Таңдайға тамған әр тамшы қымбат
Таңдайға тамған әр тамшы қымбат
236
оқылды

Ғылымы өркендемеген мемлекет дамуда артта қалады. Біліктілігі төмен адам еңбекақысы төмен қара жұмыстың қамытын сүйреуге мәжбүр болады. Ауқаты төмен отбасылар кедейшілік тауқыметін тартады. Ал ауызсу болмаса, адам ары кетсе, екі аптадай ғана өмір сүретіні белгілі.

Көрші Өзбекстан ауылдарын 98 пайызға ауызсумен қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстанның Ин­дустрия және инфрақұ­ры­лымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда 2011-2018 жылдары сумен қамтамасыз ету қалаларда 82%-дан 94,5%-ға дейін, ал ауылдарда 42,5%-дан 59,9%-ға дейін ғана өскен.

Өкінішке қарай, ауылдарды сумен қамтамасыз етудің ең аз көрсеткіші Павлодар (29,7%), Қостанай (31,4%) және Батыс Қазақстан (46,9%) облыстарында байқалып отыр.

Сарапшылардың бай­ламын­ша, ауылдың толыққанды ауызсу­мен жабдықталмауына үш басты проблема – сапасыз жоба, са­пасыз құрылыс және су жүйелерін сапасыз пайдалану болып отыр.

Әрине, бұл салада басқа да түйткілі терең мәселелер қорда­лануда. Олардың арасында су құбырларының жекеменшік ие­лерінің банкрот болуы не ауысуы; апаттың жоғары деңгейі; саладағы құбыр жүйелерін басқаратын және пайдаланатын мекемелердің материалдық-техникалық жаб­дықталуының төмен болуы; бі­лікті мамандардың тапшылығы аталады. Бұдан бөлек, кәріз жүйе­лерінің, сорғы стансаларының, тазалау құрылыстарының тозуы лас сулардың фильтрлеу алаң­дарына түсуіне және су сапасының ішуге жарамастай нашарлауына соқтырады. Су құбырларының иесіз болуы да өзекті мәселелердің қатарында қалды.

Аталған мәселелер мемлекет­тің ұдайы назарында және «Ақ бұ­лақ», басқа да ауызсу бағдарла­малары аясында азды-көпті шешілуде.

2018 жылғы 10 қаңтардағы Жол­дауда ауылдарды сумен ­қам­та­масыз ету үшін жыл сайын ке­мінде 100 миллиард теңге қа­рас­тыру керек екені қадап айтылды. Көшбасшы партияның
XVIII съезінде Үкіметке осы мақ­сатта қосымша 140 миллиард тең­ге бөлу жөнінде тағы тапсырма бе­рілді. Осылайша, қаржы­лан­ды­ру мәсе­лесі де шешіліп келеді.

– Былтыр еліміз бойынша ауызсумен қамту көрсеткіші жос­пардағы 58,6 пайыз орнына 60 па­йызды құрағаны аз да болса көңіл толтырар еді. Алайда Есеп комитетінің бағалауы бойынша Үкіметтің бұл деректері шын­дық­қа сәйкес келмейді. Өйткені Ұлт­тық экономика министрлігі қол­данып отырған әдістемеге сәй­кес, орталықтандырылған су­мен жаб­дықталған ауылдар саны­ның көр­сеткіші ауылдардың жалпы санына қатысты есепте­леді. Ал Есеп ко­митеті қала халқы үшін осындай көрсеткішті есептеу кезінде қолда­нылатын әдістемені ауылға да пайдалану неғұрлым дұрыс болады деп санайды, – дейді Мәжіліс депутаты, Nur Otan фрак­циясы жа­нындағы Әлеу­меттік кеңестің төрағасы Шавхат Өтемісов.

Үкімет ауылдардың сумен қам­тамасыз етілуін қазіргі 60 па­йыздан 2019 жыл соңында 62 па­йызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Алайда Ш.Өтемісовтың па­йымдауынша, «мынадай қар­қынмен еліміздің барлық ауыл­дарын сапалы сумен қамтамасыз ету үшін әлі 20 жылдай уақыт керек болады»! Осыған байла­нысты Үкімет ауызсу проблема­сын шешу тәсілдерін түбегейлі өзгертіп, бұл жұмыстың қарқы­нын жеделдетуге тиіс.

