Кәсібін тапқан киімнен
Кәсібін тапқан  киімнен
279
оқылды

Сән индустриясы үнемі түрленіп тұрады. Трендке ілесемін деп кәсіпкерлер де бизнесінің бағытын басқа арнаға бұруға даяр. Соңғы кездері мұсылмандарға арналған киімдер, аксессуарларға сұраныс жоғары. Бір қызығы, жабық әрі ұзын көйлек киюге діні бөлек болса да, біраз сәнқой қыздар құмар. Әйелге тән нәзіктік сыйлайды деседі. Мұсылмандарға арналған киімдерді заманауи үлгіде ұсынуды бастаған жас кәсіпкер Исмаил Құланның бұл жобаны қолға алғанына көп бола қоймады. Әзірге сатылымда футболка, эко-сөмке, баскиімдер бар.

«Харамнан аулақ қыл, халалды бізге жеткілікті ет. Әрі өз кеңші­лігің­мен өзіңнен басқа өзгеге мұқ­таж ете көрме!». Бұл – Исмаилдың күн­делікті қайталап айтатын дұ­ғасы. Жаңа күнін осылай бастайтын кә­сіпкер Өзбекстан Республикасы Таш­кент облысында дүниеге кел­ген. Он жасында отбасымен Түркі­стан­ға қоныс аударады. Жасы – 24-те. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің механика-ма­тематика факультетін ақпарат­тық технологиялар мамандығы бойын­ша тәмамдаған.

«Негізі бұл – кәсіпкерлік сала­да­ғы алғашқы тәжірибем емес. Осы­ған дейін бірнеше жобаны жү­зеге асырғанбыз. Мамандығым бойын­ша, яғни IT саласында еңбек етуден бастадым. Бастапқыда ком­паниялардың сайттарын жасау, оларға техникалық қолдау көрсету, да­мыту жұмыстарымен айналыс­тық. Кейіннен киім шығаруды қол­ға алдық. Байқасаңыз, бизнес­мен­дердің көпшілігі сүйікті ісіңмен айналысуға кеңес береді. Осы нәр­се үнемі ойымда жүретін. Мы­са­лы, қанша түрлі кәсіптің басын шал­ған­мен, жүрекке жақын емес еді. Әри­не, пайда әкеледі, табысқа ке­­­нелтеді. Бірақ әлгінде айтқандай, ма­хаббат жоқ. Яғни ақша табумен ға­на шектелетінбіз. Сөйтіп, ойлана ке­ле, бағытты өзгерту керегін тү­сін­дім. Материалды табыс қана емес, рухани пайдалы дүниемен ай­на­лыссам деген мақсат қойдым. Ис­лами құндылықтарды наси­хат­тай­тын кәсіпті қолға алуымның бас­ты себебі – осы. Қарап тұрсақ, қа­зіргі таңда мағынасы жаман сөз­дері бар киімдер нарықты жау­лап жатыр. Соған қарсы бағытталған, жақсылыққа дәріптейтін дү­ние­лер­ді неге жарыққа шығармасқа? Осы­ны ел арасында трендке айнал­дырсақ қандай жақсы?!», – дейді кәсіпкер.

Исмаилдың сөзінің жаны бар. Сау­да орталықтарында немесе ба­зар­да түрлі тілде жазылған жазуы бар киімдерден көз сүрінеді. Бір қы­зығы сол, көпшілік сатып аларда жазу­дың мәні мен мағынасынан гөрі матасы мен бағасына көбірек көңіл бөледі. Соның салдарынан, екі ортада мазаққа қалып жатады. I `am stupid деген жазуы бар футбол­каларды киіп жүрген таныстарыңыз бар болар. Бұл сөз болса, «Мен то­паспын» дегенді білдіреді. Тіл біл­мегеннің кесірінен болса керек, осындай ыңғайсыз жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Осы ретте Исмаил Құланның шығарып жат­қан дүниелеріне тоқтала кетсек. Just dua it, Kulimde, bul – sunnet, Beibitshilik, Iman kimde – baqyt sonda, Islam dingekteri, Musylman, Shukr mode, Sabr mode деген сын­ды жазулар бар.

Айтпақшы, бренд атауы бір ғана Исмаилдың тегімен бай­ланысты емес екен. Бірлесіп бас­талған кәсіпте Ғабит Жиенбай­дың да есімін атап өткенді жөн көріп отырмыз. Негізін салушылар­дың бірі болған Ғабит Құлан ауы­лын­да дүниеге келген екен. Осы­лай­ша, Qulan атауы пайда болыпты. 


