Ерсін Ерғазыұлы: Ветеринария қызметін қайта ұйымдастыру керек
Ерсін Ерғазыұлы: Ветеринария қызметін қайта ұйымдастыру керек
258
оқылды

Елімізде жыл сайын тіркелетін қауіпті індеттің бірі – топалаң. Топалаң қоздырушысы топырақта жүз жылдан астам уақыт сақталады. Қазақстанның барлық аймағында осы індеттің эндемия ошағы бар.Топалаңға тосқауыл бар ма, маманнан сұрадық. С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті Ветеринариялық медицина кафедрасының қауымдастырылған профессоры Ерсін Ерғазыұлымен сұхбаттастық.

– Төрт түлікке қырғидай тиетін ауру түрі аз емес. Осыдан бірер жыл бұрын топалаңнан талай мал қы­рылды, малдан жұқтыру арқылы күйдіргіден көз жұмғандар да болды. Содан кейін мал ауруына қарсы іс-шаралар мықтап қолға алынды. Ал бүгінгі таңда мал ауруының қай түрі­нен қауіп бар, одан қалай сақтанамыз?

– Елімізде жыл сайын тіркелетін қауіпті індеттің бірі – топалаң. Топалаң қоздырушысы топырақта жүз жылдан астам уақыт сақталады. Қазақстанның барлық аймағында осы індеттің эндемия ошағы бар. Бұл аурудың республикамызда соң­­ғы 85 жылдан бері ресми тір­кел­ген 2 664 індет ошағы бар. Міне, осы індет ошақтары мал адам арасында індеттің тұтану қаупін тудырады. Мал арасында топалаңнан басқа да аурулар бар. Олардың ішінде біз үшін өзектісі – бруцеллез, туберкулез, пас­тереллез, құтырық, лептоспироз, листериоз. Қа­зақстанда жиі тір­келетіні – бруцеллез. Былтыр бруцеллездің 180 ошағы тіркелді. Жыл сайын елімізде осы ауруға 60 мыңға жуық ірі және ұсақ қара мал шалдығады. 1 000-1 500 адам бру­целлез қоз­дырғышын жұқтырады. Сонымен қатар шетелден әкелін­ген асыл­тұқымды жануарлардан біздің елде бұрын-соңды тіркелме­ген немесе өте сирек байқалатын экзотикалық аурулар анықталып жатыр. Өңір­лерде шмалленберг ауруы, нодулярлық дерматит, инфек­циялық керато­конъюнк­тивит, жылқылардың инфекция­лық эпидидимиті, індет лимфан­гиті сияқты аурулардың тіркелгені туралы ресми дерек бар.

– Қауіпті аурулармен қалай күресіп жатырмыз?

– Ауыл шаруашылығы министр­лігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті бұл бағытта айтарлықтай жұмыс жүр­гізіп жатыр. Мысалы, былтыр Қазақстанда мемлекет тарапынан жануарлар мен құстардың 28 жұқпалы ауру түрі бойынша 74 млн-ға жуық диагностикалық зерттеу және 142,4 млн екпе жүр­гізілді. Соның ішінде Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыс­тарында малдарды бруцеллез, топалаң, аусылға қарсы егу жұ­мыстары толық жүргізілді.

Аусыл – отандық ветеринария саласында өзекті мәселе саналатын ауру түрі. Ол тез тарайтындықтан, трансшекаралық ауруларға жа­тады. Бұл індет тіркелсе, халықара­лық ұйымдар мемлекетке қатаң шектеу қояды. Салдарынан елдің экспорттық әлеуеті төмендеп, экономикалық шығын келеді. Соңғы жылдары жүйелі жұмыстар нәтижесінде, еліміздің барлық аймағы аусылдан және шошқаның африкалық обасынан таза деп танылды. Мұның дәлелі – 2019 жылдың 26-31 мамырында өткен Халықаралық індет бюро­сының 87-ші Бас ассамблеясында Қа­зақстан өкілдігіне тиісті серти­фикаттар табысталды. Бұл – Қазақстандағы ветеринария сала­сының дамып жатқанын білдіреді. Десе де, бұл салада әлі де шешіл­меген мәселелер бар.

