«Еуразия» басталды
«Еуразия» басталды
226
оқылды

30 маусым «Қазақстан» орталық концерт залында Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аталған шара биыл он бесінші мәрте өткізіліп отыр. Салтанатты рәсімде отандық және шетелдік кино жұлдыздары қызыл кілеммен жүріп, естелік суретке түсті.

«Еуразия» кинофестивалі – халықаралық кино­про­дю­­серлер ассоциациясы фе­де­ра­циясының аккредита­ция­­­сы­­нан өткен Орталық Азия­да­ғы маңызды кинофорум. Фес­ти­валь­дің негізгі мақсаты – Қазақ­­стан киноиндустрия­сын қолдау, жас ерекшелігі әр­түрлі көрерменге арналған кино­­туын­дының сапасын арттыру.

Биыл фестиваль барысын­да көрерменнің назарына 11 елдің 12 кинотуындысы ұсы­­ны­лады. Байқауға Қазақ­стан, Қытай, Ресей, Македо­ния, Италия, Филиппин және тағы басқа елдердің жұмысы қатысады. Арнайы іріктелген жұмыстарға қазылар алқасы­ның үш құрамы әділ бағасын береді. Олардың құрамында: негізгі, қысқаметражды және анимациялық фильмдер бай­қа­уының және NETPAC тәуел­сіз қазылар алқасы бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жолы шараға шетелдің атақты кино­жұлдыз­дары шақырылмаған. Себебі, осы жылы олар камерадан таса­да жүріп, жүгі ауыр жұ­мыс­­ты атқаратын мамандарды шақыруды көздеген. Олардың қатарында Еуропа мен Азия­ның кино продюсерлері мен режиссерлері бар.

– Эдриан Броуди, Николас Кейдж сияқты жұлдыздардың келетініне көбінің еті үйрен­ген. Себебі, осы уақытқа дейін әлемге танылған кино жұл­дыз­дарын шақырдық. Ал енді­гі кезекте кез келген туын­ды­ның басы-қасында жүретін мамандарды шақырып отыр­мыз. Олар үнемі – кадр сыр­тын­да. Бірақ негізгі жұмысты атқаратын сол мамандар. «Еура­зия» кинофестивалі арқы­лы кино әлемінің сапа­сын арттырғымыз келеді. Бұл фестиваль отандық кино са­ла­сы­ның дамуына үлес қо­са­тын құрал болуы керек. Сол се­бепт­і, шетелдің білікті ма­ман­дарын шақырып отырмыз, – деді «Еуразия» кино фестива­лі­­нің президенті Ермек Тұрсынов.

Кинофестиваль барысын­да нәзік жандыларды тосын сый күтіп тұр. Себебі, айтулы шараға миллиондаған арудың жүрегін жаулаған түрік актері Бурак Өзчивит арнайы кел­ген. Фестиваль аясында ол арнайы баспасөз-мәслихатын да өткізді.

Айта кетерлігі, фестиваль бағдарламасы қызықты шараға толы. 6 шілдеге дейін жалғасатын фестивальдің орталығында танымал кине­матографистердің шеберлік сыныбы, киножобалар пит­чин­гі, киноиндустрия сала­сын­дағы өзекті тақырыптарға арналған дөңгелек үстел және тағы басқа іс-шаралар өткізі­ліп тұрады. Сонымен қатар фестиваль аясында көрсетіле­тін фильмдер ерекше сұрып­тау­дан өткенін атап өткен жөн.

– Көрсетілімге арналған фильмдерді таңдау барысында қатты қиналдым. Өйткені 2018 жылдың соңындағы үздік туындыларды іріктеп алғым келді. Ал олардың саны 200-ден асып кетті. Бұл тізіммен жүйелі түрде жұмыс істеуге тура келді. Нәтижесінде, сіз­дер тек қана үздік деп таныл­ған фильмдерді тамашалай аласыздар. Олардың қатарын­да Оңтүстік Корея режиссері­нің «Паразиты» фильмі де бар. Бұл туынды Канн кинофес­­­тивалінде үздік деп таныл­ды. Сондай-ақ басқа да әлем бойын­ша орнын айшықтаған туындылар көрсетіледі, – дейді фестивальдің бағдар­ла­ма­лық директоры Элеонора Граната.