Астанадағы LRT құрылысынан қаржы үнемделсе, сапасы сын көтере ме?
Астанадағы LRT құрылысынан қаржы үнемделсе, сапасы сын көтере ме?
184
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов LRT жобасы аясында атқарылатын жұмыстар жөнінде есеп берді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жобаны оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Үкімет тарапынан Қытай даму банкінің қарызынан бас тарту бойынша шешім қабылданды. Бұл 800 миллион АҚШ долларын немесе 300 млрд теңгеден астам сомада қарызға кететін шығыстар бөлігінде республикалық бюджетке түсетін қаржылық салмақты азайтуға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп, Қазақстанның екінші деңгейлі банктерімен, қаржы институттарымен облигацияларды орналастыру шарты қарастырылды. Бұдан бөлек, Қытай тарапынан келісімшарт құнына салықты қосу туралы келліссөздерді бастадық, бұл шара жоба бойынша шығындарды 200 млн долларға азайтуға жол ашады, – деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, стансалардың саны азайып, қаражат үнемделеді.

– Пойыздардың жүру интервалы қазіргі уақытта 3 минуттан 10 минутқа дейін ұзарады. Егер халық саны артса, оны қайтадан қалпына келтіруге болады. Сонымен бірге, осы кезеңде 7 аялдама стансасын қысқарту жоспарда бар. Қазіргі 18 стансаны 11-ге дейін қысқартамыз. Жерасты жаяу жүргіншілер жолы да қысқарту арқылы 110 миллион доллар қаржы үнемделеді. Жобаның шығындарын 350 млн долларға немесе 135 миллиард теңгеге дейін үнемдеуге септігін тигізеді, – деді Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, бюджет қаржысы 1,2 млрд долларға үнемделеді. Бұл 800 миллион доллардан астам займға қызмет көрсету және 350 млн доллар құрылыс-монтаж жұмыстары есебінен қысқарып, үнемделеді.