Бағдарлама – жауыр, тараған – ауыл
Бағдарлама – жауыр, тараған – ауыл
150
оқылды

Жұмыссыздықты жою, кәсіпкерлікті дамыту, үймен қамтамасыз ету үшін бүгінгі таңда түрлі бағдарламалар түзілуде. Алайда осы шаралар ел құлағына жете бер­мейді. Насихат аз. Әрі халықтың өзінде немқұрай­ды­лық басым. Әйтпесе, шынымен де әр адамға қолына бір күрек тауып беру, баспаналы қылу үшін көптеген іс атқарылуда.

Соның бірін жақында көр­дік. Нұр-Сұлтан әкімдігі жария қылған мынадай бағдарлама көңіл­ге медеу болды. Онда бы­лай делінген: «Нұр-Сұлтан әкім­­­­­­дігінің тұрғын үй қоры 2017-2021 жылдарға арналған «Ең­­бек» нәтижелі жұмыспен қам­­туды және жаппай кәсіп­кер­­лікті дамыту бағдарламасы ая­­сында Солтүстік Қазақстан об­лысында жалға берілетін бас­пана алуға құжаттар қабыл­дау­ды бастап кетті. Баспаналы бол­­ғысы келгендерге жалға бе­­рі­летін тұрғын үй ретінде Сол­­түстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданындағы Ковыльное, Новоишимское, Шөптікөл, Пески, Разгульное ауылдарындағы үйлерді ұсы­нып отыр. Баспаналардың жал­пы ауданы 70-90 шаршы метрді құрайды. 5 жыл өткеннен кейін пәтерді жекешелендіруге бола­ды, ал ай сайынғы жалдау ақы­сы – 7 000-9 000 теңге. Бұл ретте бағ­дарламаға қатысушылардың әрбір отбасы мүшесіне 88 375 тең­ге мөлшерінде біржолғы әлеу­меттік көмек төленеді. Бағ­дарламаға қатысу үшін Нұр-Сұл­тандағы тұрғын үйге кезекте тұру қажет, отбасында 3 және одан да көп бала болуы тиіс. Үміт­керлерге талап: механи­за­тор, электрик, токарь, құры­лыс­­шы, мал дәрігері, малшы, ка­маз жүргізушісі, энергетик сын­ды мамандық иесі болуы тиіс. Ал егер жоғарыда аталған ма­мандық болмаса, тегін оқу мүм­кіндігі де ұсынылады».

Бұндай бастама әрине, қуан­тады. Бірақ жарнамалау жағы жет­кіліксіз болып тұрғаны шы­ны­мен қынжылтады. Біраз жеңіл­діктер қарастырыл­ған­мен, мұнда жеткіліксіз түйт­кіл­дер бар. Бұл бағдарлама аясына тек көпбалалы отбасыларды ғана емес, жаңадан үйленген­дер­ді де қосуға болмас па еді? Өйт­кені әр отбасыдан отау құ­рып бөлек шыққандар да жұ­мыс­сыз әрі үйсіз, біреудің пә­терін жалдап тұруға мәжбүр.

Осы кезеңде солтүстікте ауыл­дар қаңырап бос қалуда. Ол жерлерді халықпен толтыру жұмысы да мардымсыз. Сол­түстік Қазақстан облысының би­лігі Прогресс ауылын «бола­ша­ғы жоқ» деп таратқан. Мамлют ауданы Белое ауылдық ок­ругіне қарасты Прогресс ауы­лында Борис Петренко мен Валентина Курчаева тұратын жал­ғыз түтін қалған. Бұдан он жыл бұрын бұл ауылда отыз мың тұрғын болған деп кім ай­тады?

2018 жылы Солтүстік Қа­зақ­­стан облысында «болашағы жоқ» деген таңбамен 15 ауыл жабылған. Облыс әкімдігі биыл тағы да 20 ауылды таратпақ.

Ал енді осы облыс әкім­ді­гі­нің дерегінше, облыстағы 649 ауылдың 111-інде халық саны елу­ге жетпейді екен. 2018 жылы Солтүстік Қазақстан облысына кел­ген сол кездегі Еңбек және әлеу­меттік қорғау министрі Ма­­дина Әбілқасымова аймақта тұрғындар саны он адамнан ас­пайтын 38 ауыл тара­ты­ла­ты­нын айтқан. «Тұрғын саны не­­­ғұрлым көп болса, жұмыс ор­ны да көбейеді. Сонымен бір­ге, шағын және орта бизнесті да­мытуға негіз болады», – деген сол кезде Әбілқасымова.

2018 жылы Солтүстік Қа­зақ­­стан облысында «болашағы жоқ» деген таңбамен 15 ауыл жабылған. Облыс әкімдігі биыл тағы да 20 ауылды таратпақ.

Солтүстікті қазақы­лан­ды­ра­мыз деп бағдарламалар тү­зіліп жатыр, бірақ көбінің ша­ма­сы жетпей жарты жолда жел­кесі үзілуде. Ол да рас. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасының шарт­тары жасалған болатын. 2015 жылы жүзеге асырыла бастаған бағдарлама жақсы жүргізілді. Кейін бағдарламаға өзгерістер енгізіліп, бұған дейін отбасылы не туған-туысын ерткен адам жұ­бы қатыса алса, енді үйлен­бе­ген, не тұрмыс құрмаған адам да жалғыз қатысуға мүмкіндік алады. Бір жылға бағдарламаны жүзеге асыру үшін республика­лық бюджеттен 1 706 отбасыға кво­та бөлінген. Павлодар об­лы­сының жұмыспен қамту жә­не әлеуметтік бағдарламалар бас­қармасының көші-қон бөлі­мі­нің бір топ маманы оң­түс­тік өңірін аралап, нәтижелі жұ­мыс­пен қамтуды және жап­пай кә­сіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағ­дарламасының үшінші бағыты: халықты жұмыспен қамтуға жәр­демдесу және еңбек ресурс­та­рының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бойын­ша «Оңтүстіктен солтүстікке» жұмыстарын халыққа түсіндіру мақсатында арнайы келіп тү­сін­діру жұмыстарын жүргізген. Ал кейбір өңірлердегі әкімдік­тердің бұл шараға атсалысып жатқанынан бейхабармыз. Өйткені Солтүстік Қазақстан­да­ғы ауылдарды тарату емес, қай­та жандандыру жұмыстары жүр­гізілуі керек еді ғой. Аста­на­лықтардың бағдарлама ая­сын­дағы жазған: «Бағдарламаға қатысу үшін Нұр-Сұлтандағы тұр­ғын үйге кезекте тұру қажет, от­басында 3 және одан да көп бала болуы тиіс» дегені де ой сал­ғандай. Бағдарлама бар, бі­рақ әр аймақтың атқару жұ­мы­сы бір-біріне кереғар. Неге? Осы­ны бірізділікке салуға бол­май ма деген сұрақ әркімді ма­­­заласа керек!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