Ауылдықтардың аузын таза суға жеткізу ісін тежейтін фактор­лардың бірі – олардың әлеуетін айқындау тетігінде болса керек. Мысалға, қазіргі кезде келешегі бар ауылдарды іріктеу жұмысы жүргізілуде. Қолданыстағы әдіс­те­меге сәйкес, Ұлттық эконо­ми­ка министрлігі бастапқыда Қа­зақстандағы 6,5 мың ауылдың 1 800-ге жуығын «перспективасы бар ауылдар» деп белгілеген.

Алайда Мәжіліс депутатының тұжырымдауынша, «іріктеудің қолданылып жүрген өлшем­шарт­тарының объективтілігі күмән тудырады». Мысалы, Павлодар облысындағы Ақтоғай ауданының 610 адам тұратын Андриановка ауылы «жоғары әлеуеті бар ауыл­дар» қатарына кіріпті. Ал облыс­та­ғы Баянауыл ауданының 8 723 тұрғын мекен ететін Майқайың кентіне «орташа әлеует» қана бе­рілген. Шығыс Қазақстан облы­сын­да Ұлан ауданының 602 адам тұратын Каменка ауылы «жоғары әулеті бар» санатқа жатқызылған, ал Аягөз ауданының 7 784 тұрғын өмір сүріп жатқан Ақтоғай кенті «әлеуеті орташа ғана ауылдар» қатарына тіркелген.

– Болашағы бар елдіме­кен­дерді анықтаудың осындай тә­сілінің теріс әсері сол, 2019 жыл­дың нақтыланған республикалық бюджетін қалыптастыру кезінде «әлеуеті жоғары ауылдар тізбесіне енгізілмеген» деген сылтаумен көп­теген елдімекендерге ауызсу­мен қамтуға қаражат бөлуден бас тартылды. Бұл мыңдаған ауыл тұр­­ғындарының ауызсусыз қал­ғанын білдіреді. Сонымен бірге, қыруар бюджет қаражаты жұм­­­­салып жа­алған жобалау-сме­талық құ­жат­тамалар да өз өзек­тілігін жо­ғал­тады, – дейді Шавхат Әнесұлы.

Әділін айту керек, Үкімет те қамсыз отырған жоқ. Ұлттық эко­номика министрлігі ауылдарды іріктеу өлшемшарттарының жаңа тәсілдерін әзірлеу шараларын қабылдауда. Бұл жерде жан-жақ­ты ойластырылған тәсіл қажет. Өйткені осының салдарынан «даму перспективасы бар ауылдық елдімекендердің тізіміне» кірмей қалған ауылдардан қоныс ауда­рудың жасанды толқынын туды­руға болмайтынын нақты түсіну керек. Әйтпесе, бұл қатарда шал­ғай елдімекендер көп болған­дық­тан, шекара жақтың жалаңаш­танып қалу қаупі төнеді.


Бұл ретте іріктеу критерийлері ерекше рөл атқарады. Яғни, олар­дың қаншалықты сауатты ойлас­тырылғаны өте маңызды. Шын мәнінде, осы өлшемшарттар ар­қылы Қазақстандағы ауылдар­дың болашақ келбеті мен тағдыры түзілетін болады. Сондықтан да бұл жеті рет өлшеп, бір рет кесуді қажет ететін мәселе.

Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2011-2019 жылдар ара­лығында «Өңірлерді дамыту – 2020» және «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламалары аясында ауызсумен жабдықтау бойынша 2 668 жобаны іске асыруға 850 миллиард теңге шығындалған. Оның ішінде 2 426 жобаға бюд­жеттен 715 млрд теңге жұмса­лыпты. Қалған 236 жобаға сек­торды коммерцияландыру аясын­да жеке инвесторлар 135 млрд теңге салды.

Нәтижесінде, 29 мың шақ­ы­рым су құбыры жаңадан тартылған және қалпына келтірілген.

