Тіл тазалығы – ұлт тазалығы
Тіл тазалығы – ұлт тазалығы
1,803
оқылды

Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тіл дегеніміз – қай халықтың болмасын кешегі, бүгінгі ғана тағдыры емес, бүрсігүнгі де тағдыры» деген тағылымы ойға оралады. Тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті. Ал ұлттың болашағы – оның ана тілі. Әр ұлттың тілі – сол ұлттың бақыты мен тірегі. Тұңғыш президентіміз Н.Ә.Назарбаев халықтың болашағы туралы тереңнен ой толғай отырып, «мемлекеттің ең басты дүниесі тек қана байлық емес, сонымен қатар ана тіліміздің болашағы» деген болатын. Осы маңызды мәселені жүзеге асыру жолында еліміздің әрбір азаматы, әрбір мемлекеттік мекеме мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қолданыс аясын кеңейту жолында атсалысуға міндетті.

Алматы облысы, Ақсу ауданы бойынша маусым-тамыз айлары аралығында «Тіл тазалығын сақтайық!» атты акциясы бастау алған болатын.

Осы акцияны жалғастыру мақсатында Көшкентал ауылында  «Тіл сақшысы» тобы құрылып, топ мүшелерінің қатысуымен және Көшкентал ауылдық мәдениет үйі қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ауыл тұрғындары, кәсіпкерлер және мекеме қызметкерлері арасында «Тіл тазалығы - ұлт тазалығы» атты  жиын  өткізілді.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау мақсатында өткен шарада аталмыш топтың мүшесі Рысгүл Шерубаева «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» атты баяндама оқыса, «Тіл жанашыры» қазақ тілі пәнінің мұғалімі С. Абылайханова қазіргі уақытта қазақ тілінің қолданысы қандай деңгейде екеніне тоқталып, тілді сақтап қалу, оны дәріптеу, көркем әрі бай тілімізді келешек ұрпаққа қаз қалпында  жеткізу біздің міндетіміз екенін айтып өтті.

Топ хатшысы, Көкентал ауылының жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Жансая Қайсанова: «Тіл тазалығы үшін күрес – тіл мәдениеті үшін күрес. Тіл тазалығы үшін күресті ең алдымен ауызекі сөйлесуден бастаған жөн. Тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болса да өз ортамыздан әлі күнге дейін тұрпайы сөйлейтін жастарды кездестіріп қаламыз. Ана тіліміздің шұбарлануы тек сөйлеу кезінде ғана емес, сонымен қатар, жазбаша түрде де өрескел бұзылуда. Кейбір сауда орындары мен мекемелердің атауы  немесе жарнамаларының өзі ана тілімізде қате жазылғанын байқап  көңіліміз құлазиды. Тілдің мерейін асқақтататын да, құтын қашыратын да мына өзіміз» десе, топтың мүшесі Қ.Берлібаев «Ана тілі біздің бойымызға ана сүтімен тараған қасиет. Ал оны  сақтай, қадірлей, құрметтей білу біздің міндетіміз. Ана тілімізді шұбарландырмай, тілімізді биіктен көрсететінімізді дәлелдеп көрсететін тіл жанашырлары – біз боламыз. Тіліміз әлі де жетім баланың күйін кешіп жүр. Сондықтан да әрбір адам тіл тазалығын сақтауға, тіл мәдениетін игеруге, әдепті, келісті, мәдениетті сөйлеуге үйрену керек» – деген пікірін жеткізді.

Шара соңында топ белсенділері қатысушыларға  қазақ тілінде таза сөйлеп, мекемелер мен дүкендердің атауының қазақ тілінде дұрыс жазылуына баса назар аударуға шақырды.

Рысгул Шерубаева,
Алматы облысы,
Ақсу ауданы,
 Көшкентал мәдениет үйінің әдіскері