Алматыға LRT керек пе?
Алматыға LRT керек пе?
201
оқылды

Қаланың қарқынды урбанизациялануы, аумағының кеңеюі ондағы транспорт түрлерінің де артуына ықпал етеді.

Алматыдағы метро да соның дәлелі. Тәуліктің қай уақытында бас сұқсаңыз да жерасты пойызынан орын табу қиын. Демек, үлкен сұранысқа ие. Сірә, елордадағы LRT құрылысы да содан басталған. Бірақ дәл қазір бас шаһардағы бұл проблема жайлы басы артық сөз айтып уақыт шығын етпейік. Айтпағымыз Алматы жайында. Алматыда да жеңіл рельсті транспорт құрылысы әне бас­талады, міне басталады дегелі біраз болған. Әкімдік ара-тұра төбе көрсетіп, міне былай істегелі жатырмыз дегендей интернетте болашақ жобаның суреттерін жарқ-жұрқ еткізіп қоятын. Бұл ту­ралы газетімізде «Алматыға трам­вай қашан оралады?» деген тақырыппен арнайы мақала да жазғанбыз. Енді соны індете түсу үшін жазу үстеліне отырғанымыз сол еді, «Қазақстандық мемле­кет­тік-жекешелік әріптестік орта­лығы» АҚ басқарма төрғасының орынбасары Айдос Көбетовтің мәлімдемесін оқып қалдық. Онда Көбетов жобаның екінші кезеңде тұрғанын айтады. «Яғни жобаны жүзеге асырудың екі кезеңдік тетігі бар, бұл ретте әріптестердің өздері тиісті қаржылық-техни­калық, заңгерлік шешімдерді ұсынады. Алматыда жеңіл рельсті көлік желісін (LRT) 2023 жылы іске қосу жоспарланып отыр» дейді ол. Басқарма төрағасының сөзінен соншалықты су жаңа ақпарат таппадық. Бірінші кон­курс нәтижесі бойынша 9 ком­панияның ішінен 4 компанияның оза шапқанын бұған дейін де жазғанбыз. Дайындықтың қызу жүріп жатқанына қарамас­тан, құрылысты аяқтау мерзімі 2022 жылдан 2023 жылға жыл­жытылған. Енді конкурстан үздік шыққан 4 компания жергілікті инженерлермен бірге болашақ бағыттың картасы, инженерлік желілердің сызбасымен жіті танысуы тиіс.

– Осы жылы жеке серіктестер­мен келісімге келіп үлгеру қажет. Бұдан кейін конкурс жеңімпазына жобалау жұмыстарын жүргізу үшін 365 күн уақыт береміз. Егер олар бұл мерзімнен де бұрын аяқтаса, мемлекеттік эксперти­задан өтіп үлгерсе, тіпті жақсы. Одан кейінгі 3 жылда құрылыс жұмысы және жобаны пайда­лануға беру процесі қарқынды жүргізіледі. Сонымен қатар стан­саларды, депоны, байланыс же­лілерін реттеу, жылжымалы құ­рамды жеткізу мәселелері бар. Қазіргі технология бойынша күніне 100 метр құрылыс жүргізе аламыз. Жалпы 22,7 шақырымға созылады, – дейді «Алматы­Элек­троТранс» ЖШС бас директоры Ғани Тәжиев.

Қалалық әкімдіктің хабар­лауынша, Алматыдағы жеңіл ­ре­льс­ті транспорт құрылысына 94 203 млн теңге қаржы жұмсал­мақ. Дегенмен LRT құрылысы жалпы тәжірибеде аса қымбат жоба саналады. Мәселен, Үкімет отырысында Премьер-минис­трдің орынбасары Жеңіс Қасым­бек Нұр-Сұлтан қаласындағы LRT құрылысының бәрібір аяқ­талатынын жеткізген еді. Ал «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың айтуынша, құ­рылысты соңына дейін жеткізу үлкен шығынға алып келеді. «Оны соңына дейін аяқтаған күннің өзінде, бұл экономикаға үлкен соққы болмақ. Ол орны толмас шығын болмақ әрі бюд­жеттің қалтасын тақырлап тас­тайды. Одан да құрылысты тоқ­татып, басқаша шешім қабылдау керек сияқты» деген еді.

Қалалық әкімдіктің хабар­лауынша, Алматыдағы жеңіл ­ре­льс­ті транспорт құрылысына 94 203 млн теңге қаржы жұмсал­мақ. Дегенмен LRT құрылысы жалпы тәжірибеде аса қымбат жоба саналады.

Елорда ғана емес, ел эконо­микасына салмақ түсіргелі тұрған бұл жағдай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың да көңіліне жақпаған.