–Бұл республика бойынша су құбыры желілерінің тозуын 52%-ға дейін, кәріз желілерінде – 57%-ға дейін төмендетуге мүмкін­дік берді. 2025 жылға қарай ауыл­дардың 80%-ын және қалаларда 100%-ын орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспар­ланып отыр. Тұтастай алғанда, ел бойынша барлық халықтың 90,2 пайызы немесе 16,5 млн адам орталықтандырылған суға қол жет­кізе алады, оның ішінде қа­ла­ларда – 10 млн адам, ауылдарда – 6,5 млн адам, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министр Роман Скляр.

Оның айтуынша, «Өңірлерді дамытудың мемлекеттік бағдарла­масында» ауылдарды орталық­тандырылған сумен қамту көр­сет­кіші әзірге ауылдықтар саны емес, ауыл саны бойынша есептеледі. Тиісінше, статистика да соған сай жүргізіледі. Ресми дерекке жү­гін­сек, қазір 6 499 ауыл­дың 3 892-сі орталықтан­ды­рылған суды пай­даланады. 1,2 миллион адам тұ­ратын 2 607 ауылда таза ауызсу үйлерге келмеген.

Сонда ол ауыл суды қайдан ішу­де? 19 ауыл суды тазарту құ­рыл­ғыларын қолдануға мәжбүр. 53 ауыл суды тазартудың кешенді блок-модульдерін пайдаланады. 2 409 ауыл «оқшауланған су көз­дері» деп аталатындардан, яғни құдықтардан, жерасты ұңғыма­ла­рынан су тартады немесе таяудағы көлден тасиды. Бұған қоса, 126 ауыл кеңес кезіндегідей, судың «водовозбен», автоцистерна­лар­мен жеткізілуін күтіп, солардың жолына қарайлаумен жүр. Тіпті кейбір ауылдарда теміржол арқылы су тасымалданады.

Министр осы «су тасымал­да­натын ауылдар» бойынша жоба­ларды қаржыландыруға басым­дық берілетінін мәлім етті. Осы­ған байланысты әкімдіктерге атал­ған елдімекендерді сумен жаб­дықтау көздерін анықтау бойынша іздеу-барлау жұмысын жүргізуді тездету жүктелген.

Р.Скляр осы сектордағы тағы бір проблемаға назар аудартты: ауылдардағы жобалардың құны халық пен ғимараттардың (або­ненттердің) тығыздығына бай­ланысты. Салдарынан, халқы аз жерлердегі тұтынушыларға көбі­рек жүктеме түседі. Мысалы, Қос­танай облысындағы Ершовка ауылында құны 1,5 млрд теңге болатын су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Алайда ғимарат­тардың тығыздығы төмен болған­дықтан, шығын орташа есеппен бір адамға 1,6 миллион теңгеден келеді. Бұл түпкі тарифтің қымбат болуына ықпал етуі ықтимал. Са­лыстыру үшін айтсақ, халық ты­ғыз қоныстанған ауылдарда 1 адам­ға 400-600 мың теңгеден болады.

Министрлік сумен қамта­ма­сыз етілмеген ауылдардағы ха­лық­тың тығыздығына талдау жа­сапты. Анықталғанындай, тұр­ғындардың ең көп саны – ша­мамен 642 мың адам небәрі 239 ауылда шоғырланған екен. Әкім­діктер енді бірінші кезекте, дәл осы ауылдар бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлейді және қаржыландыру үшін минис­трлікке ұсынады деп күтілуде. Бұл халық саны бойынша ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін айтарлықтай көркейтпек.

Сонымен қатар сумен қам­тыл­маған ауылдың жартысынан астамында немесе 1 333 ауылда халықтың саны 200 адамнан аз (жалпы саны шамамен 115 мың адам). Министрлік бөлінетін қа­ражаттың экономикалық тиім­ді­лігін арттыру үшін мұндай ауыл­дарда «жергілікті бюджет есебінен суды тазарту кешендерін орна­туды» ұсынады.

Қалай болғанда, Қасым-Жо­март Тоқаев Қазақстан Президенті қызметіне ресми кірісу рәсіміндегі сөзінде ауылды дамытуға жеке назар аударды. Бұл реттегі ең бір өзекті мәселе – ауыл тұрғындарын ауызсумен қамту болып отыр. Осы міндетке ел басшылығының өзі енді баса мән береді. Өйткені бұл азаматтардың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасына ықпал ететін басты факторлардың бірі.


Елдос СЕНБАЙ