыскерлер ұсталды, оларға қандай жаза қолданы­лады?» деген сұрақ ел кө­кейінде. Ал енді айдың-күннің аманында қорықшы оққа ұшпау үшін не істеу керек? Заң күшейтілсе де, браконьерлер біршама уақыт өтсе тағы да қорықшыға қарсы қару көтер­мейтініне кім кепіл?

Заңды күшейтіп қана қой­май, орындалуын да халыққа ашық түрде жариялап отыру керек. Әйтпесе, ұстала қалса, айыппұл төлеп құтыла салатын браконьерлер басынып барады.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