«Қарызға батқан жанның жағ­дайын елестетіңізші. Күн сайын мойнындағы жүк ауырлап жатыр. Осы­лай қиналып, тұңғиыққа ба­тып келе жатқанда қарсы алдынан Sabr деген жазуы бар футболка ки­ген жанды көреді делік. Жақсы сөз әлбетте, әсер етеді. Бәлкім, қиын­дықтың уақытша екенін, қа­зір сабыр ету керегін түсінер. Біздің жақсы сөз жазылған киімдер мен ак­сессуарлар шығарудағы көзде­гені­міз – осы. Мұсылман баласы үшін сабыр мен шүкірдің орны ерек. Еске салуға себепкер бол­ғы­мыз келеді. Кәсіпті қолға алған алғашқы күннен-ақ, қазақстандық­тар­дың іздегені осы екенін түсіндік. Сұраныс көп. Тапсырыс көп түсіп жатыр».Qulan отандық брендінің киім­дері күнделікті киіп жүруге арнал­ған. Бүгінде мезгілдік футболкалар сатылымда бар. Таяу арада сүннетке сай, намаз оқуға ыңғайлы киімдер шығарсақ деп жоспарлап отыр. Кә­сіпкер соның ішінде ерлерге ар­налған спорт киімдеріне басым­дық берілетінін айтып отыр. «Дәрет алғанға қолайлы болуы керек. Өйт­кені көп киімдерде жеңі созылып кетіп жатады. Соның бәрін ескеру шарт. Әрі бұл киімдер көрер көзге де әдемі көрінгені жөн», – дейді ол. Футболкалар Өзбекстанның жо­ғары сапалы мақтасынан тігіледі. Дизайнын өздері жасайды. Қазіргі таңда өндіріс жұмыстары кішігірім цехта іске асып жатыр. Күз-қыс мез­гілінде шығатын киімдер болса, Алматыда шығарылады деп жос­парланып отыр. Түрлі мотивацияға толы мәтіндері бар киімдер көп. Соның ішінде қазақы стиль сақ­тал­ғандары да аз емес.

«Шынында, бү­гінде жазуы бар киімдер сәнге ай­налды. Сапасы да әртүрлі. Біздің киімдердің сапасын жоғары деп сеніммен айта аламыз», – дейді Qulan-ның негізін салушы.

«Кәсібімізден береке табу – басты мақсатымыз. Өзіме ұнайтын тұсын айтар болсам, тапсырыс берушілер бізбен байланысу үшін ха­барлама қалдырса, «Асса­лау­мағалейкум» деп бастайды. Біз де қуана-қуана «Уағалейкумассалам» деп жауап береміз. Осының өзі неге тұрады? Жоғарыда атап өткенімдей, бұған дейін бірнеше кәсіптің басында болып көрдім. Көбі ресми тілде байланысатын. Ислам құнды­лық­тарын насихаттап жүргендік­тен, тапсырыс берушілер де – мұ­сыл­мандар. «Алланың сізге сәлемі болсын» деп басталған диалог әр­мен қарай жақсы жалғасады. Мұны біз­дің бір ерекшелігіміз десем, ар­тық болмас».

Ерлерге арналған киімдердің күз-қыс маусымдық түрлері тігіліп жатқанын естіген соң, әйелдерге ар­налған тізбек болар ма екен деген сауалды да қойдық. Исмаилдың айтуынша, орамалды қыздар тара­пынан осы сұрақ көп түсіп жа­тыр деседі. Командамен ойласа келе, ал­ғашқыда орамалдар шығару жос­пары жасалған. Сонымен бірге, әйел­дерге арнап шариғатқа сай, жеңі ұзын жейделер тігіледі екен. Оның эскиздері дайындалып жа­тыр. Алдағы уақытта тапсырыс беру­шілер назарына ұсынылады.

Құландықтардың кәсібіне біз де береке тілейміз. Мұсылмандарға арналған киімдер тігуді бірқатар белгілі дизайнерлер де қолға алып жатыр. Арнайы сән апталықтары да өткізіліп жатқанына куәміз. Атақты Nike компаниясы спорттық үлгідегі хиджабтарды ел назарына ұсынып, бұл бастамалары әйелдер тарапынан үлкен сұранысқа ие болған. Бұдан шығатын қорытынды – ислами сән әлемдік фэшн-индустриядан ойып тұрып орын алып келеді. Біздің отандық дизайнерлер мен кәсіпкерлер шетте қалмайды деп ойлаймыз.