Фейк-ақпарат кімге керек?
Фейк-ақпарат кімге керек?
235
оқылды

2016 жылы қазақстандықтарды медициналық препарат қолданғаны үшін 12 бала қаза тапты деген ақпарат елең еткізді. Өлімнің себебі дәрі қабыл­дауда делінген. Ақпарат авторы көп ұзамай қолға түсті. Астана тұрғы­ны полицияға не үшін мұндай ақпарат таратқаны жайында мардым­ды жауап бермеді. Тек «қалжыңдадым» депті.

Талғардағы психикалық аурухана­дан Николай Жұмағалиевтің қашып кеткені жөнінде қауесет тарады. Жұрт дүрлікті. Өйткені хабарламада оның адам етін жейтіні көрсетілген. Тіпті көк базар жақтан көргендер бар екен. Артынша полиция қызметкерлері ар­найы мәлімдеме жасап, жалған хабар екенін айтты.

2018 жылдың мамырында Қазнет­те белгісіз бір әйелдің баласын ұрып жат­­қаны түсірілген бейнежазба тара­ды. Видео авторы мен комментарий жазған­дар видео Қазақстанда түсіріл­ген деді. Қазақстан мен Қырғызстан ІІМ қызметкерлері бейнежазбаға ар­найы тексеру жұ­мысын ұйымдас­тыр­­­ды. Тергеу жұ­мы­сы көрсеткендей ви­део Перуде 1 мамыр күні түсірілген екен.

2018 жылы маусымда Қытай аза­мат­тары үшін визасыз режим орнады деген ақпарат пайда болды. Фейк-ақпарат мессенджер арқылы тараған. Қазақстанның сыртқы істер министр­лігі ақпараттың жалған екенін, қытай­лық­тар елімізге тек визамен келетінін мәлімдеді.

«Жаман хабар желдей еседі». Мұ­ның фейк-ақпаратқа да қатысы бар. Жыл­дам таралып, қызу талқыға түсе­ді. «Жалған ақпарат екенін мәлімдеді» дейтін хабарлама таралмайды. Өйт­ке­ні халықты бастапқы ақпарат қана қызықтырады. Олар уақытын адам етін жейтіннен сақтануға, визасыз ре­жим тақырыбын талқылауға жұм­сайды. Көпшілігі Whois серверінің бар екенін білмейді. Аталған сервер арқы­лы жаңалықтың Қазақстанмен байла­ны­сын, IP-адрестің қай жерге тіркел­генін көруге болады.

Factcheck.kz сайты журналисі Павел Банниковтың айтуынша, фейк-ақпарат жылдам жасалады. Фун­к­циясы қарапайымнан күрделіге қарай жүреді екен. Фотошоп, текст, видео, интернет-тролль және тағы бас­қа түрі бар. Интернеттегі фейк-ақ­па­раттың 99 процентін жай ғана қол­да­нушы жасайды-мыс. Қалған үле­сі – маркетингтік шабуылдың еншісін­де.

Kantar ақпарат агентігі АҚШ, Франция, Ұлыбритания және Брази­лия тұрғындарына зерттеу жүргізген. «Ақпаратқа деген сенім» атауымен өткен акцияға 8 мың адам қатысқан. Нәти­жесінде, халық баспасөз құрал­да­ры­ның ішінде журналға сенім арта­тыны белгілі болды. 72 проценті жур­­налдан оқыған ақпараттың шы­най­лығына сенімді. Сауалнамаға қа­тыс­қандардың 69 проценті теле­ар­наға, 68 проценті радиоға, 67 проценті дәстүрлі БАҚ құралы таратқан ақ­па­ратқа сенеді. 50 проценті интер­нет порталдар мен сайт ақпаратына құлақ асады. 37 проценті мессенджерде таралған ақпараттың дұрыс екеніне көзі жетеді. Қалған 33 проценті ғана әлеуметтік желідегі ақпараттың ақ-қарасын айыруға тырысады екен.

Қазір халық үшін маңыздысы – ақпарат. Шындық па, жоқ па, бас ауыртпайды. Ішіндегі бірен-сараңы ғана тексеру қамына кірісер. 2018 жылы 3 қарашада «Kaspi банк жабы­ла­ды екен. Тезірек ақшаларыңды алың­дар» мәтінімен WhatsApp-та ау­дио­х­абар тарады. Банк басшысы ар­найы видеоүндеу жариялап, менед­жер­лер сабырға шақырғанымен, ха­лық көпке дейін тыншымады. Мұны маркетингтік шабуылға балауға бола­ды. Нарықта осыған ұқсат жағдаяттар жиі кездеседі. Бургер жеуге болмайды, KFC-де халал сертификаты жоқ және тағы басқа жаңалықтарға ел иланады. Ал бұл компаниялар үшін басы артық шығын.