– Жалпы, ауруды дер кезінде анықтау үшін қандай шараларды қолға алған дұрыс?

– Ауруды дер кезінде анықтау үшін малды уақытында зерттеу маңызды. Бүгінгі таңда барлық облыс, аудан мен республикалық маңызы бар қалаларда 200-ге жуық ветеринарлық зертхана бар. Олар уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар бекіткен тізімдерге ен­гізілген жұқпалы ауруларды зерт­теп, ветеринарлық-санитарлық сараптама жүргізеді. Бір өкініштісі, аудандық, аймақтық зертханалар бірен-саран аурулар бойынша мемлекеттік тапсырысты орындау­мен ғана шектеледі. Басқа зерттеу­лерді жүргізуге техникалық мүм­кіндігі жоқ, маман да жоқ. Тіпті облыстық зертханалардың өзінде ауруды жедел анықтауда қиындық туындап жатады.

Жануарлардың ауруын дер кезінде анықтау үшін барлық деңгейдегі зертханада, әсіресе, аудандық зертханаларда кадр мәселесін шешу, жас мамандарға қызмет етуге жағдай жасау, зерт­хана қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қадағалау, зертхананы қажетті қондырғылармен жабдық­тап, зерттеу аумағын арттыру, Үкімет пен жеке кәсіпкерлер ай­мақтарда жеке ветеринарлық зертханалар ұйымдастыруды қолдап, жағдай жасауы қажет. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан, халық арасында адам мен жануарға ортақ аса қауіпті аурулар туралы ақпарат таратып, үгіт-насихатты қолға алса дейміз.

– Мал ауруының таралуына малға сырға салу, екпе егу сияқты жұмыстарға салғырт қарау да себеп болады деген пікір бар, келісесіз бе?

– Сырға салынбай қалғаннан немесе малға екпе егілмегеннен ауру ушығып кетті деуге бол­майды. Әрине, бұл шара­лардың дұрыс және сапалы атқарылуы біраз аурудың тарауына тос­қауыл болады. Малды инфек­циялық ауруларға қарсы егу шарасы – аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі. Бірақ өндірісте барлық ауруға қарсы малды түгелдей еге бермейміз. Кейбір ауруларға қарсы вакцина мүлдем жоқ, кейбір аурулардың Қазақстанда сирек тіркелуіне байланысты, оларға қарсы екпе жасау тиімсіз.

Қазақстанда, жалпы жануарлар мен құстардың 60-қа жуық ауру түрі кездеседі. Былтыр мемлекет өз тарапынан 18 инфекциялық ауруға қарсы екпе жұмысын іске асырып, 142,4 млн екпе манипуля­циясын жүргізуді жоспарлаған. Осы шараның толық әрі сапалы орындалуы өте маңызды. Егер белгілі бір аймақта осы шараның бірі дұрыс атқарылмаса немесе талапқа сай болмаса, онда сол жерде індеттің пайда болу қаупі артады. Жұқпалы аурулардың алдын алуда малды тіркеудің де (сырға салу) маңызы зор. Тір­келмеген мал, ветеринар-маман­дардың есебінде болмағандықтан, оған диагностикалық зерттеу мен екпе жүргізілмейді. Салдарынан ондай жануарлар өздері ауырып қоймай, табындағы малға да, мал иесіне де ауру жұқтырады. Есте сақтайтын жай, егер бір аса қауіпті ауру туындап, ауру (күдікті) мал жойылса, мал иесіне мемлекеттен үстемақы төленеді, ал тіркелмеген малға үстемақы төленбейді.

– Ветеринария саласындағы ең өзекті мәселе не деп ойлайсыз?