– Ыңғайлы, түсінікті, қолай­лы транспорт жасаудың орнына LRT сияқты көліктің қымбат түрі ұсынылды. Мамандардың, архи­тектуралық қауымдастықтың пікірі ескерілген жоқ. Әкімдік мәліметінше, тәулігіне тасымал­данатын адамдардың болжамды мөлшері – 146 мың. Ал дәл қазір LRT жүргізілетін бағытпен – әуежайдан жаңа вокзалға дейін әрі кетсе 2 мың адам тасымал­данады. Ал сонда сіздер жолау­шылар ағынын 70 есеге қалай көбейтпексіздер? Енді бұл жоба үнемі субсидия алып отыруға алып келеді және тұтастай мем­лекетке ауыртпалық түсіреді. Бұған дейін туындаған шығындар мен халықаралық міндеттемелерді ескере отырып, жобаны тоқтату мүмкін емес екенін түсінеміз. Үкіметке әкімдікпен бірлесе оты­рып бұл жобаның шешімін табу туралы тапсырма беремін, – деген еді Мемлекет басшысы.

Бұл пікірден соң Алматыдағы LRT құрылысы да Нұр-Сұлтан­дағы кепті кимес пе екен деген қауіп туындайды. Мегаполисте құрылыс әлі басталған жоқ. Осы орайда белгілі экономист Шолпан Айтенованың пікірін білген едік. Оның айтуынша, шығыны орасан болатын мұндай жобаны қолға алғанша қаладағы кептеліс мә­селесі мен адам тасымалдаудың жаңа шешімі болатын өзге идея­ларды жүзеге асыру қажет.

– Жоба құны ертеңгі күндегі оның тиімділігіне қаншалықты кепіл болады деген сауал туын­дайды. Сондықтан оның пайда­сын алдымен есептеп алмай тұ­рып мұндай аса ауқымды инфра­құрылымдық жобаны қаржы­ландыруға болмайды деп есеп­теймін. Өзге елдерді алатын бол­сақ, олар бірнеше жыл бойы жобаны әбден зерттеп, зерделеп шығады. Жобаның қалаға қандай пайдасы бар, қандай салаларды жандандырады деген мәселелерді басты назарға алады. Сосын қо­ғам­мен де келіседі. Егер қоғам қол­­дамаса, онда жобаны жүзеге асыр­майды. Негізі мұндай ірі жо­ба­лар­ды біз қарызға сала­мыз. Елор­дадағы LRT да – соның дә­лелі. Жоба біткен соң 20-30 жыл­дай келер ұрпақ сол қарызды өтей­­ді. Сол себепті, мұндай үлкен сома­дағы қарыздануға адамдар, жастар келісе ме, жоқ па, соны бі­ліп алу маңызды, – дейді экономист.

Маманның айтуынша, осын­дай жобалардың пайдасы мен тиімділігі оған жұмсалған шы­ғыннан екі-үш есе асып түсуі тиіс. Яғни, сол саланың мамандары пайда мен тиімділік мөлшерін валюта жүзінде есептеп шығаруы керек. Бұл ретте маман Стамбұл­дағы трамвай жағдайын мысалға келтіреді.

– Менің ойымша, дәл осы жо­баға альтернатива ретінде қо­ғамдық транспортты дамыту ке­рек. Жаңадан жоба бастаудың қа­жеті шамалы. Бұрынғы рельс­терді қайтарып, трамвай жүргізсе де болушы еді. Мәселен, 1960 жыл­дары Стамбұл да трамвайдан бас тартады. Алайда одан кейінгі 30 жыл ішінде шаһардағы эко­логиялық жағдай да ушығып кетеді, кептеліс те шешілмей қой­ған. Содан 1991 жылы трамвай желісін қайтару туралы шешім қабылдады. Бұл үлкен қаладағы бірнеше проблеманы әп-сәтте шешті. Бізге де осылай ету қажет сияқты. Шаһардың әбден бүлініп коллапсқа ұшырауын 30 жыл кү­тіп отырмай, ежелгі трамвай­лар­ды жаңғырту абзал болар еді, – дейді Шолпан Айтенова.

Ал «АлматыЭлектроТранс» бас­шысының сөзінше, LRT – қа­ла­дағы экологиялық жағдайды тү­зейді, жол апатын азайтады және жұмыс орындарын көбейтеді.

– Заманауи транспорттың қолданысқа енгізілуі – Алматы жол­дарындағы жеке автокөліктер мен автобустардың азаюына мүм­кіндік береді. LRT – қалалықтар үшін ерекше әлеуметтік маңызы бар жоба болғандықтан, оны басқа транспорт түрлерімен бәсекелес деп айтуға болмайды. Ол қаланың батысы мен шығысын жалғайды. Жолай университет, колледж, мектеп, аурухана сияқты маңызды нысандарды қамтып өтеді. Жоба басталған соң көп адам көліктерін тастап LRT-ға отырады және біздің жолдардағы қысым азаяды деп сенеміз, – дейді Ғани Тәжиев.

Қалалықтар енді осы әдемі сөздердің іс жүзінде расқа айна­луын тілейді. Әйтпесе, дәл осылай «әп-әдемі» басталған талай жоба орта жолда тоқтап тұр. Біздікі Алматыдағы LRT бас шаһар­да­ғыдай «адам қолымен жасалған «ерекше туындыға» айналып кетпесе екен деген ой ғана.