Тәжік сарапшысы түсініктеме берді
Тәжік сарапшысы түсініктеме берді
5,266
оқылды

«Тәжікстанның әскери шолушысы Абдулмаджид Давлатов Арыста орын алған жағдайға қатысты пікір білдірді» деп хабарлайды polit-asia.kz интернет-порталы.

«Арыстағы жағдайды бақылай отырып, халық арасындағы зардап шеккендердің саны анағұрлым көп болуы мүмкін деген қорытын­дыға келді. Сөзімді былай түсін­дірейін. Біріншіден, жарылыс өте жойқын болды. Ол тіпті, жанынан ұшып өткен ұшақтардың терезе­лерінен көрінді. Екіншіден, қазақстандық баспасөз беттерін ақтара отырып, арсенал маңын­дағы таяу жерде жекеменшік үйлер ғана емес, сонымен бірге, негізінен халық мекен еткен көпқабатты үйлер орналасқанын білдім», – дейді сарапшы.

Тәжік сарапшысы халық арасында көп адамның зардап шегуіне жол бермеуге мүмкіндік берген жағдайға түсініктеме берді.

«Зардап шеккендердің көп болмауына қазақстандық әскерилердің септігі тиді. Халықты көшірудегі жинақы іс-қимыл, төтенше жағдайды жоюдағы жоғары деңгейде ұйымдастырыл­ған процесс, Қорғаныс министр­лігінің бірінші басшылығы тарапынан ұдайы бақылау мен жіті қадағалау болғаны анық. Арыста орын алған оқиға салдарынан зардап шеккендердің аз болуы – қазақстандық әскерилердің тиімді іс-әрекетінің жемісі.

Жарылыстан кейін бірден әскерилерді кінәлі қылуға тырыс­қандарына өте таңғалдым. Иә, сөзсіз, жарылыс үшін жауап­кершілік арсеналға тікелей қатысы бар барлық лауазымды адамдардың мойнына артылады. Алайда оқ-дәрілермен жұмыс істеу – бұл әрқашан қауіп-қатер, ал оларды сақтау процесін ұйым­дастыру тәртібі өте күрделі екенін ұмыт­паған жөн. Оның үстіне, мұндай арсеналдарды сақтау және кәдеге жарату кезінде мәселелер туғыза­тын есептен шығарылған оқ-дәрілер де сақталады. Сондық­тан кінәлілер туралы сөз қозғауға әлі ерте. Қазіргі кезде жаппай жұмыс істеп жатқан арнайы комиссия барлығын анықтайтын болады.

Арыстағы төтенше жағдайға оралатын болсақ, қоймалардағы оқ-дәрілердің сақталу процесі жоғары деңгейде ұйымдас­ты­рылғанын жүз пайыз сеніммен айта аламын. Әйтпесе, жарылыс салдары одан бетер болар еді. Оның үстіне, жарылыс пен өрт шығу сияқты оқиғалар әлдеқайда жиі орын алушы еді. Мәселен, Украинаны алайық. Онда әрқашан барлығын есептен шығарса да мұндай оқиғалар жыл сайын болып тұрады.

2015 жылдан бастап әскери қоймаларда бес оқиға орын алды. Онда халық арасындағы зардап шеккендердің саны әлдеқайда асып түседі. Ең мықты қарулы күштері мен әскери бюджеттері бар елдердің, яғни, АҚШ, Қытай және Ресейдің әскери қойма­ларында да жарылыстар мен өрт оқиғалары болып тұрады. Сақтан­ған күннің өзінде мұндай күтпеген жағдайлар болады», – дейді тәжік әскери сарапшысы.

Абдулмаджид Давлатов Арыс­тағы төтенше жағдайды БАҚ-та жария еткен кезде ақпа­рат­тық саланың қалған қыз­меткерлері де негізінен сезімге беріліп, дәйектілік туралы мүлдем ұмытып кетті деп атап өтті.

«Сондай-ақ кейбір қазақ­стандық журналистер, блогерлер мен өзге де ақпараттық сала қызметкерлері Арыстағы жағ­дайды жария ете отырып, дәйек­тілікті мүлдем естен шығарды деген қорытынды жасады. Елі­міздің түкпір-түкпірінен оқиғаның түрлі нұсқалары айтылып жатты. Бірақ менің ойымша, бірде-біреуі шындыққа жанаспайды. Қазақ­стан армиясының қолбасшылығын ғана емес, үкіметті де, барлығын сынға алды. Арысты әлемдік ауқымдағы қайғылы оқиғамен салыстырды.

Арыстағы төтенше жағдайдың салдарынан үш адамның қаза тапқанын атап өткім келеді. Оның ішінде, бір ғана қарапайым адам. Халық арасындағы зардап шеккен­дердің ресми статистика­сына, мысалы, ЖКО мен демалыстағы қайғылы оқиғаларға ешкім назар аудармайды. Сол баяғы қазақ­стандық блогерлер 2019 жылдың алты айы ішінде 850 адам қаза болды деген ақпаратты желілерге таратады. Бұл ЖКО, суда шомылу және абайсыздықтан орын алатын зардап шегушілердің саны үнемі өсіп келе жатқанын көрсетеді. Осындай кезде дау шығарып, шаралар қабылдау қажет», – деді сарапшы.

Сарапшы сондай-ақ, қойма­ларда өрт шығу себептеріне қатысты ойымен бөлісті.

«Оқиғаның себептерін арнайы комиссия анықтайды. Бұл адами фактор, өртке қарсы қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы немесе техникалық олқылықтар болуы мүмкін. Сондықтан ешкімге, оның үстіне, әуесқойларға осы жағдайға қатысты қорытынды шығаруға асықпасын деп қайталап айтқым келеді. Нүктесін қоятын арнайы комиссия жұмысының ресми нәтижелерін күткен абзал», – деп, Абдулмаджид Давлатов қорытынды жасады.