– Өкінішке қарай, өзекті мәселе өте көп. Ветеринария қызметінің құрылымын қайта ұйымдастыру керек. Бүгіндері мемлекеттік ветеринария қызметі бір-бірін толықтыратын екі құрылымнан тұрады. Біріншісі – республикалық деңгейдегі ветеринария қызметі. Мұнда басқарушы орган – Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті. Екіншісі – жергілікті деңгейдегі ветеринария қызметі. Ветеринария қызметінің бұлай екіге бөлінуі тиімді басқа­рылуына кедергі болып отыр. Қол­даныстағы жүйе ветеринария қызметінің бақылауындағы өнім­дердің (тірі жануарлар, тұқым, мал өнімдері, дәрілік заттар және т.б.) қадағалануына жеткілікті бақылау жасауды қамтамасыз етпейді. Мемлекеттік қызметтегі ветеринар мамандар жалақысының төмендігі мен әлеуметтік қолдаудың жеткі­лік­сіздігі, жалпы ветеринария саласының кадрмен нашар қам­тамасыз етіліп, мамандар білік­тілігінің төмен болуына әкеліп отыр. Өңірлерде өнімді ауылшаруа­шылық жануарлары арасында ин­вазиялық аурулардың алдын алу және олармен күресу шаралары өте төмен деңгейде. Салдарынан адамдар эхинококкозбен, опис­торхозбен, басқа да инвазиялармен ауырып жатыр.

Мал шаруашылығы саласында антибиотиктерді қолдануды ба­қылау жүйесі жоқ. Бұл да осы саланың өзекті проблемасы. Сүт өңдіру кәсіпорындарындағы антибиотиктерді бақылау ағзаға түсіп отырған антибиотиктердің барлық спектрін анықтауға мүм­кіндік бермейді. Антибиотиктерді қолдануды бақылау жануар туғаннан бастап оны сойғанға дейін жүргізілуі қажет.

Шетелден әкелінетін жануарлар ұрығы, эмбриондар мен биология­лық материалдардың импортын іштей бақылау мәселесі де өзекті. Себебі, әлемдік ірі компаниялар мен дистрибьютерлік орталықтар елімізге тек импорттаушы елдің ветеринариялық сертификаты негізінде сол жануарлардың ұры­ғын, эмбриондары мен биология­лық материалдарын жаппай импорттап жатыр. Ал біздің елде ол материалдарды бақылау, есепке алу механизмі және арнайы зерт­ханалар жоқ. Салдарынан шаруа­шылықтарда генетикалық ақауы бар, іштен жұқпалы ауруға шал­дыққан, әлсіз, өнімділігі төмен төлдер көбейіп жатыр.

– Саладағы кадр тапшылығы туралы айтып қалдыңыз. Ветеринар болғысы келетін жастар көп пе?

– Ресми дерек бойынша, елімізде 7 000-ға жуық ветеринар жетіспейді. Әсіресе, ауылдық жер­де және аудандық ветеринарлық зертханаларда маман тапшы. Себебі – еңбекақы төмен. Ауыл­дарда ветеринар маман­дардың 70 пайыздан астамы – зейнет жасын­да. Ветеринария бағы­тында маман даярлайтын 6 негізгі жоғары оқу орны жыл сайын, шамамен 600-700 маман даярлай­ды. Бірақ оқу бітірген түлектердің барлығы бірдей ауылға барып жұмыс істемейді. Бұл кадр тапшы­лығын туындатып отыр. Бұл мә­селені шешудің жолы – білікті, жас кадрларды даярлап, өндіріске бағыттау. Дипломы бар ветеринар маман мемлекеттік ветеринарлық қызметте, жеке ветеринарлық қыз­метте, ветеринарлық зертханалар мен ветеринарлық-санитарлық сараптау зертханаларында, ше­карадағы ветеринарлық-санитар­лық бақылау қызметінде жұмыс істей алады.

Әрине, ауыл-аймақтарға қыз­метке барып жатқан мамандарды қолдауға бағытталған «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бар. Соңғы жылдары ЖОО-лар «ауылдық квота» бойынша оқуға түсіп, диплом алған жас маманға, мамандығы бойынша, кем дегенде, 3 жыл ауылда қызмет етуді талап етіп жатыр. Десе де, кадр мәселесін түпкілікті шешу үшін Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктері, жергілікті атқару­шы органдар мен бизнес тарапы­нан тиісті қадам керек. Ветери­нария саласына бөлінетін мем­лекеттік грант санын көбейту қажет. Бұл мәселе 2018 жылдан бері жылдан бері Парламент пен Сенатта қарастырылып келеді, бірақ әлі шешімін тапқан жоқ.