Пікір қалдырудың өзінде пайда мен зиян жатыр. Мұнда да фейк-ак­канут­тар арқылы компания беделіне нұқсан келтіретін пікір қалдыратын­дар бар. Мысалы, өзіңіз бұрын барма­ған жер жайында, алдымен, пікірлерді оқисыз. Сізге орналасқан жері, баға­сы, бәрі ұнауы мүмкін. Бірақ жазылған пікірлерде қарама-қайшылық болса, ойыңыз өзгереді. Пікір қалдырған адам фейк-аккаунт шығар, арнайы жоспармен жасалған әрекет болар деп топшыламаймыз. Бірден жоққа шы­ғаруға әуеспіз. Бұл диагноздың қазақ­ша атауы – «жел шықпаса, шөптің басы қимылдамайды». Қоғамда дәл осындай менталитет қалыптасқан. Кез келген ақпарды бірден қабылдау­ға, не жоққа шығаруға асықпаймыз. Ақпараттың рас-өтірігін анықтауды уақытты алатын жұмысқа балаймыз.

Әлем елдері фейк-ақпаратпен күре­суді жолға қойған. Google фейк­пен күресуге 300 млн қаржы бөлген. Facebook те жалған ақпарға жол бер­гісі келмейді. Германия арнайы заң қабыл­дады. Ресейде де фейкке қарсы заң күшіне енді. Индонезия мен Ұлы­бри­тания халқы арнайы шара қол­данып жатыр.

Индонезия – әлемдегі ірі мұсыл­ман мемлекеті. Мұнда дінді берік ұстанады. Қытайдың Индонезияға көрсеткен қысымы жайлы фейк-ақпа­рат жиі жарық көреді. Осыдан елде ұлт, мәдениет, дін тақырыбында алауыздық пайда болады. Алдың-алу үшін индонезиялықтар үлемдер кеңе­сіне жүгінеді. Үлемдер кеңесі жоғары діни орган есебінде. Бұл халық­ты сабырға шақырудың ең оңай жолы екен.

Ал Италияда «шынарды шыбық кезінен бақыла» дейтін принцип. Римдегі бастауыш мектепте 4 млн-ға тарта бала оқиды. Балаларға интер­нет­тегі фейк-ақпараттан сақтану, ақ­параттық сауаттылық жайлы ар­найы пән кіреді. Оқушыларға блог жүргізуді, фейк ақпаратты тануға үйретеді. Арнайы тест тапсыру жүйесі де бар.

Ұлыбританияда қарапайым аза­мат­­қа, заң өкілдеріне лицензия бер­мей­­ді. Олар тек кабельді, спутникті және цифрлы хабарды қосуға лицен­зия алады.

2012 жылы Журналистер бірлестігі мен Бас редакторлар клубы «Журна­лис­тің этика кодексін» бекітті. Осы­ған ұқсас кодекс Ұлыбританияда да бар. Егер журналист этика кодексін бұзса, карьерасына нүкте қояды. Тіпті журналист жұмыс істеген редакцияға сын келуі мүмкін. Еліміздегі «Журна­лис­­тердің этика кодексі» ережелері сақтала бермейді. Фейк-ақпарат тара­ту­ға тиым салу туралы заң жобасы жоқ. Ресей жақында ғана фейк-ақпа­рат­қа қатысты заң күшіне енді. 24 наурызда қабылданған заңда жалған ақпарат тарату мен жала жабуға қа­тыс­ты айыппұл мөлшері көрсетіл­ген. Егер аталған ақпарат әсерінен адам көз жұмса немесе оған зақым келсе, айыппұл мөлшері өседі.

Фейк-ақпарат таратудың жақсы жағы барын білесіз бе? Иә, жалған ақпарат тарату дұрыс емес. Бірақ елдегі саяси жағдайды орнықтыру үшін кей мемлекет «назар аударту ақ­па­ратын» таратады. Мысалы, Оң­түс­тік Корея елдегі саяси дүмпуді басу үшін «Ли Мин Хо мен Сюзи айыры­лыс­ты» деген ақпарат таратқан. Дональд Трампп Америка президенті атанғанда елде наразылық акциясы жүрді. Халық көңілін аулау үшін Америкада түрлі фейк-жаңалықтар жарияланды.

Мамандар фейк-ақпаратты ажы­ра­тудың жеңіл тәсілдерін ұсынады. Алдымен, тақырыбына назар аудары­ңыз. Егер ақпарат сенсацияға құры­лып, сұрақ пен леп белгісі қойылса, ойланыңыз. Бұл фейк-ақпарат болуы әбден мүмкін. Сізге жеткен ақпарат ресурсын түбегейлі тексеріңіз. URL адресіне мән беріңіз. Барлығы фейк негізінде жасалған сайтқа тап болуы­ңыз мүмкін. Сондықтан сайттағы «біз туралы» қосымшасын оқыңыз. Оқып отырған ақпаратта қате көп болса, автор сенсация төңірегінде пунктуа­ция­­ға қарауды ұмытып кеткен деп топ­шылаңыз. Кез келген ақпаратты таратарда, сенімді дереккөзден алуды ескеріңіз.

Фейк-ақпаратпен күрес мемле­кет­тік қолдаумен жүргізіледі. Оған Франция президенті Эмманюэль Мак­рон­ның пікірі дәлел болады. Фран­ция президенті ақпараттық қауіп­сіз қоғам құру – мемлекет құзы­рын­да екенін алға тартады. Ақпаратты тексеретін түрлі сайт ашып, техно­логияны жұмылдырған дұрыс. Алайда мемлекет тарапынан көңіл бөлінбесе бәрі бекер. Фейк-ақпарат­пен қоғам болып күресіп, ақпарат кеңістігін тазартуды қолға алу керек.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