Өткен жылдың көктемінде, Елбасы Н.Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасында тех­никалық және ауылшаруашылық мамандықтарындағы гранттардың құнын ұлттық университеттердегі гранттардың құнына, яғни 635 800 теңгеге дейін жеткізуге тапсырма беріліп, орындалған. Бірақ Білім және ғылым министрлігі бекіткен мамандықтар классификаторына сәйкес, ветеринария мамандығы ауылшаруашылық мамандықтар қатарына енгізілмей, жеке сала ретінде тіркелді. Сол себептен, бү­­гін­гі күні техникалық және ауыл­шаруашылық мамандық­тарын­дағы гранттың құны
635 800 теңге болса, ветеринария саласын­дағы бір маманды даяр­лауға шамамен 443 000 теңге бө­лініп отыр. Ал білікті ветеринар маман даярлау тиісті заманауи құрал-жабдық­тарды, күрделі емдеу қондыр­ғыларын, оқу материалдарын, түрлі оқу және ғылыми-өндірістік зертханаларды, ауылшаруашылық жануарларды, машықтану шаруа­шылықтарын және т.б. қамтамасыз етуді талап етеді. Салыстырмалы түрде қарасақ, Батыс елдерінің жо­ғары оқу орындарында ветери­нариялық білім алудың жылдық құны 5 000-нан 20 000 евроға дейін екен.

Кез келген ірі, орта немесе кіші мал шаруашылығы кәсіпорны, ауылшаруашылық жануарларын олардан өнім алу үшін ұстайды. Ал олардың алып отырған өнім көлемі, тікелей сол шаруашылық­тағы мамандар біліктілігіне, дұрыс менеджментке байланысты. Кейбіреулер шетелден әр мал ба­сына жүздеген мың теңге қаражат төлеп, асылтұқымды мал әкеліп, оларды талапқа сай жабдықтал­маған қораға қамап, құнарлы азықпен қамтамасыз ете алмай жатыр. Мұндайда пайда таппақ түгілі, шығынға белшеден ба­тасыз.

Ветеринар-мамандардың бол­мауынан, бар маманның білік­тілігінің жетіспеуінен малдың ауруға шалдығуы жиілеп, уақы­тында дауалау шараларын жүр­гізбеу, ауру малды дер кезінде оқ­шауламау, ветеринариялық ша­раларды дұрыс атқармау сал­дарынан шаруашылық шығынға ұшырайды. Осындай мәселе басқа мамандарға да қатысты. Мысалы, мал шаруашылығы технологтары, малдың бағып-күтілуін, азық рационын, өнімділігін қадағалауы тиіс. Агрономдар азық дайындауға жауапты болғаны жөн.

Көп кәсіпкер мемлекет тара­пынан ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан ауқымды қара­жатты, іске асырылып жатқан түрлі бағдарламаларды көре тұра, ешқандай дайындықсыз, білімсіз, білікті мамандарсыз, мал шаруа­шылығына бет бұрып жатыр. Салдарынан Үкіметтен алынған қомақты қаражатқа шетелден мал сатып әкеліп, оларды бағып-күте алмай, түрлі дертке шалдықтырып, үлкен экономикалық шығынға ұшырауда. Шаруашылықты құнды азық қорымен қамтамсыз ету – маңызды дүние. Елімізде ірі мал шаруашылығы кәсіпорындарынан басқалары көптеген факторға (техниканың жетіспеушілігі, мамандар тапшылығы, қажетті жер алқабының болмауы және т.б.) байланысты малды құнарлы азық­пен қаматамасыз ете алмайды. Салдарынан тиісті өнімге жете алмай отыр. Егер олар шаруашы­лығына білікті мал дәрігерін алса, ісі ілгері басар еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